Алма келді домалап...

Алма келді домалап...
жеке
блог

1. Өзің жайлы қысқаша мәлімет.

Интернеттегі есімім – Кәусар. Шын атымды көпшілігі біледі ғой деп ойлаймын, айтпай-ақ қояйыншы. Анам Кама деп атайды. Кеңес Одағында дүниеге келдім, Қазақстанда өмір сүремін ...қазақ жерінің топырағы бұйырса деймін. Бойымдағы ең оңбай қалған нәрсе – мінезім шығар. Өте конфликтный адаммын.

2. Хоббиің не?

Мектепте анкета толтыратын едік қой. Сонда «хобби» сөздің мағынасын түсінбегендіктен, басқалардың жазғанын түгел көшіріп қоятын едім. Міне, мынау дейтіндей хоббиім жоқ. Бәрі көңіл-күйге байланысты. Дегенмен, бала күнімнен кітаптың, киноның, сөйлескен адамдарымның қатты әсер еткен ойларын түртіп алуды әдет қылдым. Қазір 4-5 дәптерім бар.

3. Қай елге саяхат жасағың келеді?

Кіндік қаным тамған жерді көргім келеді. Мамамның айтуынан ғана білемін.

4. Егер де осы өмірге келеріңде саған таңдау жасалса кім болып келер едің (құс, жануар, жәндік, планета)?

Құрт-құмырсқа етіп жаратпағанына Құдайға шүкір. Кей кездері «егер ұл болсам, бәрі басқаша болар ма еді?!» деген пенделік ой келеді.

5. Өмірлік ұстанымың немесе жиі қолданатын нақыл сөзің?

«Незаменимых нет», «Бір адамның жасағаны екінші адамның да қолынан келеді».

7. Кімді жақсы көресің (жігіт пен қыздарға қатысты)?

Қазір жүрегім құлыптаулы сияқты. :)

8. Сүйікті әншің, әртісің, саясаткерің (былайынша айтқанда кумир), неге ол адам?

Ешкімге табынбаймын, бірақ үлгі тұтатын, ұқсағым келетін адамдар бар: анам, ауылдас ағам, сосын Қ.Қабжанов деген журналист. Соңғы кісіні «жазғанымның бәрі – шедевр» деп жүргенімде орныма қойғаны үшін сыйлаймын.

9. Сүйікті спорт түрі?

Отыз жігіттің бір допты қуалағанынан гөрі бір-бірінің көзін көгертіп, мұрнын бұзып, бокстасқандары ұнайды. Шығыс биімен айналысып жүрмін. Ел алдында билеу үшін емес, тек өзімді тонуста ұстау үшін.

10. Сүйікті кино? Неге дәл осы кино?

Ең бірінші есіме «A love to kill» деген корейлік дорама түседі екен. Бұл дорама көрсетіле бастағанда менің өмірімде де осыған ұқсас «өлтіретін» махаббат болып еді.

11. Үйде кім басшы? (болу керек деп ойлайсың?)

Басы бар адам.

12. Үйде ақшаны кім ұстауы тиіс?

Негізі «сенің ақшаң – менің ақшам, менің ақшам – менің ақшам» деген жақсы пікір, а?

13. Егер сүйіктіңіз басқа мемлекетке кететін болып ұйғарса, сізді өзімен шақырса барар ма едіңіз?

Баруын барам ғой, бірақ ұнамай жатса, «сен үшін айдалаға келдім» деп жанын жеуім мүмкін.

14.  Гүлшаттың сұрағы: «Сен үшін алыс не, жақын не?»

Бұрынғылар «өткен күннен алыс, келер күннен жақын жоқ» депті. Бұған да келісемін. Маған бір-бірін түсінбейтін жақын адамдардан алыс жоқтай көрінеді. Ал, жақын? Тым өзімшілмін бе, білмеймін, әйтеуір, «қырық қатын жоқтау айтса, әрқайсысы өз байын жоқтайды» демекші, адамға өзінен жақын ешкім жоқ сияқты.

«Танысқым келеді менің сізбен» деп таяқты Еркебұланға лақтырамын. (қарсы болмаса, хабарламаға әлі жауап бермей жатыр). Қояр сұрағым – өлімнен қорқасыз ба, неге?