Арманыма куәгерсің, Массагет!
жеке
блог

Арманыма куәгерсің, Массагет!

Блог жазбағалы екі жыл өтіпті. Жалпы, Массагет.кз сайты 7-сыныптан бері сүйікті сайтым. Жасөспірім шақта көптеген дүниелерге қызығушылығым болды. Осындай сәтте Массагеттен өзіме көптеген қажетті материалдар табушы едім. Бұл сайт менің тұлға болып қалыптасуыма өз үлестерін қосты. Мен әлі де сіздердің мақалаларыңбен сусындап келемін.

"Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауында әр бала өз арманын, мақсатын жазып, соны орындауға үлкен күш салатын. Солардың бірі - мен едім. "Арманым - "Алтын белгі" иегері атану, ата-анамның үмітін ақтау" деп блог жазғаным есімде. Сонда: "Осыдан арманыма жетсем, күштілеп бір блог жазармын",-деп ойлаушы едім. Шүкір, ол мақсатыма қол жеткіздім. Одан кейін Еуразия Ұлттық университетінің "Шетел тілі: екі шетел тілі" мамандығына оқуға түстім.

Тағы бір жаңалығым, байқаудан кейін "Массагеттік достар" тобын құрдық. Әлеуметтік желіде күнделікті жаңалықтарымызбен бөлісіп, әңгіме-дүкен құрамыз.Тіпті, біразымыз кездесіп үлгердік.  Өз басым, Сағыныш Тасболатпен, Зелимхан Жолдасовпен, Гүлдәрі Құрманбековамен кездестім. Алдағы уақытта барлығымыздың басымызды қосу ойда бар. 

Қазір бұл достарымның көпшілігі студент атанды. Олардың да өмірлік мақсаттарына бір табан жақындауына Массагеттің септігі тиді деп ойлаймын. Түсінгенім, адам жазба жазу арқылы ішкі жан-дүниесін жарыққа шығарады. Өзінің кім екенін, өзіне қандай дүние қажет екенін түсінеді. Ал блог жазу үшін іздену керек, еңбектену керек. Бұл тіптен жақсы.

P.S Мен Массагетке қайтып оралдым. Тұрақты блогер болып, қызықты ойларыммен бөлісуге асығатын боламын. Бұл мен үшін үлкен мотивация болары анық.