Муза деген кім?

Муза деген кім?
жеке
блог

Шығармашылық адамдар үшін «муза» сөзі етене жақын таныс. Себебі олардан көпшілік «музаң кім?» деп сұрайды. Олардың дені «сұлулық», «махаббат», «бойжеткен», «табиғат» деген сынды дүниелермен жауап береді. Ал кейбірі тіпті әлемде жоқ белгісіз түстер мен геометриялық құбылыстарды айтады. Бұл ендігі әр шығармашылық тұлғаның еркіндегі нәрсе.

Ұзақ уақыт бойы «муза» сөзіне толыққанды жауап таба алмай келдім. Бірақ тапқан секілдімін. Муза – белгілі бір зат, көзге көрінбейтін құбылыс не ерекше қасиет емес, ол адамның жан дүниесінің тыныштық тапқан кездегі ләззат ала алатын ішкі жан дүниесінің көрінісі. Егер адам өз музасын табар болса, ол оның жолында бәріне баруға дайын. Әгараки қыз болатын болса, оның үйленгеніне, оның отбасылық өміріне де қарамайды. Тек сырттай бақылап, сырттай энергия алып жүре береді. Бұл нағыз фанатизмнің бір баламасы секілді. Тек фанатизм бөлек әңгіме.

Музамды таптым! Иә оны 24 жыл іздедім деп айтпасам да, тағдыр аяқ асты көрсетті. Сол музаның арқасында ненің не, кімнің кім екенін ұмытып, жан тыныштығымды таба алдым. Ең қызығы менің музам қол жетпес арман емес те шығар, бірақ тағдыры ендігі шешіліп қойған ару. Бірақ маған оның мендік болып кеткені маңызды емес, маған оның бар болғаны жетеді. Қызық  ә!

Тағдыр музға өзі кезіктірді. Өзі қайтып алары да анық. Бірақ қашан аларын білмеймін. Оған дейін қасірет пен қасиет, сезім мен тауқымет араласқан күндерді бастан кешерімді сеземін. Ал ақын үшін бұл сезімдерді қатар кешу, олармен арпалысу, сезіну, ләззат алу, тоғыз ай толғатып, босанған ана секілді, өзін жеңіл ұстағанмен бірдей.

Музаның арқасында мойындамайтын дүниені мойындап, сұлулық деп жүрген дүниенің бәрінен баз кештім. Музаның арқасында мен өзімнің кім екенімді сезіне бастадым. Музаның арқасында... айта берсек сөз таусылмас. Бірақ бір нәрсені айта кету керек, муза арқылы мен сырттай ғана ғашық болып, жақсы көрудің қандай керемет сезім екенін бірінші рет сезіндім!

Мен музамды тапқаным үшін бақыттымын. Ал музам мені тапқаны үшін тарихта қалатынын біле ме екен...?