«Пайғамбарлардан кейінгі ұлылар – ақындар...»

«Пайғамбарлардан кейінгі ұлылар – ақындар...»
жеке
блог

Ақын... бұл кісі бәзбір әңгімелерде пайғамбардан кейін болатын адам екен. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз еркіңіз. Қатардағы адам тауып білмейтін, көріп білмейтін, сезініп, ұғынып білмейтін нәстені бір сәтке болса да жадына құя алатын ерекше бір қастерлі адам болуға тиіс еді. Оны мына сөздерге қарап ұғып алыңыз: « Араб жазба әдебиетінің ең алғашқы туындысы Құран ислам дінінің негізін салушы Мұхаммедтің өсиет, насихат сөздері мен діни әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылады. Құран діни кітап болғанымен, әдеби тілді қалыптастыру, проза стилін бір ізге түсіру саласында айтарлықтай қызмет етті.» (П.Ә.Мұхтар Әуезов энциклопедиясы - Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011) Яғни алғашқы жазушымыз – Мұхаммед пайғамбар. Содан кейін әрлі-бергісін айтпағанда, Абайды алыңыз. Ибраһим. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті». Білесіз. Данышпан өзінің рухани кемелденуіне қасиетті Құранды негіз еткені белгілі. Ол Құран Кәрімді жақсы біліп, рухани нәрін өзінің бойына толық қабылдай білген. Бұл – сопылық дәстүр дейді көптер. Онысын мен қайдан білейін. Абай ілімі бойынша: әлем өмірінің мақсаты — өзін Жаратушының ықпалымен өмір сүру. Демек, кешегінің бүгінгінің, болашақтың да поэзия біткені діннен орашолақ болмауы тиіс екен. Проблема. Тақырыптық күйзеліске ұшырауымыз әбден мүмкін ғой деп байбалам салады біреулер. Еуропаның жалаңаш әйелін ұят емес, сұлулық деп қарау қайда қалады деп зекіреді екіншілер. Оларға қарсы, ұлттық сарын, дәстүрді қайда жібереміз деп ақырады үшіншілер. Мұның жауабы белгілі деп «симсалабимін» айта салатын диуана я сиқыршы емеспіз. Демек, тоқталайық. Әуелі келісіп алғанымыз жөн. Әркімнің өз ойында қалуға құқығы бар. Бірақ бірқатар мәселелерді ортаға салып көрелік.

  1. Ақын – шындықты жазуға керек.
  2. Ақын – әрқашанда сұлулықты жазу керек.
  3. Ақын – тақырыптық шеңберден шыға білуі керек.
  4. Ақын – пендешілігіңіз тұрыпты, қоғамыңды да, ұлтыңды да ысырып қойып, адамзаттық деңгейде көтерілу керек.

А) №1 Пікір: Ғабиден Мұстафин айтады: «Қаламгер – қашан да өз заманының қаламгері»... «мен әрқашан өз дәуірімді жаздым...»

Ә) №2 пікір: Әлдекім: «Мені қазір ұқпайтындарға айтарым: мені келесі ұрпақ ұлықтайды, ал сендердің мені тануға  өрелерің жетпей жүр», «біз жұмаққа барамыз, бұл шүбәсіз!», «Адамды қойшы, құдаймен жүрмін келіспей»...

Б) №3 пікір: Әлдекім: «Дін – ғылымның атасы»... «Мен бүгін махаббатқа ішіп бардым...»

Ал, не ұқтыңыз? Қайсысын жақтайсыз? Меніңше, ойлануға тұрарлық нәсте...

Абайдың өзіне қайта оралайық: (Сынады деп ойлап қалмаңыз, түге!)

 

«Дүние - үлкен көл,
Заман - соққан жел,
Алдындағы толқын - ағалар,
Артқы толқын - інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер...»

Абайдың философиялық көзқарастарын оларды тек өзіне ғана тән ерекшеліктерімен, өзіндік белгілерімен және сонылығымен, басқаша айтқанда, белгілі бір дәуірмен байланысты және сол дәуірді танытатын нақты-тарихи ережелер жүйесін қаз-қалпында қабылдаған күнде ғана дұрыс түсінуге болады. Абайдың дүниетанымындағы айналадағы қоршаған әлемнің объективті шындығы таным барысын құдайға сенумен және жанның өлмейтіндігімен ұштастыра қарастыратын көзқарасы қарама-қайшылықта және күрделі болып келеді. Солай бола тұрса да ақын кұдайды табиғат-адамзаттың болмысының алғашқы себебі деп есептемейді, ол дүниені әлдеқандай күш жаратты дегенді теріске шығарады. Әуезов айтқандай «... тіпті, оның ақынның діни нанымы мен сеніміне байланысты өлеңдерінің өзі ең басты мәселеде мұсылман дінінің кітаби қағидаларына қайшы келеді». Ол бүкіл табиғатта орталық тұлға етіп адамды қояды, философиялық ойларының көпшілігін де адам және адамгершілік мәселесіне баса көңіл бөледі. 17-19 ғасырлардағы антропологизм, тіпті, Фейербахтың өзі де, адамды абстрактылы түрде, жай ғана биологиялық тіршілік иесі ретіңде қарастырып, оның барлық қасиеттері мен ерекшеліктерін табиғи шығу тегімен ғана түсіндіреді.

Біз көтерген тақырыпты жаза берсе өре де, сия да жетпес. Сондықтан да болар, қорқақтадық әрмен қарай жазуға. «Абайды сынапты» деген жаманатқа қалып қалмайық деп... Құдай сақтасын...

Сонымен бүгінгі ақындарымыз қандай? Сіз қалай ойлайсыз?