Мағжан ақын жырлап өткен Ер Түріктің бесігі Түркістан қаласына жолыңыз түсіп, аты аңызға айналған Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне бара қалған болсаңыз, ғимараттың маңдай алды жағының біршама жерінің бітпей қалғандығын байқаған боларсыз. Ал сіз мұның сыры неде екендігін бір сәт ойланып көрдіңіз бе?
Жақында осы туралы бір аңыз естіп таң-тамаша қалғаным бар еді, бүгін сол білгеніммен бөліскім келді.
"Ақсақ Темір кесенені салдыруға дүниенің шар тарабынан ең үздік шеберлерді алдырған ғой. Солардың ішінде бәрінен өнері асқан бір жігіт болыпты. Оның үстіне әлгі пақыр көз тоймастай сұлу, күміс көмей әнші екен.
Күнде ел аяғы саябырлап, ымырт үйіріле, өрнекші жігіт салынып жатқан кесененің бір биігіне отырып алып, әй кеп әнге салады екен. Мұң, сағыныш,арман-аңсар толы сұлу нақысты әнге жүрегі шымырлап, елтіп тыңдамаған жан болмаған көрінеді.
Әмір Темірдің балдызы -Мәрзия сұлу да күнде кешқұрым жібек шатырынан шығып, әнші жігітің тамылжыған сиқырлы әуеніне үздіге құлақ тосады екен.
Әмірдің өрнекші-нақысшыларға деген ерекше ықыласынң белгісі ретінде оларға сусынды Мәрзия апарып тұрған деседі. Сөйітіп жүріп , қыз бен жігіт бір-біріне құмартып қалған ғой. Бір жолы құштарлық жеңген жігіт патша балдызының күндей жүзін көлеңкелеп тұрған алтындаған жұқа пердесін сәл серпіп ашыпты. Мұны көріп тұрған ғимаратшылар зәрелері ұшып, шу ете түседі. Шошымай қайтсін, құлақ кесті малайдың мұнысы шектен шыққан әумесерлік қылық қана емес, кешірілмес күнә еді. Бірақ Мәрзия сұлу жігітке күлімсірей көз тастап, бұрала басып кете барады. Ал өз ісінің байыбына енді барған өрнекші бейбақ лезде қара терге шомып, дір-дір етіп, жан-жағына жәрдем күткендей алақтап қарай береді. Ақыры дүрліккен жұртпен бірге қашып кетпек болады. Бірақ патшаның қырағы күзеті тыпыр еткізсін бе: бәрін байлап-матап,зынданға әкеліп салады.
Мұны естіген Мәрзия өзінің жүрек қалауы үшін жан салып күресе алмаған, өлімнен де қаймықпаған қыз құштарлығын бағлай білмеген, қара басын алып қашқан табансыздығына налып хат жазып, зынданға тастайды. "Әттең-ай, - деп аяқтайды хатын ашынған ару. - Кесененің бітпей қалғаны болмаса, енді сенің жағдайың не болады деп өкінбеймін. Жүрегінде ерлігі жоқ адамның махаббаты да тұрақсыз".
Шынында да ерлік жоқ жерде махаббатта жоқ, басқа да жоқ! Сын сағатта ғашық жігіттің бойынан ерлік табылмай қалып еді, оның асқан шеберлігінің де, керемет сұлулығының да, ғаламат әншілігінің де құны көк тиын боп шыға келді. Оқиға өмірде болған ба, болмаған ба, ол бір Аллаға аян, қалай болғанда да аңыздың да айтқысы келгені осы секілді...
Бізге әлеуметтік желілерде де қосыл
Instagram Вконтакте Facebook Twitter