Пешенеге жазылатын тағдыр

Пешенеге жазылатын тағдыр
жеке
блог

Осымен төртінші күн. Сол көзім қоймастан тартып жүр. Ең бірінші рет сол көзім облыстық шығармалар байқауында шығарма жазып отырғанда, қоймастан тартты. Қателеспесем, 10 сыныпта ғой деймін. Алақандай ауылдан шығып, облысқа бару біз үшін кәдімгідей мәртебе. Сол жолы қалай алғанымды білмеймін, бірінші орын алдым. Марапаттау салтанатында орындарды айтып жатқанда, бірінші орын алам деген ойда жоқ. Тамыры да, танысы да жоқ біз бейбаққа орын қайдан болсын деп жүлде алғандарға қызығып қарап отыр едім, Бірінші орын "Бөкей Ордасы ауданы..." деп басталғанда...Жүрегім аттай тулап, расымен менің аты-жөнім "Мейіргүл Оңғарова ма?" деп күмәнданғанымды қайтейін?! Ерекше сезім...Сол жолы жүрегім жарылардай қуандым. 

Екінші рет оқуға түсерде тартты. Сол көзім тарта бастағанда-ақ, оқуға түсетінімді іштей сезіп, алабұртқаным бар.

Үшінші рет қатты тартып отырғаны осы кез. Анау айтқандай, қуанышты жаңалық болмаса да, жамандыққа тартпаса екен... 

Осыған қарап, болашақ болжанып қояды, пешенеге жазылады деген рас сөз бе деймін. Түс көру де осы сөзімнің дәлелі. Анам көңіл-күйімнің қалай екенін, өмірімде не болып жатқанын түс көріп шамалап отырады. Мен де көрем. Бірақ, анда-санда дәл келетіні болмаса, түс көретін қасиетім жоқ екен. Демек, қыбырлаған жаратылыстың, орман мен таудың, көл мен талдың, жаны бар кез келген тіршілік иесінің тағдыры туған соң белгілі болып қоятыны рас болғаны ғой... Сенің болашағың мынадай болады, әлен-пәлен деп пал ашатын әлдекімдердің сандырағының астарында шындық жатқаны ғой?

Адам өз өмірін өзі қолдан жасайды. Тағдырын өзі құрады. Бәрі адамның өзіне байланысты деген де пікір бар. Мүмкін. Бірақ, бәрі маңдайымызға жазылып қоятын болса, өмірімізді қолдан жасаймыз деп талпынудың қажеті бар ма? 

сурет: irishfox.ru