Әкеге сағыныш

Әкеге сағыныш
жеке
блог

"Өмір" осынау төрт әріп сөздің астарында қаншама мән- мағына жатыр десеңізші?! Өмірді үлкен қайық деп елестетсек, дұрыс бағытқа жету үшін желкенді де дұрыс қозғалтуымыз қажет болар еді. Сол өмір желкенін дұрыс бағытқа сілтеуді үйреткен бар асылым, жанашырым бір өзіңсің -жан әкешім!

   Әке! Әке! Әке! Айқайласам да жүректен шыққан жалынды сөзімді естір емесің. Махаббатымды, мейірімімді, бар сезімімді бір өзіңе жеткізгім келеді. Бірақ, сен жоқсың.  Асқар таулардан, биік белестерден, ағынды өзендерден іздесем де енді сені таба алмаймын. Себебі, сені бұл өмірден жоғалтып алдым. Себебі маған сенен де көктегі бұлт жақын. Менен неліктен тым алысқа кеттің екен, жан әкешім!

     Сен өмірден өткелі жүзімізден күлкі кетті.Жүзімізді жас пен қайғы- мұң шалды.  Анашымның көзінде мөлтілдеген жас үнемі біздің жүрегімізге оқ болып қадалатын. Сен кеткелі айналамыздағы адамдар да өзгерді. "Ой, мына бейшараларды қара",- деп біреулері сынай қараса, енді біреулері:"-Байқұстар -ай артында төрт бірдей баласы қалды, енді күндері не болмақ деп,- жанашырлық танытып жатыр. Сен кеткелі елің, халқын, жұртын азаматтай бауырымыз еді деп,- сағынып та жатыр. Әкешім неге бізді ерте тастап кетіп қалдың екен. Сені қатты сағынып жүрмін. Бар ауыртпалықты анам екеумізге жүктеп кеткеніңіз қалай? Күлімдеп тұратын көздеріңізді, ел-жұртым деп аңқылдап тұрған ақкөңіл кездеріңізді  сағындым! Кіші демей үлкен демей ешқайсысының көңілін қалдырмаған "Ерлік" десе, ер тұлғалы, нар тұлғалы азамат едіңіз. Жақсыны жер қоймайды демекші, Аллаға да жақсы адам керек болған шығар деп өз-өзімізді әлі күнге жұбатудамыз.

   Әкешім  кейде біз отырып өмірде болмайтын, тіпті Алланын да құдіреті жетпейтін нәрсені қиялдаймыз, армандаймыз. Сенің қайта тіріліп, үйімізге қара шалбар, ақ жейдемен, қолыңда ұстаған домбыраңмен, баяныңмен келген күндеріңді арман етеміз және бізді құшағыңа басып тұрып, "Ой неге жылап жатсыңдар, мен жұмыстан келдім, елімнің жағдайын жасап жүрмін",-деген сөздеріңді естігіміз келеді. Бірақ бұл мүмкін емес жағдай екені қайта есімізге түсіп, көңілімізді кірбің басады. 

   Әкешім, мен бұл азапқа шыдай аламын. Бірақ анашым мен іні- сіңілдерімнің қиналғанын көргенде жүрегім жылап қоя береді. Сен жоқсын, Мен қалай олардың жүрегінің жарасын жаза аламын? Мен қалай сенің орнынды баса аламын? Осы сұрақтарға жауап іздеп таба алмадым. Бар білерім сені қатты сағындым. Әкешім, алтыным, бар асылым, жүрегім , махаббатым, шапағатым, асқар тауым, қорғанышым! Өзіңді аңсап сағынышымды баса алмадым!