Ең алғашқы хатым...

Ең алғашқы хатым...
жеке
блог

Ол кезде қалада интернатта оқимын. Қателеспесем, 7 сыныпта. Бейбіт Қорған деген әншінің жаңадан шығып жатқан кезі болса керек. Сахнаға жарқ етіп шыққан сымбатты жігіттің талай қыздың жүрегіне шоқ салғаны шындық. Менің де жүрегім Бейбіт Қорғанды көрсе, лүп ете қалатын болды. Рас. Тіпті, теледидардан көріп қалсам, өзімнен-өзім біртүрлі күйге түсіп, терлеп-тепшіп, жан-дүнием азан-қазан болатын. Осы кейпімді ешкім байқап қалмады ма екен деп жан-жағыма ұрлана қарап отыратынмын тағы да.

Ех...Тәп-тәтті бала махаббат!

Бір күні Бейбіт Қорғанға хат жаздым. Бұл менің ең алғашқы жазған хатым еді. Әлбетте, бұны Бейбіт Қорғанға берем деген ой басыма кіріп-шықпады, әсте, оны жазған соң, беру керектігін де ойланбадым. Бар болғаны - іштегі нәрсені сыртқа шығарып тастау керек болды. Сөйтіп, шимайлай бердім. Не жазғаным есімде жоқ қазір. Бірақ, парақтың бір жағына өзімнің жазуыммен, екінші жағына сол қолымммен жазғаным есімде. (Ол кездері жазуды түрлі-түрлі етіп жазуды жанымыз сүюші еді ғой!)

Әдеттегідей, кезекті демалыста ауылға келдім. Ауылдағы әпкем қатал. Бар-жоғы бір-ақ жас үлкен болса да, оның айтқаны мен үшін бұлжымас заң. Сөйтіп, мауқымды басып, ауылда аунап-қунап, жайбарақат шай ішіп отырсам, әпкем кіріп келді. Түрі бұзылып кеткен. Қолындағы бір жапырақ қағаз көзіме оттай басылды. Әлгі өзімнің Бейбіт Қорғанға жазған хатым. (Сөмкемді ақтарған болды ғой! ) Ішім қылп ете қалды.

-Мамаға айтам сені, не мынау хатың? Кімге жазып жүрсің, ұялмайсың ба?!

Құлағыма дейін қызарып кеткенімді сезіп отырмын.

Бірдеңе деп сытылып шығу керек, мамаға айтып қойса, біттім дей бер.

-Мен оны жазғанда... Мен емес, Наргиза жазған!

Наргиза - интернатта бірге оқитын құрбым. 

Әпкем сенді. Сенгенде де, қалтықсыз сенді. (Ол кезде мен 7 оқысам, 8 сыныпта оқитын ол да кішкентай қыз ғой, сенбегендей қайтсын деп қазір ойлаймын :)) 

Сосын аузын бұртитып:

-Айттым, қаладағы қыздарыңмен дос болма деп. Қаланың қыздары сондай!-деді де, бұрылып бөлмеден шығып кетті.

***

Бұл күні бұрынғы 7 сынып оқитын кішкентай қыз емеспін. Махаббатым да есейген. Кеше Бейбіт Қорғанды көшеден кездейсоқ көріп қалдым. Ештеңе сезбедім. Ештеңе сезінбедім... Ол да бір кездері ең алғашқы хатын өзіне жазған бір қыздың қадалып қарап тұрғанын сезбестен, ұзап бара жатты...

сурет: blogs.privet.ru