"Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем!.."
жеке
блог

"Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем!.."

“АНА” жайында әр кезде айтылып келеді және айтыла береді де. Әлемде миллиондаған аналар бар. Олардың әрқайсысы ерекше, әрі қайталанбайтын жан, бірақ солардың барлығына ортақ нәрсе – ананың балаға деген махаббаты. Қандай ана болмасын көкейінде балаға деген көзге көрінбейтін  ыстық сезімі жалындап тұрады. Ана  сөзі ұлтқа, дінге бөлінбейді. Ана ол қақаған аязды Сібірде де,  аптаған ыстық Африкада да ана болып қала береді. Себебі оның сәбиіне деген сезіміне ештеңе де қарсы тұра алмайды. Осы орайда Төлеген Айбергеновтің теңдессіз мына шумағы ойға оралады:             Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,
                                               Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
                                               Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
                                               Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

Ана деген 3-ақ әріптен тұратын қасиетті сөз... Шығармамды дәл осылай бастаушы едім.  Кішкене кезімде ана туралы шығарма жазу кезекті тапсырмалардың бірі болса, қазір есейіп, ананың шын мәнісінде ең қадірлі жан екенін түсінгендеймін. Сондықтан болар, осы жолы  ана жайында шығарма жазғанда ерекше толқып отырмын. Ең жақын, ең сүйікті жан туралы шығарма жазу неге қиын болды екен дейтін шығарсыздар. Себебі менің өз  анама деген құрметімді, бар сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Әрдайым шыбын жаны қалмай, «Суық күнде тоңбады ма деп, әлде жолы болмады ма деп, жалғызсырап қалмады ма деп, мені ойлап қам жеп жүретін» көңіл- күйімнің жоғалғанын да ең алдымен  сезетін, әрдайым жігерлендіріп, өз кеңесін беретін де жалғыз жан -ол  анам. Ол екеуміздің арамыздағы махаббат - өзге бір бөлек дүние. Осы күні  Махаббат дегенде бір жақты ойлайтын көпшілік ананың балаға деген махаббатын біле ме екен? Қайтсе де, тек ана ғана бізді 9 ай құрсағында,  өмір бойы жүрегінде әлпештеп өтеді емес пе?

Әр адам барлық ізгі қасиеттерді бала кезінен бойына сіңіреді. Себебі балалық шақ – тылсым әлем. Ол шақтан өткеннен кейін кім болмасын қайта оралғысы келеді, қазіргі уақытта үлкен кісілердің балалық шақты аңсайтынын жиі естимін. Солардың барлығы дерлік ол кезді  ананың құшағы үшін, әкенің арқасында еш уайымсыз өткен күндер үшін армандайды емес пе?.. Алайда уақыт өткінші, балалықтың   есігі бір жабылса, оны қайта ашатын кілт те, сиқыршы да жоқ...

Біз сәби кезімізден бастап-ақ анамызға көзге көрінбейтін жіппен байланамыз. Мен өзімнің сәби кезімді есіме алсам, анам көзден таса бола қалса жылайтыным есімде. Одан бір елі алшақтамайтынмын, ұйқыға жатар кезде де анам кетіп қалады деген үрей билейтін бойымды. Көзімді аша сала да ең алғаш іздейтін иіс- аяулы жанның  ерекше  иісі. Ең дауылды, ең қараңғы күнді да жарық ететін анамның келбеті. Бала үшін ананың тілегі, ананың жүрегі, ананың махаббаты, ыстық құшағынан қасиетті нәрсе жоқ. Ең жарық күннің нұры да ананың шапағатымен теңесе алмайды. Шариғатта айтылғандай, анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да оның алдындағы титтей де парызыңды өтей алмайсың. Оның сен үшін ағарған әр тал шашы алтынға пара-пар.

Әр ана баласын жақсылыққа тәрбиелейді. Өмірдің соққан дауылды желінен, тағдырдың ойлы-қырлы соқпағынан жеңілмей өтуді үйретеді. Адалдықтың сырын түсіндіру де нағыз аналардың ісі. Аяулы аналардың арқасында ару қыздар мен арыстандай ұлдар Отанымыздың перзенттері болып өсіп жатыр.

 Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Қазіргі әлемдегі тепе-теңдік пен бейбітшілік аналарымыздың арқасында сақтаулы.  ...Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген — әйел. қазақ мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!- деп Мұхтар Әуезов айтқандай, бала бар білімді,  бойындағы бар қасиетті анадан алады, ананың көңілі тоқ болса, бала да өз елінің мүддесіне қызмет етуге аянбайды, сондықтан да мемлекет тарапынан жалғыз басты аналарға, көп балалы аналарға тиісти дәрежеде көмек көрсетіліп жатқаны игі іс. 

 Бес саусақ бірдей болмайды, әрине. қазіргі жаңалықтардан көрсетіп жатқандай опасыз аналардың да бары жасырын емес. Баласын тағдырдың  тәлкегіне тастап, күнәға батып жатқандардың саны аз болса екен. Өткен жылы өз облысымызда орын алған сұмдық оқиғаның қайталанбауын тілер едім.

Одан бөлек, қарттар үйінде немере қызығын тамашалаудың орнына кәріліктің азабын жалғыздықта тартып жатқан аналар қаншама.  Осы кезде жаным шарқ ұрад. Жақсылығын асырып, жаманын жасырып, қанаттыға қақтырмай өсірген анаға осылай жауап қататындарға Төлеген Айбергеновше айтарым:    Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
                                               Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
                                               Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
                                               Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.

Қазір  мен білімгермін, аса ересек атана қоймасам да ес білгелі балалықты жиыстырып, әр қимылымды ойланып барып жасайтын  кезім келді. Есейген сайын  анам  да әрдайым жөн сілтеп, өмір жайында өз білгенін айтады. Ал мен өз кезегімде оның әрбір сөзін есте сақтауға тырысамын. Себебі ана не айтпаса да өз баласына жаман болсын демейді. Кейде түсінбестіктер де туып жатады, алайда мен анамды ренжітпеу үшін еш аянбаймын.

 Ананың жүрегі өте нәзік болады емес пе,көп нәрсеге алаңдап жүріп, шаршап-шалдығатын кездері де болады. Осындай кезде анамның қолынан ұстап тұрып :

 Ана Сен бақыттысың, Жыламағың! Жай түсіп жатқанда да құламадың Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның Сондықтан жыламағың, жыламағың! Бармын ғой Тірімін ғой, Қасындамын. Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын. Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағың, Байырғы берекеңді қашырмағың. Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа Өзім кепіл тот басып, тозбасыма. Екі жыр жазсам саған бірін арнап «Ана» деп жаздым ылғи сөз басына. (Тәңірім кеше көрсін кесірімді) Аспанға жазсам сенің есіміңді!!! Ана, Сен бақыттысың, тербете бер Құба талдан иілген бесігімді…- деп ақиық ақынның өлеңімен  жұбатуға тырысамын.

 АНА жайында том-том дастандар мен көлемді шығармалар жазылса да, ана мен бала арасындағы байланысты толықтай айтып жеткізе алмады, алайда Фариза Оңғарсынованың  анаға арнаған мына өлеңі жүректерді тебірентпей қоймайды:
Кеудеңде мені тербеттің, жас шыбық енді көктеді.
Мінеки мен де ер жеттім, еңбегің бекер кетпеді.
Өмірде мынау ең жақын, аяулым сенсің, анашым!
Болмаса мейлі зор даңқың, мен үшін бірақ данасың.
Мейірім төккен нұр жүзің тұрғандай сезем жанымда.
“Адал бол, - деуші ең, - жұлдызым”, сақталды сөзің жадымда.
“Игі еңбек түбі осы-ау” дер көргендер жеміс ағашын.
Қартаймай, мәңгі жасай бер мәңгілік Күндей, анашым!-

Иә, анашым, Сенің бақытты қартайған шағыңның кілті өз қолымда, сондықтан алаңсыз ұйықта, жан анам! Әлі-ақ биікке самғайды баптағаның!