ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ….....

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ….....
жеке
блог

 

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ….....

 

Дінмұхамед Қонаев қоғам қайраткері 

 

Қонаев, Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы (1912—1993) — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері.
Алматы қаласында, қызметкерлердің отбасында өмірге келген. Орта мектепті бітіргенннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Мәскеу Түсті металл алтын институтына оқуға жібереді. Институтты ойдағыдай бітіріп, тау кен инженері мамандығын алған Д.Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болып істейді.
Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942—52 жж. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау кен ісі саласының ірі ғалымы Д.Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Ғылыми ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылады.
Д.Қонаев 1955—60 және 1962—64 жж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960—62 және 1964—86 жж. Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды.

ХРУЩЕВПЕН КIМ ҮШIН АЙҚАСТЫ?..

Асқар ТОҚПАНОВ,

қоғам қайраткерi, театр режиссерi, профессор (Димекеңдi жерлегеннен кейiн берiлген аста сөйлеген сөзi):

–             Ей, шерменделер! Тек­сiз­­дiң сөзiн сөйлемеңдер!

Ей, Ерiк Асанбаев, үлкен қызметтегi азаматымыз, ұлы адам өмiрден өткенiн, ұлы тұлғаның көз жұмғанын қалайша сезiнбейсiң?! Қазақ үшiн қаншама қызмет жасады бұл адам!

Ей, тым болмаса өлгенде жақсы сөздерiңдi аямасаңдаршы, жоқ, әлде ауыздарың қиса­йып кете ме...

Бiлмесеңдер, мен айтайын, Солтүстiктi орыстар басып бара жатқанда тоқтатқан кiм? Қонаев! Маңғыстаудың мұнайын Түрiк­менстанға қосудан арашалап қалған кiм? Қонаев! Хрущевпен сол үшiн қанша айқасты.

Ал ендi Юсупов дейтiн ұйғыр аз ғана уақыт ел басқарып едi, Оңтүстiк өңiрiңдi өзбекке сатып жiбердi. Соны өзiмiзге қайтар­ған Димаш Ахметұлы едi ғой...

Ей, шерменделер, мұны қа­лай ғана ұмытуға болады?! Мен айтарымды айттым, ал ендi сөйлей берiңдер!

 

Серiкболсын ӘБДIЛДИН, ғалым, саясаткер, қоғам қайраткерi:

ҚОНАЕВТЫҢ ТҰСЫНДА...

– Мемлекет қайраткерi ретiнде баға берер болсам, Д.Қонаев – қазақ тарихында төрден орын алатын тұлға. Неге? Өткенге аз-маз сараптама жасап көрелiк. Дiнмұхамед Қонаев кеңес заманында ширек ғасыр бойы Қазақстанды басқарған уақытта ел мәдениетi мен экономикасының деңгейi өте жоғары болды. Бiз жемқорлықтың емес, еңбек пен жауапкершiлiктiң жар­қын үлгiсi ретiнде одақтас республикалардың алды болдық. Дүниеге ұрпақ әкелу көрсеткiшi жағынан да одақтас республикалардың iшiнде алдыңғы орынды алатынбыз. Ауру-сырқау, өлiм-жiтiм саны басқалармен салыстырғанда аз болды. Ол кездерi азаматтардың өмiр сүру жасы орта есеппен алғанда жетпiстен асатын. Өкiнiшке қарай, қазiр ол жастан төмен түсiп кеттiк...

Қонаев еткен ұшан-теңiз еңбек арқылы бүгiнде талай қазақтар жан сақтап жүр. Қонаевтың тұсындағы дәрежеге бүгiнде еңбектеп жете алмай келемiз. Кеңшардан 200 шақырым қашықтықта отырған малшылар қыстауына электр желiсiн тартуға Қонаевтың басшылығымен өзiм де талай араласқан едiм...

 

 

 

Жандарбек ТОҚСАБАҰЛЫ, журналист:

КӨРIПКЕЛДIҢ АЙТҚАНЫ АЙНА-ҚАТЕСIЗ КЕЛIПТI

­– Менiң әкем Тоқсаба Жаданұлы Д.А.Қонаевтың ата-бабаларының шежiресiн, арғы-бергi тарихын, әкесiнiң, анасының өнiп-өскен ортасын, нағашы жұртын өте жетiк бiлушi едi..

