Мұхтар Шаханов «АҢЫЗ АДАМ» ба?

Мұхтар Шаханов «АҢЫЗ АДАМ» ба?
жеке
блог

Біреуге «аңыз адам екен» деп баға беру үшін алдымен «аңыз» сөзінің мағынасын түсініп алуымыз шарт секілді.

М.Әуезов: «Қазақ аңыздарының ертегілерден ерекшелігі сол - барлығы да тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме болып келеді. Кейін оларға қоспалар қосылады да, халық творчествосының ерекше бір саласын құрайды» деп бірден екі жанрдың жігін ашып алады. Бұл теорияға сүйенсек, аңыз адам деп – тарихта болған, ерекше еңбегімен халықтың сүйіспеншілігіне бөлену арқылы оның сүйікті кейіпкеріне айналған адамды айтсақ керек. Халық сүйікті кейіпкерінің есімін өзі-ақ аңызға айналдырып, өтірік-шыны аралас қызық оқиғалардың барлығын соған таңады.

Халық солай аңызға айналдырған тұлға қазақта көп-ақ... Ол тізім: Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов болып жалғасып кете береді...

Ал Мұхтар Шаханов аңыз адам ба? Осы сұрақ журналдың кезекті нөмірі Мұхаңа арналарда редакцияда талас-тартыс тудырды. Біріміз патриот ақынға журналымыздың бір нөмірі арналуы керек десек, тағы біріміз «көзі тірі адамды аңыз адам» деп неміз бар дестік. Әрине, соңғы шешімді бас редактор қабылдады, ақынды журналға шығаратын болдық. Бірақ сынның астында қалдық. Әсіресе, өздерін «аңыз адам» санайтын, үлкен тұлғаларымыз қарсылық білдірді. Көбінің әңгімесі «Мұхтардың жақсы ақын екендігіне дауымыз жоқ, бірақ...» деп басталады. Сонда Мұқағалидың атының аңызға айналуына жалғыз ақындығы, Шәмшінің тек композиторлығы, Баукеңнің батырлығы аздық ете ме?

Ақынның:

Иә, жастық шақ болған емес ешқашанда жарлы ұғым,

Аяу керек, жастық отын ерте өшіріп алғандардың барлығын!,

немесе:

Достық деген ізгіліктің алаңы,

Оған куә ғасырлар мен замандар.

Отанын да сатып кете алады,

Қиын шақта досын сатқан адамдар, – деген өлең жолдары оқырман жадында ұзаққа жатталып қалды емес пе? Ал Мұхаңның желтоқсандықтардың бағасын берудегі ерлігі, тілге жанашырлығы өз алдына бөлек әңгіме...

Қымбатты массагеттіктер! Сіздерше қалай? Мұхтар Шаханов – аңыз адам ба?