Рәміздеріміз-мақтанышымыз

Рәміздеріміз-мақтанышымыз
жеке
блог

Жаңа мемлекеттің іргетасы қайта қаланып, әлем картасында Қазақстан деген тәуелсіз мемлекет пайда болғанда дербестігімізді, азаттығымызды айғақтар, менмұндалаған алып елдер мен түрлі халықтарға өзімізді танытуға өзіндік ерекшелігі бар рәміздерімізді қабылдау қажеттігі туды.

Еліміз еңсесін тіктеп, елдікке қол жеткізген тұста мемлекеттігіміздің, егемендігіміздің белгісі рәміздерімізді қабылдау – тарихымызда алтын әріппен жазылар айтулы оқиға болды.

Бүгінгі күні қолданып жүрген мемлекеттік рәміздеріміз - мемлекеттік ту, мемлекеттік әнұран, мемлекеттік елтаңба тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өткеніміз бен өшкенімізді қайта жаңғыртып, барымызды бағамдауға күш салудың нәтижесі.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданған болатын. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Биыл осы мемлекеттік рәміздерімізге ширек ғасыр толып отыр. Ендеше елім, жерім дейтін әрбір қазақ үшін қастерлі ұғым саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің тарихына тоқталып өтпеу мүмкін емес.

Ту ежелден халқымызда бірліктің, өрліктің, жасампаздықтың символы болып саналады, тіліміздегі «ала тудың астында Алты Алаштың баласы» деген сөз тіркесінің өзі осыны айғақтаса керек. Тарихта «Абылайдың ақ туы» атанған ту - шапқыншылық заманда күллі қазақ баласын бірлікке бастаған, жоңғарларға қарсы соғыста көтерілген ту екенін біреу білсе, біреу білмес.

Ал аспан түстес көк туымыз ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Бүгінгі бейбіт заманда тұғырынан түспей, биікте желбіреп, бабалар аманатының орындалғанының белгісіндей көрінетін байрағымыздың авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

Көк аспанда, ашық күнде қырандай қалықтап, биікке өрлеген егемен елдің бұл да бір мақтанышы, талай қуанышты, олжалы сәттерінің куәсі.

Ал елтаңба тарихы сонау ертеден бастау алады. Қазақ халқының ру-тайпалық таңбалары сонау Орхон-Енисей жазуларымен замандас. Керей, арғын, найман, жалайыр, қыпшақ, қоңырат, дулат, адай, т.б. рулардың өзіндік таңбасы - сол рудың меншігі, өзіндік белгісі қызметін атқарды.

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. 293 үлгінің ішінен таңдап алынған туындының авторлары - белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Бір шаңырақтың астында біріккен қанатты пырақтай жүйрік, бес жұлдыздай жарқыраған, уықтай берік елдің болашағы кемел, қадамы нық болсын деген ниетті, ізгі тілекті білдіретін елтаңбамыздың қазақ халқының бар қасиетімен, ұшқыр ойларымен, философиясымен, әдет-ғұрпымен астасып жатқан идеясы.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары өзгертілді.

Жас мемлекеттің шынайы рухы мен қуатын, мақсат-мүддесін танытатын әнұран қажет болғанда осы талаптарға сай М. Төлебаев, Л. Хамиди, Е. Брусиловский жазған ән музыкасын сақтап қалу туралы шешім қабылданды да, оның сөзіне арнайы бәйге жарияланып, ақындар М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева жазған жыр ұсынылған 750 мәтіннің ішінен үздік деп табылып қабылданды.

2006 жылы 6 қаңтарда бұрын танымал болған «Менің Қазақстаным» әні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстанның әнұраны ретінде еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалған болатын. Халықты бірлікке шақырып, ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыратын, кәрі-жасы қолын жүрегіне қойып, шын жүрекпен, ықыласпен орындайтын ерекше ән, рухты әуеннің әнін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев жазды.

Көк Туымыз көгімде желбіреп, Елтаңбамыз ардақталып, Әнұранымыз әсте шырқалып тұрса, елімнің мерейі үстем, еңбесі биік болғаны. Лайым солай болғай!

 

Сыздықова Айсұлу

«Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалының маманы