«Өткен күздiң өксiгi» топтамасынан ҚАРҒАЛАР

«Өткен күздiң өксiгi» топтамасынан  ҚАРҒАЛАР
жеке
блог

«Өткен күздiң өксiгi» топтамасынан
ҚАРҒАЛАР
Қарғалар үш жүз жыл ғұмыр кешедi, жетi патшалықтың жерiн басады. “Осы ғұмырыңда не көрдiң?” деп сұрағанда, боқтан басқа ештеңе көрмеген болып шығады-мыс.
Жадтағы бұрынғының әңгiмесi.

Қарқылдаңдар...
Ей, қарғалар,
Сирақтарыңды ұрайын!..
Тыныштықбек.

Кiнәламаңдаршы қара қарғаны,
Қарғамның бар ма жазығы?!.
Байбота.

Ұлық Ием, бұл қайғылы өлкеге,
Мынау өлi кереңдiкке тас тамған
Қарғаларды қарғысты
Жаудыртшы бiр аспаннан!..
Артюр Рембо.

“Қарғалардың жиылып алып “Алла-лап!” “ән” айтуы өткен 11-жылы елiмiздiң Қарағанды облысында орын алса, биыл Маңғыстау өлкесiнен көрiнiс беруде...”
БАҚ-тағы бүгiнгiнiң хабары.

Қарға деген азғын құс,
Жоқ ешқандай боқтан басқа қайғысы.
Үш жүз жасап бiтiрмеген мазмұнды iс,
Жаһандағы құс бiткеннiң байғұсы!..

Өзiң жайлы кеш, қарға,
Мен де ойлаушы ем дәл осындай жобада.
Кеше кешке теледидар қосқанда,
Үнiңдi естiп келдi тiлiм тобаға!

Жиылып ап, – тура жүрек тұсымнан,
“Алла-лап!” тұр кiлең қарға-қария.
Қадiрлеушi ед тек кептердi – мұсылман:
Хақты зiкiр қылады деп – жария!

“Жақсы” атанып көрмеп едiң iлкiден,
Дәрiптеген жаннан Хақты – кiм артық?! –
Кеше қарға ең – боқ пен зәрi мүңкiген,
Бүгiн Сенен Хақ Жұпары тұр аңқып!..

Өгiз, тауық, аң патшасы арыстан,
Ендi қарға дiнге кiрдi – “Алла-лап!”
Жеткенi ме – КҮТКЕН ХАБАР АЛЫСТАН,
Сiз не дейсiз, түн тұрғыны жарғанат?..

Қарғыс төккен қарға қайда төбеңде? –
Ауызында Алла жайлы ақ тулы ән!
Хақ тануда – қарға озыпты дегенге
Сенесiз бе – құс сұлтаны аққудан?!

Аққуың не – жер бетiнiң ардағы
Адам-қазақ көрсеттi ме жақсы үлгi?! –
“Жариялап мақтады, деп, Алланы!..” –
Соттадық қой Исматулла мақсымды!..

Қорада – өгiз, зiкiр еткен Алланы
Тауық – палау, торда – арыстан! – “Шүкiр” ет!..
Ал қаптаған кiл зiкiрхан-қарғаны
Қайтер екен бiздiң заңқор үкiмет?

“Үйреткенi аз болғандай кiсiге,
Зiкiрменен улапты, деп, қарғаны!..” –
Әдiл Сотым “сопылардың iсiне”
Тағы бiр “бап” тiркемесе болғаны!..

“Зiкiрхандар” қаптады, деп, көкке кiл!” –
“Пәтуасын” шығартып ап молдаға:
“Бұл – ширк!..” деп, мәлғұнсақал жетпегiр,
Оқ жаудырып жүрмес пе екен қарғама?!

Жан-жұлдызын қалтыратып түнгi ызғар,
Аңғал бабам неге ән салды “қарғам!” деп?!
Ал бүгiнгi сахналық “жұлдыздар”
Кiмдi, ненi армандап жүр “арман” деп?..

Құс азғыны қарға құрлы тобасын
Қамдамаған – Жаһанның ең байғұсы –
Бiздiң ағай әрлеп әлек “қорасын”,
Боқтан басқа жоқ ешқандай қайғысы!..

Қала, дала баттасып ап кiр-шаңға,
Еш үмiтсiз жатыр өлi қорым боп.
Құс қылшы, Алла, мейлi, қарға қылсаң да,
Жерде Сенi Еске Алуға орын жоқ!..

Шәр – аңсыған!
Қыр – қаңсыған!
Жаншыған!
Кiр малшыған Түндi түрер Таң қайда?! –
Нұр-Хабарды жеткiзу де Ғаршыдан,
Қарға, Сiздiң жазылыпты маңдайға!

Пенделердiң қара жүзi настанған
Ағарар ма жеткен кезде –
Ол Хабар?! –
ХАҚҚА ЗIКIР жаудыртшы бiр аспаннан,
Қара киiп қайғы ойлаған қарғалар!..

АЛЛА-ЖАР!!!
АЛЛА-ЖАР!!!
АЛЛА-ЖАР!!!