Жоспарыммен емес, нәтижеммен бөліскенді жөн көремін.
жеке
блог

Жоспарыммен емес, нәтижеммен бөліскенді жөн көремін.

      Гүлстан Қайратқызы: әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің 4 курс студенті. «Жас Отан» жастар қанатының төрайымының экс-орынбасарымен сұхбат.
    -   Әңгімемізді ҚазҰУ-дың белсенді студентінің балалық шағынан бастасақ. Қандай бала, қандай оқушы болдыңыз?
    -   Мен 1995 жылы 9 қарашада Алматы қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Содан 2002 жылы алған №62 Шона Смаxанұлы атындағы гимназия табалдырығын аттадым. Мектепте жақсы оқыдым. Тәртібіме ешқашан шағымданған емес. Барлық іс-шараларда ән айтып, би билеп, жүргізуші болып, жалпы айтқанда белсенділік танытатынмын. Кейінннен әкемнің жұмыс бабымен Шымкент қаласына көштік. Сонда мектепті "Алтын белгімен" тәмәмдадым. Өте байсалды бала болдым. Үйдің тұңғышы болғандықтан ата-анам ерекше қарайтын, үлкен сенім артатынын сезетінмін.
    -   Балалықтың естен кетпес қызықты шақтары жайлы айтсаңыз?
    -   Мен расында балалық шағым бақытқа толы болған адаммын деп сенімді түрде айта аламын. Ата-анам жайдары адамдар болғандықтан болар әр күнім ерекше, қуанышқа толы болды.
     -   Оқып жүріп "Жас Отан" Жастар қанатында қалай жұмысқа тұрдыңыз? Қиын емес пе?
     -   Ал оқып жүріп "Жас Отан" Жастар қанатына қызметке келуіме менің 1 курстан бері университет қабырғасында белсенді студенттік өмір сүруім себеп болды. 3 жыл бойы жасаған еңбегім мен көрсете білген нәтижелерім осы ұйым тізгінінде отырған азаматтар мен азаматшаларға мені жұмысқа шақыруға септігін тигізді.
     -   Студент үшін оқып жүріп жұмыс жасаған қалай екен?
     -   Әрине ешқандай дүние оңайлықпен келмейді. Кейде үлкен нәтижеге жету үшін, кішігірім дүниелерден айырыла білу керек (жертвовать). Барлық дүниеге бірдей ие болу мүмкін емес. Бірақ адамның мүмкіндіктерінің шексіз екенін үнемі ойда ұстай отырып, мен барында максималды болуға тырысатынмын. Сондықтан сабағыммен қатар алып жүре алдым деп ойлаймын. Ия, келісемін, қатарластарымнан 3-4 сағат кем ұйықтармын, азырақ қыдырармын, бірақ өзімді дамыта отыра, олардан моральдық тұрғыда 2-3 жылға оза білдім деп айта аламын.
         Расында студент үшін оқып жүріп жұмыс жасай білу өнер. Оны жақсы жағынан да немесе керісінше қабылдауға болады. Өзіңе ұнайтын, жүрегіңе қонымды жұмыс жасасаң, ол кем дегенде сені моральдық тұрғыдан өсіреді оған қоса қаншама тәжірибеге ие боласың.
     -   "Жас Отандағы" атқарып жатқан қызметіңіз айтсаңыз?
     -    Мен "Жас Отан" Жастар қанатында төраға орынбасары қызметін атқардым. Ол қызметте жүріп үйренгенім өте көп болды. Әр түрлі адамдармен тіл табысудан бастап, қағаз жұмысына дейін меңгердім. Іс-шара ұйымдастыра білу онсыз да қанға сіңіп үйренген қасиет.
     -   Өзіңізден кейінгі жастарға, студенттерге айтар ақыл-кеңестеріңіз бар ма?    
     -   Әрине, ақылды бәріміз айтамыз ғой. Сол ақылды түсіне білер жан болса. Әрине ең бастысы өздеріңізді таба біліңіздер дегім келеді. Өзін тани білмеген, таба білмеген адамға ең алдымен өмір сүру қиын. Өз қабілеттеріңізді зерттеп, соған сай кәсіппен айналыссаңыздар екен. Еңбектену керек. Еңбектене білген адам ғана дегеніне жете алады. Расында Абай атамыз айтпақшы, ақыл, жүрек, қайратты тең ұстап, өздеріңізге сеніп, еңбетене біліңіздер.     
     -   Жастармен біраз уақыт жұмыс жасадыңыз ғой. Бүгінгі жастардың жағдайы жайлы не ойлайсыз? Жастар тым эгоист болып бара жатқан жоқ па?
     -   Бүгінгі жастар туралы айтар болсам, олар өте ақылды, білімді, жалпы айтқанда ақпараттандырылған. Бізге дейінгі буынға қарағанда ерте дамыған деп есептеймін. Оларды эгоист болып кетті деп кінәлай алмаймын. Өйткені қазір нарық заманы. Әркім өзі үшін жұмыс жасайды. Өзі үшін еңбектенеді. Заман сұранысы сол болған соң, олар да соған қарай бейімделеді деп есептеймін. Бүгінгінің жастарының потенциалы өте жоғары. Шеттерінен полиглот, теxниканы түгел дерлік меңгерген. Кешегі Мағжан сенген көздерінде от ойнаған жастар ғой.
    -    Жұмыс жасап үйренген адам текке жата алмайтыны анық. Қазір қандай жұмыс жасап жатырсыз?
    -   Қазір Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасында қызмет жасаймын.
    -   Алға қойған мақсаттарыңызбен бөліссеңіз!
    -   Әрине адам болған соң қозғалыста боласың, көресің, білесің. Әр жаңа ақпаратпен жаңа мақсаттар, армандар пайда болады. Оған қоса жас болған соң олар тым көп. Идеялар өте көп. Негізі мен жоспарыммен емес, нәтижеммен бөліскенді жөн көремін. Сонда да айта кетейін. Енді дәл қазіргі таңда дипломдық жұмысыммен қызу жұмыс жасап жатырмын. Онымен шектеліп қана қоймай идеяларды жүзеге асырып жатырмыз. Жастарға арналған жобалар бар, жеке тағы бір жобам бітуге аз қалды. Құдай қаласа өздеріңіз көріп, бағасын беретін күн алыс емес деп білемін.
        Барша арман-мақсаттарыңыз орындала берсін. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.
        Әумин, айтқаныңыз келсін! Сіздерге де алғыс білдіремін!