БЕЛУ-ОРИЗОНТИДЕГІ МАСҚАРАҒА ҮШ ЖЫЛ ТОЛДЫ
жеке
блог

БЕЛУ-ОРИЗОНТИДЕГІ МАСҚАРАҒА ҮШ ЖЫЛ ТОЛДЫ

2014 жылғы Әлем Чемпионатының жартылай финалында Бразилия футболшылары тарихта болмаған масқараға ұшырап, Германиядан 1:7 есебімен жеңіліп қалды. Бұл кездесуде Әлемдік футболдың бірнеше рекорды жаңарды. Ең әуелі – неміс Мирослав Клозе өзінің ӘЧ-дағы 16-шы голын соғып, тарихтағы мергендердің бәрінен озды (бұған дейінгі рекордшы – Рональдо өзінің рекордының бұзылғанына сол стадионда телекомментаторлық жасап отырып куә болды).

Сосын, Германияның Әлем Чемпионаттарында соққан голдарының саны 223-ке жетіп, Бразилияны басып озды (олардікі – 221 гол).

Әлем Чемпионаттарындағы бір жақтың тарапынан соғылған ең жылдам бес гол да осы матчта тіркелді (18 минут ішінде бес доп).

Томас Мюллер Германия құрамасының тарихтағы 2000-шы голын соқты (11-минутта).

Тони Кроос 69 секундтың ішінде екі доп соқты. Мұндай жылдамдықпен дубль жасау да өзіндік рекорд.

Германия ӘЧ тарихында сегізінші рет финалға жолдама алды. Мұндай көрсеткішпен олардан басқа ешкім де мақтана алмайды.

Бұл нәтиже жартылай финалдар тарихындағы ең ірі жеңіс немесе ең ірі жеңіліс. Сондай-ақ Бразилияның 38 жылдан бергі ірі турнирлердегі өз алаңында алғаш жеңілуі. Бұл тұрғыдағы жеңіліссіз матчтар сериясы 62-ге жеткен.

Бұл жеңілістің себептерін өзімше іздемек болып, мен кейін бұл матчты бірнеше рет бастан-аяқ тамашалап шықтым. Немістер тістерін қайрап шықты ма, әлде сол күні шынымен бабында болды ма, асықтары алшысынан түсе берді. Шынын айтсам, Бразилия құрамасы былтырғы турнирде ойсырай жеңілсе де аса әлсіз клуб бола қойған жоқ. Себебі, әлсіз ұжым ешқашан да жартылай финалға дейін жете алмайды. Тек негізгі орындаушылар сол күні алаңға шыға алмағандықтан да (мәселен, Неймар, Тиагу Силва, т.б) осындай сәтсіздікке ұшыраған болар. Сосын, оларды 23-29 минуттарда немістердің топырлатып соғып тастаған голдары есеңгіретіп кетті де, сол шашырағаннан үзіліске дейін жинала алмады. Үзілістен кейін де алаң иелері бірнеше дүркін қауіпті соққы жасады, тек Оскардың соққысы ғана соңғы минуттардың бірінде голға айналды...

Жалпы алғанда, бұл Чемпионатта немістерге тең келе қоятын құраманың өзі жоқ еді. Соны бағамдай алмаған Сколаридің де бұл жеңіліске «қосқан» үлесі көп. Доптан сәт сайын айырылып жататын Фредті ертерек алмастырып тастау керек пе еді... Халктың да бұл матчта көрсеткені шамалы болды (екі көріністің бірінде әлжуаз баладай жығылып құлай берді), қорғаныс шебі де тым ашық-шашық қалды («тасқамал қорғаныс» дегеннің өзі бразилиялықтардың табиғатында жоқ нәрсе, олар көбіне адуынды шабуылдарымен жеңіп кетіп отырған). «Біз қарсыластарымызға қалағанымызша гол соға аламыз, ал олар бізге мүмкіндігінше ғана соға алады» деп бразилиялықтар айтқан қанатты сөз бұл жолы керісінше жұмыс істеді.