Туған күніңмен, Бауырым!

Туған күніңмен, Бауырым!
жеке
блог

Бүгін соңымнан ерген жалғыз інім Жалынның туған күні. Ол өмірге келген күн тұп-тура 21 жыл өтсе де, бейне бір кеше ғана болғандай санамда әлі жаңғырып тұр. Анамыздың айы-күні жетіп аудан орталығына кеткелі тұрғанда "мама, маған бауыр керек. Ұл бөпе әкелші" дедім. Әпкем "жоқ маған үй жинауға көмектесетін қыз бөпе әкел" деп "заказ" берді. Көктем келіп күн қызи бастаған. Таңнан кешке дейін ойын қуамын. Бір күні біздің қасымызға арнайы келген әжемнен үйінде бұрандалы телефоны бар көршіміз сүйінші сұрағанын құлағым шалып қалып қатты қуандым. Бұл мамырдың 8-і болатын. Бірақ әкем құжатта туған күнін 9-ы деп көрсетіпті.

Ал енді үйге келіп болсашы. Тезірек әлгі бөпені көруім керек. "Ұл босанды" дегенді естіп алып мұрын мүлде делдиді. Білмеймін қанша күн өткенін, әйтеуір бір түс мезгілінде ауылдың шетінде тұратын бізге бөпені әкеле жатқан қызыл жигули алыстан бірінші болып көрінді. Сөйтіп бұған дейін  көрмеген, әлі де бейтаныс туған ініммен беті басым шаң-шаң, сатпақ боп алғашқылардың бірі болып қауыштым. Шыны керек оның жылағаны алғашында жүйкемді жұқартты. Кейін өсе келе бізбен қатарлы балалармен ойнаймын деп қиғылық салып менен таяқ жейтін. Сөйтіп жүріп ержетті, Аллаға шүкір! 7 сынып бітіргеннен кейін Алматыдағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына әкелуге ықпал еттім. Өнер академиясының музыкалық дарама бөліміне өз күшімен оқуға түсті. Биыл өзі таңдаған мамандығы бойынша оқуын аяқтап, диплом алады. Өмірдегі ең қиын да қызықты өнер жолын таңдап алған інімнің бүгінгі туған күнімен құттықтап, ақ тілегімді білдіргім келді. Өмірің қуаныштардан ғана тұрсын, шығармашылығыңа тек қана ақ жол тілеймін, бауырым! Қазақ эстрадасына жаңадан қосылған V-Alem тобының кеңінен танылуына аянбай еңбек ет! Сол еңбегің жана берсін!