Балалық шақтың дәмі...(Медовик)

Балалық шақтың дәмі...(Медовик)
жеке
блог

Ерте кезден-ақ бал славяндардың тәтті тағамдарымен қатар көптеген әлем асүйлерінде қолданылатын. Рим, Греция, Египт елдері балды ұнмен араластырып, әртүрлі тәтті нан жасаған. Олардың балды қосу себебі    - оның табиғи қасиеті. Сол қасиеті арқылы тәтті тағамға ерекше дәм берумен қатар қамырдың көтеріліп, піскен кезде жұмсақ болып шығуына кепілдік берген. Уақыт өте келе балды қамыр жасау үшін көптеген басқа ингредиенттер қоса бастады. Солай 12 ғасырда Германияда ең алғашқы балды торты жасалып, бүкіл әлемге тарады.

Балды торттың тарихы жайлы іздегенде, қызық бір оқиғаға тап болдым. Александр I-нің жұбайы Елизавета Алексеевна балды жақсы көрмейтін. Мұны оның барлық аспаздары білетін және тағамдарға балды мүлдем қоспайтын. Бір күні жаңа аспазшы жұмысқа алынады. Ол патшайымға өзінің керемет аспаздық өнерін көрсетпек болып, жаңа ешкім білмейтін өзінің балды тортын пісіріп береді. Әрине, ол патшайымның балды жақсы көрмейтінін білмейді. Бірақ Елизавета Алексеевнаға торттың керемет тіл үйірер дәмі, кремі қатты ұнап қалады. Ол торттың құрамындағы басты ингредиент бал екенін білсе де, ашуланбай, керісінше үрейі ұшқан аспазшыны марапаттады. Осылай бұл торт патшайымның ең сүйікті тәтті тағамына айналды.

Балалық шақтың дәмі... Біздің үйде балды торттың орны бөлек. Әр мерекелік бас қосулар балды тортсыз өтпейді. Қазіргі кезде бұл торттың көптеген алуан түрлі рецепттері бар. Әрқайсысы өзіндік дәмімен, жасалу жолымен ерекшеленеді. Сондықтан да осы блогымда біздің отбасымыз жасайтын рецептпен бөліскім келеді. Мен үшін осы рецептпен жасаған оңайырақ. 

Ингредиенттер

Қамыр:

  • Сары май – 200г
  • Қант – 200г
  • Бал – 2-3 ас қасық
  • Жұмыртқа – 3
  • Сода – 1 шәй қасық
  • Қопсытқыш (разрыхлитель) – пышақ ұшында
  • Ұн – 450-500г

 

Крем:

  • Майлылығы жоғары қаймақ – 250-350г
  • Қойылтылған сүт – 1 құты (200-250г)


Жасалуы

Ең алдымен қамырды жасаймыз. Ол үшін кәстрөлге сары майды және кантты салып, сулы жылытқышта (водяная баня) қант әбден ерігенше ұстаймыз. Кейін 2 ас қасық бал салып, тағы бір екі минуттай араластыра отыра отта ұстаймыз. Енді ішіне бір шәй қасық сода мен пышақ ұшында біраз қопсытқыш араластырып, бес минут қайнатамыз. Оған дейін 3 жұмыртқаны жеке ыдыста араластырып аламыз. Оны қайнап болған кәстрөлдегі сұйықтыққа құямыз. Біраз суытып алған соң ұнды аз-аздап араластыра отыра саламыз. Қамырымыз біраз қоймалжың күйде болып шығуы тиіс. Келесі қадам – қамрды пісіру. Ол үшін жеке ыдысқа күнбағыс майын құйып аламыз. Алдын ала духовканы қыздырып алу керек. Торт формасын алып, оған бір үлкен қасық қоймалжың қамырды 5-6 корж шығатындай етіп саламыз. Ас қасықты күнбағыс майына жалатып, қамырды қасық арқылы формаға жағамыз. Кейін 200градустағы дуxовкаға 5-8 минутқа саламыз. Осылай қалған корждарды жасап, бөлме температурасына дейін суытамыз.

 

Олар суығанша крем жасаймыз. Ол үшін қаймақ пен қойытылған сүтті араластырамыз. Крем дайын. Енді тортымызды құрастыруға болады. Ең үстіңгі коржды толықтай креммен жағып, устіне, жан-жағына ұсақ қылып үгітілген коржды себеміз. Тортты өздеріңіздің қалауларыңызбен әсемдеуге болады.

 

Астарыңыз дәмді болсын!