Шертер-қазақтың көне аспабы

Шертер-қазақтың көне аспабы
жеке
блог

Шертер – ежелгі шекті аспап. Шертерде домбыра сияқты ойнайды. Шертердің көлемі домбырадан көп кіші, бірақ сыртқы түрі қобызды еске салады, оған жұмыр түр беріп, сыртын терімен қаптайды, аттың қылынан екі шек тартылады. Аспап бір ғана бұрандалы болып келеді, шектің бір басы бұрандаға, екіншісі басына бекітіледі. Шертер аспабы аңыз, ән, ертегілерді айтқанда қолданылған. Ол бақташылар арасында кең тараған. Қазақтың көне музыкалық аспаптарының біріне жататын ол шертіп ойнау тәсіліне байланысты шертер деп аталған. Шертер екі немесе үш ішекті болып келеді. Ертедегі шертерлер ағаштан ойылып, шанағы көнмен (терімен) қапталған. Дыбыс күші қапталған терінің жұқа-қалыңдығына, ішегінің жуан-жіңішкелігіне байланысты. Пернесі болмайды, ішегіне ызған жылқы қылы тағылады. Жалпы тұрқы 650 — 700 мм. Ойнау тәсілі домбыраға жақын болғанымен, жасалуы жағынан қылқобызға көбірек ұқсайды. Бұл аспаптың өткен ғасырларда негізінен малшылар арасында кең тарағандығы жайлы халық аңыздарында айтылады. Шертердің суреті Б.Залесскийдің 1865 жылы Париж қаласында басылып шыққан “Қырғыз (қазақ) далаларындағы тіршілік” атты альбомынан (бұл аспапты ол Маңғыстау қазақтары арасынан кездестірген) табылды. Музыка аспабын жасаушы шебер О.Бейсембаев осы альбомдағы сурет бойынша шертерді қайта жасап шығарды; ал шебер Ә.Аухадиев оның жетілдірілген түрін (1972) әзірледі. Шертердің бір үлгісі Санкт-Петербург этнографиялық мұражайында сақтаулы. Шертердің құлақ күйі кварта не квинта бұрауында болады. Дыбыс көлемі екі жарым октава. Шертерді оркестр мен ансамбльде, сондай-ақ жеке орындау үшін де пайдалануға болады. Кезінде Шертердің жетілдірілген түрі “Айгүл”, “Ғасырлар пернесі”, “Сазген”, т.б. ансамбльдерде пайдаланылды. Торғайдың Арқалық қаласында “Шертер” атты қазақтың халық аспаптарының фольклорлық ансамблі ұйымдастырылды.
Шертер — ежелден келе жатқан аспап. Зерттеушілер оны домбырадан да бұрын пайда болған деген пікір айтады. Сыртқы түрі қобызға ұқсайды. Көне замандарда бұл аспап қазақ жеріне кең таралғанымен, беріде ұмыт қалған. Жалпы, шертер ғана емес, ХХ ғасыр басындағы аласапыран тұста қазақтың көп мұрасы, көп аспабы жойылып кете жаздағаны белгілі.