Сен ұмытқан ұстазың...

Сен ұмытқан ұстазың...
жеке
блог

Ауылың қай жақта сенің? Менің ауылым қырда…

Дәл осы жерде тұрып, тауға қарасаң, ақ қарды жамылып тұрған көк алыпты көресің. Көзімді жұмған бойда, бірер сәт бұрынғы әлгі алыптың ағы аспанға көтеріліп, өзі қоңырайып, аласарып, түйіршіктеніп, барханды тауға айналды. Тоқсан градусқа айналып, бұрылғанымда көк шатырлы 20 шақты үйі бар ауыл көрінді. Қысқа жолды білетін сияқтымын. Өзге дүниеге өткен адамдардың үйіне айналған мұнаралардың қасына жақындай келе, екі тіземе ақырын отырып, алақан жайып, зиярат еттім. Басымды көтергенде өзімнің ескі үйімді бірден таптым: интернат.

Бұл күні ғимарат іші бос, тыныш еді. Жаңадан әктелген қабырғаларды сипап, сыныпқа қарай келемін. Екінші қатардың үшінші партасына отырдым. Есікке қарағагымда мектептің алғашқы жылы есіме түсті.

***

Бұл мектепте бірінші сыныпта оқитын бар-жоғы екі-ақ класс бар. Біздің мұғалімнен гөрі "б" класының ұстазы жақсы еді. Бүгін де мұғаліміміз сабағына кешігіп жатыр. Мен бөлмеден шығып, "б" сыныбының сабағына көз тастамақ болдым. Есік жартылай ашық екен, тамаша, сығалап қарасаң, ешкім байқамауы керек. Мұғалім әліппенің бетін ватман қағазға тұтастай көшіріп, үлкейтіп салып, әріптерді ежіктеп жаттатып жатыр екен. Оқушылардың бәрі мұқият тыңдап отыр. Қызығып тұрмын, неге бізге ұстаздық етпейді екен?

***

Расында, тамаша мұғалім еді. Тек сол жылы ғана емес, өзінің мамандығы бойынша биология сабағына да әртүрлі көрнекі құралдарды құрастырып, түнімен сабақ жоспарын дайындап, балаларды баулитын ерекше әдістерді ойластырып келетін. Дайыны да, дайын емесі де қолын көтеріп, сабақ айтуға құмар еді.

Орнымнан тұрып, ғимараттың келесі шетіне беттедім. Асығыссыз жүріп келе жатқанымда, қасымнан он-он екі жасар үш бала зу етіп өтті.

***

Қоңыр көйлектегі қыз бауына шалынып, құлап түсті. Түскі үзілістен қайтып келе жатқан ұстаз балаларды тоқтатып, әлгі қызды тұрғызып, үстін қағып, көз жасын қалта орамалымен сүртті. Қызарып, тығыларға жер таба алмай тұрған үшеуді шақырып: достық – үлкен ауылды қала ететін қасиет, бір-біріңе қамқор болсаңдар, адамгершілігі мол, жүрегі таза азамат болып ер жетесіңдер, – деп қызды үшеулеп сүйетіп, медбикеге жөнелтті. Бірақ ол бөлмеге жетпей-ақ кішкентайдың шынтағындағы жараның сыздауы басылған еді.

***

Өзінің қалай тоқтап қалғанын енді аңғарып, жымиып, шынтағымды сипадым. Дәл осы жерден оңға бұрылғаннан кейінгі екінші бөлме мен үшін ерекше ыстық еді. Есікті итеріп, жаңарған кереует пен терезені байқадым. Алайда бұл жерде оннан астам бөлме иесі ауысқанымен, әр адамның қалдырып кеткен белгісі бар еді. Менің де жасырып кеткен қалташам еденнің астында әлі де бар. Қалташаның шаңын түсіріп, ашып, ішіндегі нәрсені алып шыққанда сан түрлі естеліктер жағаға соғылған толқындай есіме келді.