Д.А.Қонаевтың әкесi Мең­дi­­ахмет өте бақуатты кiсi болған. Ауылда мал, Алматыда ләпке (сауда дүкенi) ұстаған. Тек Алматыда ғана емес, сонымен бiрге Меңдiахметтiң Талғарда да, Қаскелеңде де ләп­келерi болған. Димаш 12 жасқа толған кезде Меңдiахмет баласын өзiмен бiрге базарға алып келiптi. Алматының базарына. “Сауданың ебiн, дүниенiң жөнiн ерте бастан бiле берсiн” дегенi ғой. Базарда аты бүкiл Жетi­суға мәлiм Түймебай тәуiп те жүр екен. Түймебайдың тәуiп­тi­гiмен (емшiлiгiмен) қоса кө­рiп­келдiгi де бар екен. Түймебайдың арғы тегi – қыр­ғыз. Жаныстың (Тал­ғардың жаныстары) iшiне сiңген қырғыз. Сол Түймебай тәуiп Меңдiахметтi оңаша шығарып алып былай дептi:

– Балаңды базарға бекер алып келгенсiң. Тiл-көз деген болады... Балаңның орны базар емес, тiрi болса бұл балаң түбi ел басқарады. Алдына шығып қарадым, маңдайы жарқырап тұр екен. Артына шығып қарадым, желкесi де алтындай жарқырап, көзiмдi қарықтырды. Ел басқаратын адамның осылай алды-арты бiрдей алтындай жарқырайды, Меңдi­ахмет! Балаңды күт, көзден таса қылма, тәрбиеле, оқыт! “Түймебай текке айтпайды” дегендi естiген шығарсың, Меңдi­ахмет? Естiсең, менiң осы сөзiмдi жадыңа берiк тұт!

“Ашаршылық заманда (1932 жылы) кiм өз баласын қасынан ұзатсын?! Соған қарамастан, Меңдiахмет 1932 жылы Димаштың Мәскеуге оқуға (Мәскеу­дегi Түстi металдар институтына) кетуiне еш қарсы болған жоқ. Түймебай тәуiптiң “балаңды оқыт!” дегенiн есiнде мықтап ұстаса керек!” деп отырушы едi әкем жарықтық...

 

Ерғали САҒАТ, публицист, жазушы:

КIШIПЕЙIЛДIЛIК ДЕП ОСЫНЫ АЙТ!

– Ертеректе республикамызға кезектi бiр келген сапарында Леонид Ильич Брежнев Димекеңнiң үйiнде қонақ болып, дәм татқан. Сонда үйiнiң тарлығына қарап көңiлi толмайды да “саған мына тар үйде тұру жараспайды” дейдi. Үлкен мемлекет басшысының аузынан шыққан сөз. Ар жағы белгiлi ендi.

Содан тиiстi құрылыс ұйымдарының басшылары үй салатын жер iздегенде Мұхтар Әуезов мұражайы жанынан жақын биiктеу жерге тоқталыпты. Сонда Димекең: “Мына киелi мекенжай ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтiң тұрған үйi. Қазiр оның мұражайы iстеп тұр. “Теңiз жанынан құдық қазба” деген мәтел бар. Мен Әуезовпен қатар тұрған адам емеспiн. Ол – әлемге әйгiлi адам. Мен болсам, көп басшылардың бiрiмiн. Мiне, сондықтан бұл үйден төмендеу жерден орын iздегендерiң жөн болар”, – дептi.

Неткен кiшiпейiлдiлiк!

Неткен қарапайымдылық!

Ендiгi жаңа қазақтар болса, жаңа қоғамнан өнеге алғандар болса, дөкейлерiмен қатар жарысып барып, жарыса қатар тасып барып, оқ бойы озып барып үй салар едi. Бұл да мәңгүрттену­дiң сорақы бiр түрi ме? Қараңызшы, өзге қалаларды айтпай-ақ, бiр Алматының өзiнде сүрiлген кейбiр көне қорымдардың үстiнде қанша коттедждер тұр, көк тiреген қанша көп қабатты заңғар үйлер тұр. Сондайлардың “ақылымен” жүзеге асқан.

Бiр түрлi, соларға қараған сайын қорқынышты үрей келедi...

Бүгiнгi кiсiлiктiң өлшемi қаншалықты төмендеген деп ойға батасың...

Өмiрiнiң соңғы жылдарындағы Димекеңнiң визиткасын көргендер таңғалысатын. Өйткенi онда: “Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев, тау-кен инженерi” деп қана жазылған. Қараңызшы, неткен әдептiлiк. Қарапайымдылықтың ұлы үлгiсi емес пе?! Өзге бiреулер болса бұрынғы қызметтерiн тiзiп, түгел жазып көрсетер ме едi...

Димекеңнiң жан әлемiне үңiлген сайын осындай жаны жарық жанның болмысына тән ғажайып та қарапайым кiсi қызығарлық қасиеттерi айқындалып, ашыла түседi.

Суретте:

Ғабит Мүсiреповке орден тапсыру сәтi.

 

ДИМАШ АҒА