Тұтқынға түскен тағдырлар

Тұтқынға түскен тағдырлар
жеке
блог

Жаңа фильмдердің алдын ала көрсетіліміне бару тұрақты дағдыға айналды. Әдеттегідей, «Меломан-Афиша» компаниясының шақыртуымен өткен аптада “Star Cinema” кинотеатрының VIP залында белгілі ресейлік режиссер Резо Гигинеишвилидің «Заложники» фильмнің алдын ала көрсетіліміне бардым.

Сөздің шыны керек, көпшілік ресейлік фильмдерді көргенді ұната бермейді. Сол үшін менің біраз таныстарым бұл киноға баруға құлшылық танытпады. Өз басым, барғаныма еш өкінбеймін. Себебі, мұндай кино көруге тұрарлық.

Фильм 1983 жылы қараша айында болған жағдайды көрсетеді. Кеңес Одағының заңы бойынша азаматтар шетелге көп шыға бермейді. Көшіп кеткен жағдайда сатқын болып есептеледі. Шетелде өмір сүруді армандаған бір топ жастар қылмысқа барады. Грузия елінің белді қызметкерінің балалары Тбилиси-Батуми бағытындағы Ту-134А ұшағының экипажына шабуыл жасап, Түркия еліне көшуге бел буады. Алайда, ойлары жүзеге аспай қалады. Ұшақта үлкен дүрбелең басталады. Қылмыскерлер экипаж мүшелері мен өзге жолаушыларға оқ ата бастайды. Экипаж мүшелері де қарсы оқ атады. Нәтижесінде 2 экипаж мүшесі, бортсерік, 2 жолаушы, 2 қылмыскер қайтыс болады, 12 адам жарақат алады. Ал басқа қылмыскерлер сот шешімі бойынша ату жазасына кесіледі. Араларындағы жалғыз қыз бала 15 жылға сотталады. 1991 жылы амнистия бойынша абақтыдан ерте босатылып, шетелге ұшып кетеді. Өкінішке орай, ату жазасына кесілген қылмыскерлердің қайда жерленгені жайлы әлі күнге дейін белгісіз. Бейіттерінің қайда орналасқандығынан ата-аналары мен жақын туыстары хабарсыз.

Фильмді түсіру үшін режиссер 7 жыл бойы дайындалған. Ол қылмыскерлердің ата-аналарымен, достарымен, бауырларымен кездесіп, олар жайлы ақпарат жинастырған. Қылмыскерлердің түсініктемелерін оқып, сотқа,тергеуге қатысты барлық құжаттарды қарастырған. Сондай-ақ, сол ұшақтың жолаушылары мен экипаж мүшелерімен де кездескен. Осы ақпараттардың негізінде «Заложники» фильмін түсірді.

Бұл фильм алғаш рет биылғы Берлин кинофестивалінде көрсетілді. Режиссер фильмде болған жағдайды өте жақсы көрсеткен. Ол қылмыскерлердің дайындығы, олардың психикалық жай-күйі жайлы үлкен зерттеу жүргізе білген. Фильмде әрбір кейіпкердің өз таңдауы, тағдыры, өмірге деген көзқарасы бар. Көрермен соның арқасында өзі кімнің тарапында екенін өзі таңдайды.

Ұшаққа шабуыл жасаған жастар

Өз басым, 1983 жылдың 17 қарашасында болған жағдайды білмеген екен. «Заложники» көп дүниеге басқаша қарауды үйретті. Үлкен әсер қалдырды. Фильмнен шыққан соң, сол оқиғаға байланысты барлық деректерді қарап шықтым, режиссердің осы фильмге қатысты айтқан сұхбаттарын тыңдадым, сол оқиғадан аман-есен қалған куәгерлердің де әңгімесін оқыдым. Бір түйгенім, мұндай кино керек-ақ. Міндетті түрде көріңіздер!