***

Мына жапырақ қағаз – сүйікті ұстазымыздың әр демалыс сайын ұйымдастырып тұратын волейбол сайысында иеленген мақтау қағазы. Мынау әдемі ағаш тарақ – біздің тәртіп пен эстетикаға баулыған алғашқы нәрсе еді. Интернатымызға басшылық еткен де әлгі ұстазымыз. Қыздарға тазалық пен денсаулыққа ерекше қарауды үйретіп, өзі қадағалайтын. Бәрімізге тарақтар сыйлап, күн сайын таңертең және кешке шашты тарап, әдемілеп өріп қоюға және таза ұстауға дағдыландырған-ды. Интернат оқушыларына қыздың қылықты, сауатты және тәртіпті, ал ердің тәрбиелі, ер мінезді және епті болуы керектігін сөзбен ғана емес, іспен көрсетіп, тәртіпке баулытатын. Балаларға оқу жағынан қатал болғанымен, демалысында ойнатып, спортпен айналысуға себепкер болған сол кісі еді. Сол кезде бұл ұстаздық ерліктің себебі жайлы ойланбаған едік, қазіргі күнде  мұғалімдік әрекеттің сан түрлісіне куәгер болған соң, әлгі ағайымыздың тәрбиесіне басымды иемін. Интернат оқушыларына ерекше қамқор болып, ата-ананың орнын басып, адамгершілікке баулыған, өмірге деген құштарлықты көбейтіп, азаматтық қасиеттерін бойға сіңіруге көмектесті.

***

Қалташаны сөмкеме салып, терезеге жақындадым. Ауладағы орындықта сұр костюм шалбар киінген, самайының шашы ағарған кісі отыр. Сол бетке қараған есікке ұмтылдым. Есік дауыстап ашылғанда әлгі кісі маған қарай басын бұрды. Кезінде қою қара болған шашы ағарып, қастың үстіне түсіп тұр. Жымия келгенде көзінің айналасына жеті ондықтың даналығын жинаған әжім де көрінді. Қанша жыл өтсе де, Сайлаубай ағайымның көзінен айқын көрінетін қамқорлық пен әкелік уайымды танымас па едім?Ұстазым да мені танығандай орнынан тұрды. Маған қарай ақырындап келе жатты.

Бүгін ол кісінің туған күні. Ағайым жетпіс жасына келіп отыр. Мен қаладағы қызметімнен сұранып, ұшаққа отырып, ауылыма келіп отырмын. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге әріптен бұрын, дұрыс сөйлеуді үйреткен, қаншама жігітті жасөспірімдік шағында тәртіпті сақтап, ерлік мінезді сіңіріп, үлгілі әке, азамат болуды үйреткен, соншама қыз балаға нәзіктік, қамқорлық пен оқуға құштарлыққа баулып, адам еткен шебер ұстаздың жетпіс жылдық мерейтойына еш құрмет білдірмеген, еңбегіне алғыс айтатын медальмен марапатталмағаны қалайша? Жетпісінші-сексенінші жылдары қазіргідей озық технология мүлде жоқ, оқу әдістемелік құралдар қат кезде оқу материалдарын тауып, жоғын өзі көрнекілеп, балаларға қызықты етіп, дайындайтын ұстаз ол кезде саусақпен санарлықтай, ал біздің ауылда тіпті жалғыз жарым еді. Адами қасиетті қырық жыл бойына әр шәкірттің бойына қондырған мұғалімге деген сыяпатты ұмытқаны қалайша?

Көз жасымды лезде сүртіп, ұстазыма қарай беттедім. Қырық жылдан астам қажымас еңбектің еленбегенін бұл кісі байқамаған да, күтпеген де секілді. Дүниеге, лауазымға, даңққа құмар емес адам үшін мұндай құбылыстар елес пе екен?


Сайлаубай Амантұрлыұлы Қараев – Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Тұрыш ауылының «Сам мектебінде» 1970-жылдардан бастап жалықпай ұстаздық еткен, мектеп-интернатқа басшылық еткен және өмір бойы биология пәнінің мұғалімі болған ардақты ұстаз. Бір қыз бен бес ұлдың асқар таудай әкесі. Бірнеше ғасырлық тарихы бар ауылдың және жапырағы кеңге жайылған әулеттің басшысы, үлкені және ақылшысы. Шағын ауылдағы кішкентай мектептің сақталып қалуына, көркеюіне, білім сапасының жоғары болуына алғаш мұрындық болған еңбекқор ұстаз.

Амантурлин Қалдан (інісі) мен отбасымен бірге

Қараев Сайлаубай жұбайы мен қыздары, немере және келіндерімен бірге