Интернетсіз өмір
жеке
блог

Интернетсіз өмір

Жыл мезгілдерінің төрт маусымына сай көшіп-қонып, әр қазаққа қастерлі дархан дала дәстүріне иық тіреген, сондай-ақ виртуалсыз өмірде күн кешіп жүрген біздің ата-бабамыздың бес күндік жалған аталатын дүниеде өткерген өмірін көз алдыңызға елестетіңізші? Байланыстың өлшемі жылдамдықпен өлшенбесе де, адами қатынастың қазіргіден көш ілгері тұрғанын бірден байқайсыз. Ал, сол қоғамның қайта жаңғырып, адамзат санасында қайтадан үстемдік құруы мүмкін бе? Таразы басына ҒАЛАМТОР ұғымы мен РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ терминін қатар ұштастырсақ, біз қай жағына өзіндік салмағымызды қоса аламыз? Ғаламторсыз өмірдегі қазақтың қоғамы неге қауқарлы? Интернетсіз өмір ғылым мен білімнің дамуына өз көлеңкесін түсіре ала ма? Сараптамалық мақаланың басты түйіткілі де – сол! Қош! Интернет ғасыры орнаған кезеңге дейінгі дәуірге көз жүгіртсек, олардың бәрінде шынайылық қағидасы үстемдік құрды деп айтуға тарихымызда дәйектемелер жетерлік. Жаһанданған жаңа медиасыз қоғам да өзіне сай толқыныстар мен тарихи бұрқасындарды жасады. Егемендіктің алғашқы таңы да қазаққа ғаламтор аса белең алмаған дәуірде өз шуағын шашқанымен, «ғаламторды демократияның нағыз қызған ортасы»,- деп пікір білдірушілер де жетерлік. Жаңа медиа – пікірталастар мен тұлға көзқарастарының айқасқан ашық алаңына айналғалы халықтық бітімге өз әсерін тигізіп, барлық ақпарат лезде ізденушіге қолжетімді қалыпқа түсіп отыр.Ол – уақыттың жемісі. Аталған образдар тозбайтын ақылдың кені – кітаптың оқылу аксиомасын құлдыратудың алғышартын жасаушы фактор бола ала ма? Әрине, қазіргі уақытта әлемдік статистикада ғаламтор қолданушыларының саны бейресми дерек бойынша 94% - ға жеткен. Асхат Еркінбайдың пікірі бойынша, «Ғаламтор – бүгінгі өмірдің боямасыз байнесі». Ал, бұл пікірге блогтық позицияның белді өкілі Қанат Әуесбай былайша пікір қосады: «Егер сонау заманда смартфон болса, жұртшылық аша таяққа керіліп тасталған өлімші халдегі Иса пайғамбармен "сұмдық-ай" дескен хэштег жазып, сэлфиге түсуге тайынбайтын еді. Егер кешегі жоңғар шапқыншылығы заманында фэйсбук болғанда жауыз жауынгер ауылды шауып, жүкті әйелдердің ішін жарған суреттері желіге көп жүктелсе "заман не боп барады" дейтін посттар қаптар еді. Егер ашаршылық, жұт заманында адам етін жеген суреттер фэйсбукке салына бастаса "Заман не боп барады" дейтін посттар қаптар еді. Егер кешегі Семей полигоны тұсында атом алапаты тиген құбыжықтар инстаграмға жүктеле бастаса "Заман не боп барадының" көкесі сонда болар еді. Егер кешегі дүниежүзілік соғыс заманында минадан аяғы жұлынып, миы шашырап жатқан сарбаз видеосы youtube-ке салына бастаса, "Ақырзаманның белгісі ме?" дейтін коммент жиі жазылып, көрілімі ең көп видеоға айналар еді. Егер кешегі...Қысқасы, бұдан шығар түйін: заман да адам да орнында. Ештеңе өзгерген жоқ. Адам табиғатындағы тағылық инстинкт бұрын да болған, қазір де бар. Сондықтан "бұрын бәрі басқаша еді, қазір бұлай болды" дейтін примитивті ойлаудан сақ болыңыздаршы...Ал желі жүйкеңізге тиетіндей соншалықты әлсіз болсаңыз, кеңесім: әлеуметтік желіге кірмей-ақ қойыңыз. Сонда ғана өмірдің қаншалық тыныш, бейбіт, зұлымдықсыз екенін байқап, өмірден разы кейіппен ләззат алып, бақыт құшағында елітесіз». Расында, әр дәуірдің өз заңдылықтары шері қатқан тарих беттеріне тек көмескіленіп барып жеткені дұрыс. Біз өмір сүргенге дейінгі дәуірдің өзі-ақ ғаламторлы өмір заңдылықтарын жатсынды. Қысқасы, қазіргі танымдағы демократия мен ғаламтор - егіз ұғым. Осы түсініктің аяcында біз де сараптамалық мақаланың түйінін зерттеушілік сауалнама нәтижесі арқылы қортындылап көрейік. Жалпы, әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің студенттерінен «Интернетсіз өмір адамзаттың дамуына өз көлеңкесін түсіре ала ма?» тақырыбында блиц-сауалнамалар алынған болатын. Жоғарыдағы аталған сұраққа студенттердің 89,1 %-ы «ИӘ» деп жауап берсе, 10,9%-ы «ЖОҚ» деп өз қарсылықтарын танытты. Қорытындылай келе, ғаламтор – қазіргі ақпарат пен саяси идеологияның қуатты қаруы. Ал, интернетсіз өмір – қазақ халқының бүгінге дейінгі кешкен күндерінің қайталанған бір нұсқасы болуы бек мүмкін. Ғаламтор мен Ғаламшар ұғымдарын шатастырып алмасақ болғаны...