Өмір сүру салтым дұрыс болсын десеңіз...

Өмір сүру салтым дұрыс болсын десеңіз...
жеке
блог

    «Сау адамның басында алтын тәж болады. Оны тек ауру адам ғана көре алады» демекші, денсаулық адам өмірінде ең маңызды нәрселердің бірі. Денсаулық сақтау мәселесі бүгінде кең талқыланатын мәселелер қатарына жатады.

     Қазіргі заман адамдары денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін жетік түсінеді. Әрқайсымыздың жас шағымызда жүзімізден нұр төгіліп, бойымыздан қуат тасып тұруы, ол әрине, мығым денсаулықтың арқасы. Қазіргі заманғы өркениетті әлемге аяқ басқан қоғамда денсаулыққа деген, салауатты өмір салтын сақтауға деген көзқарас өзгере бастады, атап айтсақ, бүгінде алкогольді шамадан тыс ішу, есірткіні қолдану, шылым шегу секілді теріс істер жастар арасында сән болудан қалған, оның тек қана тәуелділігі басым және әлсіз адамдардың істейтін қылығы екенін көп жастар тереңінен түсінеді. Болашақтың перспективасын дұрыс құра алатын, көзі ашық, көкірегі ояу, білімге құштар жастардың көп болуы қуантатын жағдай. Салауатты денсаулықтың арқасында біз алдымызға күрделі де нәтижелі мақсаттарды жоспарлап және соған жете аламыз. Ал бұның бәрі адамды бақытқа алып келеді.

    Осының бәрін біле тұра салауатты өмір салтын ұстанудың жолы қалай болмақ деген сұраққа жауап табуға тырысып көрейік. Салауатты өмір салтын ұстану дегеніміз дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, күн тәртібін сақтау екендігін көпшілік қауым жақсы біледі. Бірақ осы ұстаныммен жүру көпшілікке оңайға соқпайды. Былай алып қарасақ, дұрыс тамақтанып, күн тәртібін сақтау аса күрделі іс емес сияқты, алайда аталған нәрселер көп адамның қолынан келе бермейді. Менің ойымша, біріншіден адам өзінің ішкі әлемінен бастау керек, яғни өмірінің әр сәтін бағалай біліп, бақытты сезіп, қуана білуі қажет. Бір сөзбен айтқанда ішкі жан дүниесін қалыптастыру керек. Ол үшінөз күніңізді жақсы көңіл-күйден бастаған жөн. Ғалымдарың айтуынша, егер адам таңда ерекше қуанышпен әрі сергек оянса, ол адам күні бойы сәттіліктерге тап болып, қуанышқа кеңелу ықтималдығы жоғарылайды екен.

  Екіншіден, өз-өзіңізді жақсы көріңіз. Әлемді өзгертуді өзіңнен баста деген қағидаға сүйенсек, өзгелердің сізді жақсы көруі үшін сіз алдымен өз-өзіңізді жақсы көруіңіз керек. Ал айналадағы адамдар сізді жақсы көріп, әрдайым сізбен жылы қарым-қатынаста болған сайын, сіз өзіңізді жақсы сезініп, көңіл-күйіңіз көтеріңкі жүретін болады. Көтеріңкі көңіл-күй жақсы денсаулықтың бірден-бір кепілі екендігі айтпаса да түсінікті. Бұнымен қоса, өзін-өзі жақсы көретін адам өзіне көп көңіл бөледі, салауатты өмір салтын ұстану жолында көбірек күш жұмсауға тырысады. Яғни, сіз денсаулығыңыз сыр бермесін деп көптеген іс-әрекеттерді жасауға дайын боласыз. Өзіңізге қарап, денсаулығыңызға көңіл бөлу сүйікті ісіңізге де айналып кетуі ықтимал.

     Үшіншіден, ойыңыздан бүкіл негативті ойларды шығарып тастаңыз. Жаман ойларды ұмытып, жақсы нәрселерді ойлауды әдетке айналдырыңыз. Мысалы, белгілі бір шешуі қиын мәселе туғанда, ол істің күрделілігі, ұзақ уақытты алатыны, оны бітіру, нәтижеге қол жеткізу қиын екендігі туралы көп ойланып өз-өзіңіздің жүйкеңізді жұқартудың орнына, оны тезірек аяқтау үшін қандай тәсіл қолдансам екен деп жоспар құрып, істі бастап кетсеңіз аяқтау оңай болады. Тіпті ерініп тұрсаңыз, мен бұл іспен 15 минут ішінде ғана айналысамын, ары қарай демаламын деп өзіңізге уәде беріп бастаңыз. Сонда он бес минут қана айналысам деп бастаған жұмысыңыз сізді әрі қарай өзі-ақ тартып, қызықтырып әкетеді. Психологиялық тұрғыдан алғанда сізде бастаған істі аяқтауға деген құмарлық артып кетеді.           Егерде жек көрушілік немесе ыза сезімдері пайда болса, оның бәрін қағазға жазыңыз. Содан кейін бәрін оқып шығып, жағымсыз сөздерді мағынасы жағынан қарама-қарсы келетін сөздерге түзетіп қайта жазыңыз (мысалы: «жек көремін» дегеннің орнына «жақсы көремін», «мен семізбін» дегеннің орнына «мен сымбаттымын», т.б.). Жағымсыз сөздер жазылған қағазды жағып жіберіңіз немесе қоқысқа тастаңыз. Ал жағымды сөздермен жазылған қағазды сақтап, жиі-жиі өзіңізге оқып тұрыңыз. Бұл сізге міндетті түрде көңіл-күйіңізді көтеруге көмектеседі. Осылай ойыңызды өзгерту арқылы өміріңізді де жақсы жаққа өзгертесіз.                                                                                                     Санаңыздағы позитивті ойларыңыздың арқасында рух қуатыныңыз артады және ең бастысы физикалық жағынан өзгеруге талпынысыңыз күшейеді. Осыдан кейін дұрыс күн тәртібі мен тамақтану ережелеріне кірісуге болады. Оны жүзеге асыру үшін ғаламтор желісінен көптеген мәлімет ала аласыз. 

Алимбекова Салтанат, Байкувекова Аида