Жас мамандық - жарқын болашақ

Жас мамандық - жарқын болашақ
жеке
блог

Қазіргі таңда ғарыш  нарығы  мемлекет экономикасын дамытудың, сонымен қатар халық қажеттілігін өтеудің алғышарты болып отыр. Алайда, жасанды серікті ғарыш кеңістігіне белгілі бір мақсатпен ұшыру, тұрақтандыру, оны әрдайым түзетіп отыру сынды жұмыстар көптеген еңбек пен білімді қажет етеді. Сол себепті де, ғарыш саласын меңгеру білікті де  білімді мамандар даярлаудан бастау алуы қажет. Осы мәселенің шешімін табуына алғашқы бастама ретінде 2009 жылы қыркүйек айында «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ негізінде өткен іскерлік семинар негіз болды. Нәтижесінде семинарға қатысушылар мемлекеттік тапсырыс негізінде ғарыштық профильдегі мамандарды дайындауды “Казкосмос”-пен бірігіп ұйымдастыру қажет деген шешіммен меморандумды қорытындылады. Алғашқы талапкерлерді 2010-2011 ж.ж оқу жылына қабылдауды Қазақстандағы 4 жетекші жоғарғы оқу орындары қолға алған болатын. Оларды атап өтсек, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті,  Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университеті және Алматы энергетика және байланыс университеті. Соның ішінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті  2010 жылдың  маусым айында “Ғарыштық техника және технология” мамандығын Механика кафедрасының негізінде оқытуға лицензия алып, сол жылы алғашқы студенттерді қабылдаған болатын. Ал 2012 жылы “Ғарыштық техника және технология” мамандығының магистратурасы, 2013 жылы осы мамандықтың докторантурасы ашылды. Осылайша, қазіргі таңда Қазақ Ұлттық Университетінде үш сатылы ғарыш саласындағы  мамандарды дайындау жүйесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2007 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті және Токио Университеті бірге жұмыс жасап, тәжірибе алмасып келуде. Және де, 2011 жылдан бастап Берлин техникалық университетінде ҚазҰУ магистранттарына арналған наноспутниктерді проектілеудің жазғы мектебі ұйымдастырылды. 2013 жылы төменгі орбиталы жер серіктерімен байланыс жасайтын жер станциясы Қазақ Ұлттық Университетінің  механика-математика факультетінің шатырына орнатылды. Келісімшарт бойынша ҚазҰУ студенттері Берлин техникалық университетінің орбитадағы жер серіктерімен жұмыс жасауға мүмкіндігі бар. Қорытындылай келе, біздің университет Ғарыштық техника және технологиялар мамандығының түлектері өз дәрежесінде білікті маман болуы үшін мүмкіндігінше жол ашуда. Ал, біздің міндет осы салада мүмкіндігінше білім қорын толықтыра отырып, тәжірибе жүзінде еңбегімізді көрсету, өз саламыздың алып азаматы болу.

 

Кошербаева Айкен, Мусаева Зере.