Бейтаныс аруға хат
жеке
блог

Бейтаныс аруға хат

Бұл хатты қалай бастарымды білмеймін. Бірақ белгісіз біра аруға хат жазғым келіп отыр. Бәлкім менің бұл хатым өз иесіне жетпеуі де мүмкін, білем. Соны біле тұра хатты жазуға тура келіп тұр. Іште жатқан толқыныс ішті жарып барады.  Неге дәл ару деп отырған боларсыз. Себебі оның барына, менімен сырласып сөйлесеріне сенімдімін. Ой өмірде жүзеге асатын құбылыс екеніне де сенемін.

Аруым!

Мен жалғызбын. Жалпы шығармашылық адамдар соның ішінде ақындық ұғымды жатырда санасына сіңіріп өскен, туғаннан ерекше жүрек иесі болып жаратылған адам жалғыздық машақатын көреді. Бұл оның екі өмірдегі жазасы. Бәлкім жалғыздық жақсы да шығар.

Жалғыздық үлкен ойлардың, идеялардың, бітпейтін армандардың уақыты. Жалғыздық ең сүйкімді әрі ең қорқыншты сәт. Жалғыз қараңғыда жүру, жалғыз үйде қалу бұл ештеңе емес екен. Өзімен іштей жалғыз қалу бұл нағыз үрей. Нағыз қорқыныш. Мен сені іздеп жүрмін. Сенің маған сезімің де, махаббатың да керек емес. Жай ғана бар екеніңді сезіну, сенімен сырласу мен үшін үлкен арман. Әлде армандауға келмес, мақсат.

Аз ғана ғұмыр берілсе соның ең соңғы сәтіне дейін өзім елестетіп көрмеген, ойыма кірмеген аруды, яғни сені көргім келеді. Көріп барып өлгім келеді. Бәлкім осы дүниені мені өмір сүруге жетелейтін болар. Сенің шашың, көзің, өзің де маған бейтаныс. Тіпті ойлап көрмеппін. Тек бар екеніңді білем. Бәлкім пері де боларсың, бәлкім жоқсың, бәлкім адамсың. Не де болса барсың, бастысы осы...

Саған бүгін жалғыздық туралы айтқым келіп отыр.

Жалғыз қалып, өзіңмен-өзің іштей мұңдасқан кезде не істейсің? Жаныңа жақын адамдар туралы ой келе ме әлде ештеңе ойламастан ғаламшарды аралап, кеңістікке шығасың ба? Әрине, менің бұл хатым қиялға берілуі мүмкін. Бірақ қиялдау – өмір сүру екенін білген жөн.

Жалғыз қалудан қорқасың ба? Жалғыздық деген ұғымды қалай сипаттай берер едің? Қызық... бұл сұрақтарға жауапты алмауым да мүмкін ғой. Бірақ жазып отырмын. Ендеше жазғысып отырған тағдыр. Тағдырмы сенем. Ол сені менің алдыма алып келді.

Көшеде жалғыз жүріп келем. Тобыр. Қаптаған адам. Бәрінің көңілінде бір-бір алаң бар. Өтірік күледі. Өтірік өсек, өтірік әңгіме. Бәрінің ішінде бір-бір жалғыздық жатыр. Бірақ мойындағылары келмейді. Неге? Өйткені жалғыздық әлсіздіктің белгісі деп ойлайды. Шындығында жалғыздық әлсіздік емес, ол ұлы ойлардың туатын, ұлы мүмкіндіктерді тудыратын сәт. Мен жалғыздықтың дәмін туғалы татып келемін. Бірден айтайын жалғыздық ата-анаңнан айрылып қалу емес, ол іштей өзіңмен қалу. Жиырма төрт жыл ішінде жалғыздықпен күресіп келемін. Кейде екеуіміздің арамызда сезім оты тұтанады. Ғанибет! Ол кездегі сезімді, ләззаты сіз сезіне алар ма екенсіз бейтаныс ару...

Кеше ғана жалғыздық екеуіміз серуендеп қайттық. Мен сөйлеп келем. Ол үнсіз. Бірақ оның үнсіздігі мен үшін жауап. Бірақ қиналып кетемін. Себебі тобыр арасында өзімді ақымақ әлде бір есуас секілді сезінем. Бәрі мені жынды деп ойлайды. Егер бетперделерін шешер болсақ, бәрі жынды болар еді ғой. Солай ма ару?!

Достарым бар, «сен жалғыз емессің, қасыңда біз бармыз» дейді. Дәл осы сөзді отбасым да айтады. Бірақ айтқан сөзден ем бола ма?! Бәрбір жалғыздықтың қапасында күн көрмей күн кешіп келемін. Мен білемін, бұл қапастан мәңгі құтыла алмайтынымды. Себебі... көп!

Мына бір ойыммен келіссең жауап жаз, күтем: «Адам жалғыз. Жалғыз боп туады, топыраққа да жалғыз боп кіреді. Қалғанының бәрі келіп-кетушілер ғана. Бәрі көз алдау. Санамен ойын ойнау. Бауыр басу. Солай... Сен - жалғызсың. Өмір бойына жалғызсың. Осы жалғыздық арқылы сен адамсың және осының бәрін түсіну керек, қабылдай алу керек».

 

Құрметпен, Моро

Бейтаныс ару, жауабыңды тағатсыздана күтемін.