Қазақ жастары тобықты не үшін жұтқан?
жеке
блог

Қазақ жастары тобықты не үшін жұтқан?

Қай халықтықтың болсын өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық менталитеті болады. Бұл нышандардың барлығы сол халықпен бірге жасасып, қатпар тарихына өткенінен із қалдырады. Сол халықпен жасасып келе жатқан дәстүрлердің барлығы дерлік заман ағымымен күресе алады дей алмаймыз. Кейбірі бүгінінен жойылып кетсе, енді бірі кешегісінен қайта түленеді. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дегендей заман ағымынан сол ұлттық дәстүрлердің барлығы жаңғыра алмайды. Біздің халықтың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Сондай ежелгі дәстүрлердің бірі – «тобық жұту».

Қазақ халқының ежелгі дәстүрінде «тобық жұту» ырымы болған. Ежелден бар дәстүрді көбінесе балалар мен жастар пайдаланған. Олар көбінесе тобықты мақтаныш сезімін білдіру үшін жұтқан. Бір-бірімен серттесіп, тілеушілік ниет білдіріп, мықты азамат болсам дегендей пайым түсінік қалыптастырған. Арагідік үлкендер де балаларына жұтқызатын болған. Тобық жұту арқылы баланың немесе жастардың келешегі айқындалып, өмірдегі жолына арман-мақсат түзеген. Екінші бір мәселе – тобық жұта отырып, іштей тілек тілеп, соның орындалуына сенген.  

Қазақ халқының салт-дәстүрін жүйелі зерттеген ғалым, этнограф Биқұмар Кәмалашұлы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабында «Баланың тобық жұтуы деген ежелден келе жатқан ырым екенін» айта келіп, қазақтың дәстүрінде қалыптасқан ғұрыптың тілекшілік ниетте орындалатынын айтады. 

«Онда «мені сондай болдыр», яғни «мені сондай адам болдырып, денемнің сол жерінен шық» деп тілеушілік болмақ. Қазақта «жұтылған тобық адамның денесінің дәл сол жерінен шығады-мыс» дейтін наным сенім бар. Өмірде жұтқан тобығының денесінің дәл сол жерінен шыққанын көргендер аз. Кейбіреулер денесіне пайда болған кішкене сүйек тектес, томпиған жерді «осы жұтқан тобығым болса мағат жоқ» десіп жатады» деп көрсетеді белгілі этнограф ғалым Б. Кәмалашұлы.  

Ежелден бар дәстүрдің шарты бойынша тобықты жұтушы жас адам жұтар алдында:

Батыр болсам – жүрегімнен шық,

Балуан болсам – білегімнен шық,

Шешен болсам – таңдайымнан шық,

Шебер болсам – қолымнан шық,

Жүйрік болсам – табанымнан шық,

Бақытты болсам – маңдайымнан шық, – деп серттесіп барып жұтады. Халық ұғымында тобық қасиетіне қарай әлгі адамның айтқан жерінен шығады деген түсінік болған. Бұл тілектер тобықты жұтардан бұрын айтылады. Халық түсінігінде тобықты жұтқан адамдардың бәрінің айтқаны бойынша шыға бермейді. Дәстүрдің жалпы жастар үшін, балалар үшін басты мақсаты келешекке үміттендіру, жақсы адам болуға ұмтылу болмақ.  

Тобыққа «қоян тобығы» таңдалып алынған. Бір жағынан қоянның тобығы кішкентай, шеміршексіз келген. Жұтуға да ыңғайлы болған. Төрт түлік малдың ішінде түйенің тобығын жұту мүмкін емес болған. Бірақ кейбір деректерде «түйенің тобығын» жұтып, нар тәуекелге барған батырлар болған. Мұндай батырлар туралы өз заманында кеш, яки ерте туған деп жатады.