Мектеп - кеме, Білім - теңіз
жеке
блог

Мектеп - кеме, Білім - теңіз

Жаңашылдықты жаны сүйетін жоғары тарап мектеп мәселесіне келгенде де, қарап қалмады. Қағазбастылық, 5 жастағы баланың кешкі 5-ке дейін ағылшын тілін оқуы, білім үдерісіндегі дәлсіздік - биылғы Білім теңізіндегі "Мектеп" кемесінің көтерер жүгінің ауырлай түскендігінің көрінісі. Бұдан бөлек ҚР Білім және Ғылым министрлігі 2016 жылдың наурызында "ҚР білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын" бекітті. Бұл ата-аналар мен ұстаздар, қала берді оқушылар тарапынан үлкен сынға ұшырап, артынша дау туындап та үлгерді. Сонымен,2017 жылдың реформасы негізінде сынама сабақтың басталғанына 1 жыл боп қалды. Мектеп ұжымдары бұл қиындықпен қалай күресуде?

 - Педагогика мамандығын таңдағанда "компьютерге телміріп, қағаздан бас алмасам деген емес, бар уақытымды балаларға бөліп, сауатын ашсам" деген арманым болған,- деп қынжыла сөйледі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Есенбекова А.А.

Расында да, енгізіліп жатқан "e-learning" , "kundelik.kz", т.с.с. білім үдерісіндегі "пайдалы" жаңалықтар әсерінен компьютерге жіпсіз байланған мұғалім оқушыға тек қалған-құтқан уақытын ғана арнауға дәрмені келіп тұр.

 Ал, үштілділік мәселесі жаңа идея тұрғысынан қолдау тапты. Алайда бірінші сыныпқа енді барған балаларының ағылшын тілін үйренуін қиынсынған ата-аналардың бір тобы ҚР Білім заңындағы "Кім қай тілде,қай жерде оқығысы келеді, өз еркі" дегенді ұстанып отыр.

"Бұл жаңарту жүйесінде мұғалім тек бағыт беруші ретінде бой көрсетіп, өз білімін баламен қатар ізденіс үстінде бірге арттырады. Бұл - қызықты тәжірибе болмақ" деп пікір білдірген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова мұғалімдер тұрғысынан мәселе туындамайтындығын, олардың "Өрлеу" орталықтарында 2-3 айлық курс жүзінде біліктіліктерін арттыруға мүмкіндіктер жасалып жатқандығын мәлімдеді.

 Сынмен қабылданып, сыры толық ашыла қоймаған саясат әлі де стандарт жүйесіне енгізіле қойған жоқ. Аталмыш реформаға ауыздық болған Сағадиевтің айтуынша, толық көшуге, тәжірибеге 4 жыл кетеді деп жоспарланып отыр. Сол 4 жыл төрге сүйрей ме, әлде төмен түсіре ме, ол уақыттың еншісінде. Ең бастысы, бүлдіршіндердің білім көкжиегін кеңейтеміз деп, теңізін тарылтып алмасақ дейді қарсы тарап.