Әр қазақ менің жалғызым!

Әр қазақ менің жалғызым!
жеке
блог

     Қазақ - жетімін жылатпаған,  әлсізге қорған бола білген халық. Қазіргі таңның жаһандану үдерісіне сәйкес  және орыс саясатының ықпалы салдарынан безбүйректік пен жатсыну дертіне шалдыққан бүгінгі қазақ қоғамының мәселелері басынан асып жатса да, түбі бір текті елдің шетел асып кеткен қандастарының өмірі мен тіршілігінің оңтайлы тұстарының кем болып тұрғаны өкінішті.  Қазақстанның көші –қон саясатындағы олқылықтардың орны толмай тұрғаны рас. Өз еліне оралған,  яғни "оралман" қазақтардың  да жағдайы мәз емес. Қандастарымызға тұрақты тіркеуге тұру мәселесі қиындық туғызады. Талай есікті қағып, табанынан таусылған халыққа құжат рәсімдеп бере алмаған үкімет қайда қарап отыр?

   "Қазақстан азаматы" деген тілдей қағазды алу үшін сарылған жұрт не істерін білмей абдырап, сан - саққа жүгіруде.Бұл түбі шешілмес мәселе алыстан келген ағайынға қолбайлау болып қана қоймай, жастардың толыққанды білім алуы мен жұмысқа тұруына кедергі. Мен өзім бір ғана мысал ретінде, пойыз ішінде танысқан Монғолия қазағымен болған әңгімелесуде, қандас бойжеткеніміз Мәскеуден жоғары оқу орнын бітірсе де, не Мәскеуден,  не Қазақстаннан жұмыс таба алмай жүргеніне екі жылдың жүзі болғанын айтып еді. Себеп біреу, Қазақстан азаматтығын ала алмаған.

Азаматтықты алуды былай қойғанда, тұрақты тіркеудің өзіне төрт, бес жыл уақыт кетеді. Бұл бір ғана мәселе. Ал қалғандары қандай?

   Қазақстанда "үш тұғырлы тіл" деген бағдарлама енгелі бергі оралман қазақтардың жағдайы нешік? Білім алуында қазақ тілін айтпағанда, орыс тілін бірден меңгере алмайтындығы айдан анық. Қазақ еліне енді ғана сіңісіп келе жатқанда, білім алудың өзі, бағдарламаға ілесу оңай емес. Алыстан келген ағайынды айтпағанда, Қазақстандағы қазақы ауылдардың балаларының өзі орыс тілін әрең үйреніп, үлгеруде. Оған келіп ағылшын тілі қосылды. Үйренуін үйренерміз ау,  бірақ қаншама жылымызды сарп етуімізге тура келеді.

   Өзім оқыған жоғары оқу орнында шетелден келіп оқыған қандас студенттер біршама болды, олар кешенді емтиханнан өтіп, төрт жыл бойы ақысыз білім алуға мүмкіндік алып, тәмамдап шықты. Осылайша маман иегері атанды.Бұл қандас қазақтарға жасалынып отырған бағдарламаның оңтайлы тұсы деп білер едім. Кәсіп игеру жағын алып қарастырсақ, шетте жүрген қазақтар оның ішінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан мемлекеттерінің шет жақ қазақ ауылдарында тұратын қазақтарынан тыс, басқалары көбіне орталықтарына , Бейжің, Улан-батор қалаларына таман баруға тырысады, және миллиондаған, миллиардтаған халықтың арасында ғылым, білім үйренуге, сала бойынша жұмыс істеуді мақсат тұтады.

   Ал ата жұртқа оралғанда ше? Оралмандар "пысық, оларға екі қолға бір күрек табылса болды" дейтін шығарсыз, Ия, мұнымен келісуге болады. Жұмыс талғамайды, себебі  Қазақстанда ағайындарымызға  жылы- жұмсағын тосып отырған жер жоқтың қасы. Отаным деп келгенде, "оралман" деген сөздің өзінен тіксінеді, психологиялық соққы алатыны даусыз. "Қазақ,  балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан тусын дегенді ұмытқан -ау" дерсіз. Дейсіз де қоясыз. Себебі біз отырып алып, мәселені талқылауға "мастерміз" ғой.Сол себептен де шетте жүрген қандастар елге оралғысы жоқ. Қазақстанға келгенде мәселе көптігінен, тыныш қана өз өмірімді сүріп жүре берейін дейтін болуы керек.

  Бір ғана қытай қазағын алып көрейікші. "Қытай дауысы" жобасында талайды тамсандырған дауыстары қандай шіркін?! Бірақ ,  «бірақ» бар. Олар да Отанына оралып жұмыс жасауға жүрексінетін сыңайлы.

   Тек сыртта жүрген 5 миллионнан асып жығылатын қазақтар да біздің бір бөлшегіміз, қаны қазақ, жаны қазақ бола тұра, "өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғаны" әлдеқайда абыройлы іс емес пе еді?! Мұндағы жазылған жайттар арқылы сыңаржақ пікір қалыптастырудың қажеті жоқ.Тек "әр қазақ менің жалғызым" екендігін ұмытпайықшы.