«Айтуға оңайға» үміт артып келген адам жылап кетпеуі керек...
жеке
блог

«Айтуға оңайға» үміт артып келген адам жылап кетпеуі керек...

Әлия Құдайбергенова, «Айтуға оңай...» бағдарламасының продюсері:

«Айтуға оңайға» үміт артып келген адам жылап кетпеуі керек...

 

–      Әлия ханым, сізді бұрындары жазба журналистика арқылы, анығын айтқанда көптеген ел алдында жүрген танымал жандармен болған сұхбаттарыңыз арқылы таныдық. Бүгінде көрерменге кеңінен танымал «Айтуға оңай...» хабарының продюсерісіз. Телевидение саласы сізді несімен қызықтырды?

–      Мамандықтың оңайы жоқ. Алайда, журналистика екі есе білімділікті, екі есе жауапкершілікті, екі есе жанкештілікті талап ететін сала. Әмбебеп болмасаң, орта жолда қаласың. Иә, мен осыдан он жыл бұрын журналистиканың табалдырығын әнші, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Мақпал Жүнісовамен болған сұхбатпен бастап едім... Ол шақ Мақпал апайдың нағыз қайғы құшағындағы кезеңі еді. Сұхбатымыз өте ауыр өтті. Екі сағаттық әңгімеден біраз нәрсе алып қайттым. Танымал, елге сыйлы адамдардың да басынан адам айтса нанғысыз проблемалары бар екенін ұғып, таңқалдым. Әлі есімде, диктофоным қолымда, алып-ұшып редакцияға келдім. Бір күн, бір түн бойы нәр татпай, компьютерге телміріп отырып сұхбатты түсіргенім есімде. Сол сұхбат қазақтың талай ақын-жазушылары, өнер, мәдениет майталмандары, қаншама тұлғаларымен сырласуға жол ашты. Өмірі өнегеге толы талай зиялы адамдармен сұхбатым өміріме азық болды, бір сұхбат мен үшін бір роман оқығандай әсер еткен де кейіпкерлерім болды. Осылай сыр-сұхбатпен он жылымның қалай өткенін де сезбей қалдым. Содан «мен осылай жүре бермекпін бе? Бойымдағы потенцалымды неге пайдаланбасқа?» деп, журналистиканың өзге де салаларын байқап көруге әрекет еттім. Бірде бір топ кәсіби журналист аға-әпкелеріммен Түрік еліне он күндік іссапарға бардық. Сол жерде қазақ телевизиясының майталманы, белгілі продюсер Серік Абас-шахпен терең танысудың, ел мен жер, қоғам туралы пікірлесудің сәті түсті. Елге қайттық. Арадан екі айдай уақыт өткенде Серік аға хабарласып, Ұлттық арнадан «Айтуға оңай...» атты әлеуметтік бағдарлама ашылғалы жатқанын, сол хабарды бастап, тынысын ашып, идеясын іске асыруымды сұрады. Телевидение саласында ешқандай тәжірибем болмаса да, бірден келістім.

–      Қорықпадыңыз ба? Қанша дегенмен телевидение деген жазу емес қой, түзей салатын...

–      (Күлді). Менің өмірдегі басты қағидам «Тәуекел – ердің ісі». Ұстанымым осы. Кез-келген нәрседе тәуекелшілдікті жақсы көрем. Тәуекелге бел будым да, талай ұлылардың табанының табы қалған қасиетті Ұлттық арнаны имене басып, бір үміт, бір күдікпен «Айтуға оңайдың» алғашқы хабарларына кірісіп кеттім. Бұрыннан көкейімде жүрген бірнеше тақырыпты ортаға салып, бар болғаны бес-алты адаммен ғана іс бастап кеттік.

–      Хабардың негізгі мақсаты қандай еді?

–      Ол кезде басшылар тарапынан қойылар талап өте қатал болды. Бірақ, менің ішкі түйсігімде «қазақ халқы бәрібір мұңын, сырын айтудан, басындағы проблемасын ашық айтып, көмек сұраудан қорқақтайды, намыстанады. Бұл хабар қарапайым халық пен біздің ортамыздағы көпір болсын. Ел жыласын, ішіндегі шерін шығарсын... Болашақта әр адам «Айтуға оңайды» өз үйіндей көретін болуы керек...» деп ойладым. Дәл солай болды да! Жасырмаймын , алғашында тек эмоцияма сүйеніп жұмыс бастадым. Монтаж, камера, режиссура, жарық, тіпті концепцияны білмей келген мен үшін «Айтуға оңай...» үлкен теңізге тастап жібергендей қорқынышты болды. Үмітім алдаған жоқ. «Айтуға оңайдың» төрт жылдан бері эфирден түспей, елдің жүрегіне кіріп кетуі де шын көңілден жасалған жұмыстың нәтижесі. Біз қалай болғанда да бір адамға болсын пайдамыз тимесе, ол хабарды түсіріп қажеті жоқ деген принціптеміз. Мұндағы журналистер қауымы да сол талаппен жұмыс жасайды. Жүргізуші де. Жасандылыққа бару, жалған хабар ұйымдастырып жіберу, қолдан ұйымдастырылған кейіпкер шығару бұл «Айтуға оңайға» келмейтін іс. Тақырыптың өзін ел ішінен, әр шаңырақтан алып, қарапайым ғана жолмен өздеріне қайтарып отырамыз.

–      Жүргізушіге көп нәрсе байланысты ғой. Бейсен Құранбек дәл таңдалған сияқты...

–      Дұрыс айтасыз. Жүргізушілікке кастинг жарияладық. Он үш адам қатысты. Ал, Бейсен Құранбекпен өмірімде бір-ақ рет жолыққан адаммын. Сол кісі еске түсіп, шақырдық. Алғашында бірден келісе кеткен жоқ. Кастингке қатысты. Он үш адамның жазбасын төрайымға жібердік. Іштей не болар екен деген қорқыныш та жоқ емес. Екінші күні-ақ «Бейсен Құранбекпен жұмыс жасай беріңдер. Алғашқы түсірген төрт хабарларың да жақсы. Іске сәт!» деген бұйрық келді. Міне, содан бері Бейсен Құранбек «Айтуға оңайдың» жүрегіне айналып кетті. Айналасы төрт жыл ішінде бұл хабарда қаншама журналистер қызмет етті, еңбегін сіңдірді. Қаншама салы суға кетіп келген кейіпкерлер студиядан үлкен үмітпен, өмірге деген құлшыныспен күліп шықты! Қаншама адам шын жанашырлық көріп, проблемасын шешіп кетті. Қаншама жан тағдырындағы ауыртпалықты жеңілдетіп, өмірге қайта келгендей күй кешті. Қанша адам баспаналы болды, қаншама ата-ана перзентімен табысты. Талай төгілген көзжастың, жүректі кернеген қуаныштың, арман мен бақыттың  куәсі болған «Айтуға оңайдың» студиясы қасиетті деп есептеймін. Алдағы уақытта да көрерменді жалықтырып алмай, талай игі істердің бастамашысы болып жүрсек деп арман бар. «Айтуға оңайға» үміт артып келген адам жылап кетпеуі керек... Бізді күтіп тұрған талай шаруалар осы төрт жылда таусыла қойған жоқ.

                                                Сұқбаттасқан Гүлзада Тұрлаш