Енді не болмақ

Енді не болмақ
жеке
блог

          Заман...Қоғам...Адам...Заман дейміз, қоғам дейміз, адам дейміз, бұрынғы қоғам надан дейміз? Мұнымен не айтқымыз келеді?.. Заманды да, қоғамды да өзгертетін – адам. Барлық нәрсе құдай жаратқан пенденің қолында. «Заман мен қоғамды өзгертетін адам қандай болуы керек?»-деген сұрақ туындайды. Меніңше, саналы болу керек.

        Қазіргі қоғам адамы қандай? Көпке топырақ шашпайын, алайда, осы қоғамның басым бөлігі – санасыз жандар. Бүгінгі таңдағы қоғам санасыздық дағдарысында.

        Қазақ елі қаншама қиын кездерді басынан өткерді. Сұрапыл соғысты, аяусыз аштықты, экономикалық дағдарысты – бәрін көрді, бірге болды, шыдады, жеңді. Бірақ санасыздық дағдарысын әлі жеңе алмай келеді. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, қыздары қылықты, ұлдары ұлықты қасқыр мінезді қазақтың ертеңгі жағдайы енді не болмақ?

        Неге санасыздық дағдарысы? Егер елдің ертеңі болар жастар санасыз болмаса, қыздар ақылсыз болмаса бесіктегі бала далада, есіктегі ересек бала жетімдер үйінде, еңкейген кәрілер қарттар үйін паналамас еді.

       «Жерде жетім жыласа, әуеде періште тітіркенеді»,-дейміз де, періштені де тітіркендірер әрекет жасаймыз. Жетімдер үйіндегі қара көздердің саны күн санап арта түспесе, кеміп жатырған жоқ. Жәудіреген жанарымен жаныңды ауыртар жетімдердің жағдайы енді не болмақ?

        «Қарты бар үйдің қазынасы бар»,- дейміз, ал біз күннен-күнге қазынамызды шашып, сарқып жатырмыз. Әкеміздің жанын, анамыздың жүрегін ауыртып жатырғанымызды байқамаймыз, байқасақ та елемейміз.   «Әрі Раббың Өзінен басқа ешкімге құлшылық етпеулеріңді және ата-анаға жақсылықты ықыласпен жасауларыңды бұйырды. Егер сенің қасыңда олардың біреуіне не екеуіне де кәрілік жетсе, оларға «Туһ» деме (көңіл толмаушылық) әрі оларға зекіме және оларға жылы сөз сөйле.

        Әрі оларға мейіріммен кішірейе қанатыңды иіп: «Раббым! Мені кішкентайдан бағып, тәрбиелеп өсіргендеріндей оларға мейірім ет»,-деп айтылған құранда. Дегенмен құрандағы құндылықты да қадірлемейміз. Перзентіміздің қызығын көреміз деп отырғанда кері кеткен қылығын көріп отырған қарттар үйіндегі қариялардың жағдайы енді не болмақ?

        Тастанды бала тағдыры, көкек ана қылығы, ақылсыз бала амалы енді не болмақ? Санасыздықтан туындайтын санада сайрар сансыз сұрақтардың шешімі енді не болмақ? Бұл сұрақты туындататын мәселе жетерлік. Ал шешіміне келгенде тағы да ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?