Ж.Аймауытовтың « Ақбілек» романындағы кейіпкердің өмір үшін күресі

Ж.Аймауытовтың  « Ақбілек»  романындағы  кейіпкердің өмір үшін  күресі
жеке
блог

Азамат  соғысының  аласапыран кезеңі  бейнеленген  «Ақбілек» романының  басты  кейіпкерінің өмір үшін  күресі тым белсенді  болды. Еркелеп өскен  қазақтың сұлу  қызы  бойжете бастаған  шағында  өз туысының  ұстап беруімен  қапыда  ақ  солдаттарының  қолына   түседі. Одан қара мұрт офицерінің  әйелі  болып,  біраз  күн  не  тілін ,не түсін танымайтын ортада  қор болып өмір сүреді. Одан қала берді,  ақтардан  әрең  құтылып,  оқтан  опат болмай , айдалада қасқырларға  жем  болмай ,  Қыдыр  қолдап, жолда  ел  кезіп жүретін  дуана шалға  кездесуі,  оның  бұған  мейрімі  түсіп,  күн  демей ,түн демей  жүріп отырып,  еліне алып  келуі де  Ақбілектің  бақытына орай  болған жағдай еді, оның  бостандыққа  қолы жетеді.  Бірақ,  елге келген соң естіген  апасының  өлімі, бұл дегенде шығар жаны  бөлек  болған  туған  әкесінің  бұдан  жалтаруы,  атастырылып  қойған  күйеужігітінің  айнуы, орысты  «кәпір» санайтын  халық  бұны «кәпірмен шатасқан, соның  қолына түсіп, соған  әйел болған»  деген  көзқарасы, елдің  бұны көргенде  үрке қарауы Ақбілекті  қажытып  бітеді,  жазықсыз  жаны ауырып,  басқа салғанына амалсыз төзеді. Бірақ, мұндай сынақтарға  морт сынбаған  Ақбілек  барлығын  көтере білген болатын.  Оның  өмір үшін  күресі  мықты  болды.

         Романның  басқа  да кейіпкерлері де заманнан  қабаттаса  өзгеріске ілеседі, қоғамнан  өзіне лайық орын іздейді,  олардың алғы  шегінде Ақбілек  те  болатын.

       Ақбілек –білім жолына ұмтылып,азаматтық құқыққа ие  болған  алғашқы  қазақ әйелінің  бейнесі. Ақбілектің  жары  Балташ  екеуінің  қоғамда болып жатқан  жағдайларды  бірге талқылауы, бір–бірінің  көрген  –білгендерімен  бөлісуі, үнемі  қандай  жағдай  болғанда да екеуінің  бірге  күйініп,  бірге сүйінуі, біріне –бірі  жұмыс  жағынан болсын, үй  шаруасынан болсын көмектесіп, екі  бөлек  болса да бір бүтін,  бір  адамдай болып кетуін автор Ақбілектің басына төнген қара бұлтының жаңа заманның арқасында сейілгенімен түсіндіреді.

       Романның негізгі кейіпкері Ақбілек  болғанымен, автор  оның  өскен ортасы, айналасы  арқылы  ол  өмір сүрген  кезеңнің шындығын  жан –жақты суреттеп, ашып  көрсетеді. Ақбілектің  қалаға барып, оқып, жаңаша дамуы, өмірін  жақсы  жаққа  өзгертіп,  өз бақытын, өз жолын табуы,  осылайша  өмірдің қиындығына  берілмей, жақсы  өмірдің  жолында  күресуі –сол замандағы қазақ  әйелінің ,қыздарының жаңа  өмірге деген жолын бейнелейді.