Веронадағы МАХАББАТ хикаясы

Веронадағы МАХАББАТ хикаясы
жеке
блог

Өмірі таусылмайтын қым-қуат тіршілік, көштен қалмайын деп бәселестікке ұмтылу тағысын тағысы күнделікті күйбеңге кісендеп, руханият дейтін мөлдір әлемге бір сәтке болса да бұрылуға мүмкіндік бермей жататыны жасырын емес. Таңның атуы мен күннің батуын аңдыған тірлігімізге қарап қынжылатынымыз да бар кейде. Оның үстіне толассыз тасқынмен келіп жатқан ақпараттар  санамызға сызат салмай тұрмайды. Осындайда әрбір ойлы жан жүрек тыныштығын іздеп, аласұрып жататыны анық. Әркімде болатын жағдай. Ал, енді осыдан шығар жол қайсы?!

         Өнер саласы ішінде театрдың орны қашан да бөлек. Театр – өмірлік сұрақтарға жауап іздейтін, адамның санасы мен рухын қозғайтын өнер. Театр бағзыдан адам баласының ішкі айнасының қызметін атқарып келеді. Киімілгіштен басталатын мәдениет ордасы сан алуан тағдырлар тоғысып жататын сахнаға шақырады да тұрады. Ақ пен қара, бақ пен нала алысып жататын қым-қуыт та кіршіксіз әлемге қызыға да, қызғана да қарайсың. Түмен түрлі талқыға түсіп, табанымыз тозғанда, көңіліміз елегізгенде, театр дейтін тамашаны талғажау ететініміз бар.

Театр – рухани азық алатын, көңіл түкпірінде жасырынып жатқұан барлық түйткілдерді бір сәтке ұмыттырып, өнердің құдіретінен ләззат алып сергіп қалатын рухани орда. Аптасына кемінде бір рет театрға барып, спектакль тамашалағанды қатты ұнататыным да сондықтан. Көптен бері әйгілі У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын көруді жоспарлап жүр едім. Жақында сол ойымды жүзуге асырып, санамды мәдени тұрғыдан сергітудің сәті түсті. Қазақ театрының әлемдік дең­гейдегі пьесаны қоюы мені қатты қуантты.

Тақырыпқа сай безендірілген сахна көрермендерге оқиғаның ортасында отырғандай әсер етті.  Пәк махаббат пен іңкәр  сезімнің нәзіктігі де спектакльде анық  бейнеленеді. Сахна да сол заманға сәйкестендіріліп безендіріліпті. Қоюшы режиссер классикалық туындыны сахналамас бұрын жан-жақты ізденіп, көрермен жүрегіне жол табуға тырысқаны байқалады.

Ғашықтар оқиғасының соншалықты қайғылы болғанына қарамастан, қойылым барысында кейде жымиып, кейде күліп отырған сәттер де болғанын жасырмаймын.

Спектакльден Джульеттаның психологиялық өсуі, ерке шолжаң қыздан, махаббатқа лайық көрікті бойжеткенге, одан сол махаббаты үшін құрбандыққа бара алатын аяулы кейіпкерге айналғандағы ішкі трансформациясын көреміз. Италия көшелерінің  шат-шадыман көңіл-күйі, таң шапағының нәзіктігі мен өлім сахналарының драматизмі – бәрі де асқан шеберлікпен  көрсетілген.

У.Шекспирдің бұл трагедиясы өмірде бірге болсақ деп қол ұстасып, тағдырдың тек жақсылығын көруге ұмтылған қос ғашық жайында. Қыз бен жігіттің адал махаббат жолындағы күресі тарихтың ақ таңдақ беттерінде сайрап жатыр.

Капулетти мен Монтекки әулетінің ежелден келе жатқан жауластығы... Ромео мен Меркуционың адал достығы... Бәрін айтта бірін айт,  жаяу адам жатып қарайтын, атты адам түсіп қарайтын көрікті қыз Джульеттаның  бір көргеннен маздап тұтанған Ромеоға деген ғашықтық сезімі, екі жастың адал махаббаты баяндалатын туынды маған терең ой салғаны рас.
Бірнеше ғасырлық тарихы бар Шекспирдің бұл шығармасы шоқтығы биік туынды деуге болады. Спектакльді көру барысында махаббат деген қасиетті ұғымның қанды оқиғаға айналуының куәсі болдық. Қойылым адам бойындағы менмендік, пендешілік сынды қасиеттерді жан-жақты ашуға тырысқан.  

Ромеоның ролін – Мерей Мұхтарұлы, Джульеттаны – Ләйлә Тілеуова, Тибальтті – Жасұлан Байсалбеков, Бенволионы – Елжан Тұрыс, Меркуционы – Еркебұлан Дайыров, күтушіні –  Гульнар Жакупова ойнады. Лоренцоны сомдаған тума  Бекжан Тұрыстың актерлік шеберлігіне баға берудің өзі артық. Тума талант дерсіз.

 Спектакль басталғанда залда ине шаншар жер болмады. Актерлердің шеберліктерінде ешқандай мін жоқ. Қойылым сөзсіз жоғары деңгейде қойылды. Бірінші актіден кейінгі антракт арасында  көрерменнің ешқайсы үйіне кетіп қалмай, екінші бөлімін көруге қалуы – соның айқын дәлелі.

P.S.  М. Әуезов атындағы академиялық драма театры өзіне жүктелген міндеттерін абыроймен орындап, уақыт талабына, талғам деңгейіне, заман ағымына сай қызметтерін жалғастырып, қаланың мәдени ірі орталыққа айналуына үлестерін қосып келеді. 

Егілдік...езілдік... сезіндік... Ойлы қойылымға келген көрермен ішінде көкейіне салмақты ой түймей кеткені жоқ деп нық сеніммен айтуға болады. Меніңше, театр өз мақсатына жетті. Киелі өнер ордасының негізгі көздегені де  –  адамның «рухани моншасына айналу»,  жүрегін тазарту.  Сөз соңында, театр ұжымының еңбегіне табыс, шығармашылықтарына шарықтау тілеймін! Әрқашан көрермендеріңіздің ерекше ықылысына бөлене бергейсіздер, өнер тарландары деген ізгі лебізімді жеткізгім келеді.

 

                                                                         Назира БУРХАНОВА