Мал мен бақ

Мал мен бақ
жеке
блог

Әлгінде ғана ат үстінде қоңқайып, өзінен басқа кісі жоқтай үзеңгісіне шіреніп келе жатқан Әлімбайдың көңілі су сепкендей басылды. Түрі тұнжырап, ақ сары беті талаурап  кетіпті.

Қатарлас келе жатқан серігінің бетіне жақамай бір қарады да  атын бір тебініп, шаба жөнелді.

Мұны күтпеген Ошың:

— Өй, қайтеді-ей мынау жын соққандай,-деді.

Әйтсе де Ошың мұның неге тыртыса қалғанын білетін еді.

…Әлімбай ауылдағы ең малды, дәулетті адам. Сонысын абырой көріп, өзгелерден артықпын деп ойлай ма әйтеу елдің бәріне ақыл айтқысы келіп, жұртқа  абыз болғысы келеді де тұрады. Мақтағанды, ақыл сұрағанды ұнататын. Алпысты алқымдаса да  мінезі шатақ, көңілінен шықпасаң  шарт ете түседі. Ондайда қолындағы сары қамшысын хром етігінің қонышына шарт еткізіп ұрып жібереді. Тіпті, алдынан көлденең шықсаң қамшымен де салып өтеді. Сырын білетін жұрт көп бетіне қарай бермейді. Ауылда тек осы Ошыңмен  ғана әмпәй. Бар  бұйымтай, шаруа осы Ошың арқылы шешіледі. Ошыңда Әлімбайдай мал, дүние мүлік жоқ. Құдай оған мал бітірмесе де аузына сөз, екі қолына темірден түйін түйетін  өнер берген. Алпыстан асса да қырықтағы жігіттей қайратты, ылғи ат үстінде жүреді. Елге сыйлы, сөзге шешен, бетің жүзің демей тура айтатын. Түсі суық, көздері қыранның көзіндей өткір, қоңқа  мұрынды, қызыл шырайлы,  бетке тік қарап сөйлейтін кісі. Бетіңе қарап сөйлегенде кез-келген адам жанарын жүзінен тайдырып әкетеді. Сірә, Әлімбай Ошыңның   осы бір бейнесінен жасқанатын болса керек.

Ошың мен Әлімбай  жоғарғы ауылдағы Әлімбайдың  жамағайын інісі Сәрсембайдың баласының  сүндет тойына  кетіп бара жатқан беті еді. Үстіне иін қандырып тіккен ала  құлын жарғақ киіп,  белін мүйіз сапты пышағымен  қыны бар  күміс белбеу буыныпты. Басында  пұшпақ тымақ, барқыт шалбар, хром етігін жылтыратып алыпты. Түріне бажайлай қараған Ошыңның көзі шағын қып өсірген шоқша сақалына көзі түсіп кетіп,  ішінен мырс етті. «Сыртынан көрген біреу болса  мынаны ауылдың абызы дер -ау»

Сәл үнсіздіктен соң Әлімбай баяғы әдетіне салып  мақтанғысы келіп:

— Мына кері қасқаны биыл тек аңға ғана мінсем бе?- деп отырмын,- деді

— Иә, жөнғой. Әлеке сіз барлық мініс аттарыңызды жеке-жеке мінсеңізші. Біреуін тойға, біреуін аңға, біреуін дәрет аларға шығарда дегендей…

Ошыңның бұл жауабына  қарқ етіп бір күлді де дереу күлкісін тия қойды. Біраздан соң бара жатқан ауыл туралы сұрады. Қанша жамағайын жақыны болса да ат ізін Әлімбай салмағалы жылдан асып еді.

— Осы Сәрсенбайда неше бала болды? деді.

— Алты баласы бар, төртінші ұлының сүндет тойына бара жатырмын   — деді Ошың.

Әлімбай бетін тыржитып:

Неменеге таптыра береді екен. Адам деген жағдайына қарау керекғой, мал дәулет жинап дегендей,- деді.

Ошың астындағы атының жалын бір сипады да:

— Ее, Әлеке мал-дәулет артыңды көгертер жан болмайдығой,- дей бергенде жалт қараған   Әлімбайдың талаурап кеткен  түрін көрді.

Құдай Әлімбайға мал мен дәулетті аямай берсе де шаңырағының түтінін тұтатар, ат ұстар тұяқ бермеп еді. Тек екі қызы ғана бар болатын. Екеуін ұзатып, құтты орынына қондырғасын артында қалар тұяғы жоғын ойлап, үйіндегі кемпірін таяқтайтынын Ошың жақсы білетін. Әлімбайдың алға түсіп, тұра шапқанын көріп «Бекер айттым, көңіліне келді -ау  » деді. Атына қамшы басып, қуып жетпек болып, артынша  өзін  тоқтатты. «Өзіғой қағынып , жамағайынын жамандап» деп өзіне басу айтты. Көз алдында қопаңдап шауып бара жатқан Әлімбайға сонда да аяушылықпен қарады. Кенет өзі көңілденіп кетті. Өзіне мал дәулет бітпесе де артында қалар ұрпағы  бар, өшпес түтіні бар  екенін мақтан тұттып, жаратқанға іштей рахметін айтып аспанға қарады. Сонау бұлттың үстінде қыран самғап барады екен.  Иә, Алла мен бақыттымын!!!