Балалық шақтан бір естелік

Балалық шақтан бір естелік
жеке
блог

Көп пәтерлі біздің үйде өзге ұлттың өкілдері тұратын. Барлығымыз өте тату болдық. Біз ол кезде төртінші қабатта тұратынбыз. Балконымыз аса үлкен болмаса да, өз дүниелерімізді қоятынбыз. Бірінші қабаттың 21-пәтерінде орыс көршілеріміз тұратын. Үлкен қарт апалары, екі ұлдары бар шағын отбасы. Олардың балкондары жоқ болатын. 

Бір күні кіші ұлдары Слава үлкен қорапты алып, біздің үйге келді. Бар бұйымтайы сол қорапты балконға шығару. Мамам рұқсатын беріп, Слава қорабын балконға қойды. Ішінен дәу бірдеңені шығарды. Қарасам, шошқаның басы екен. Мұндай дәу басты шошқаны өмірімде көрмегенмін. Таң қалдым. Не керек, Слава қорабын қойып, үйіне кетті. Ал маған ермек табылды. 

Күні бойы терезеден сол шошқаның басына қараймын. Көзі жұмылып тұр. Терісіне қарап, оның ысталғанын аңғаруға болады. Әке-шешем менің соны бақылап тұрғанымды байқап, күлкіге бөленетін. Мен аң-таңмын. Мен-бала орыстардың шошқа етін жейтінін түсінбей тұрмын ғой. Кейін білдім ғой. 

Екі-үш күн өткен соң, Слава келіп "ермегімді" алып кетті. Сол шошқаның басы әлі де көз алдымда. Шошқа туралы естісем, сол көрініс есіме түседі.