Эстафета. Мен ұсынатын үш кітап

Эстафета. Мен ұсынатын үш кітап
жеке
блог

Порталымызда кітаптарға арналған эстафета болған жоқ. Сондықтан сүйікті кітаптарымызға арналған эстафета бастауды жөн көрдім. Өзіңізге ұнаған үш кітапты оқуға ұсынасыз. Және олар несімен ұнады, қысқаша жазып кетсеңіз. Ал кеттік.

Маргарет Митчелл «Желмен ғайып болғандар» («Унесенные ветром»).

«Ертең… Бәрін де ертең ойланамын!»
Скарлетт О’Хара

Бұл кітапты алғаш 17-18 жастарымда оқыдым ғой деймін. Сол кездері осы батыл қыздың мінезіне аса тәнті болған едім. Оның бойындағы батырлық, бірбеткейлік, қаталдық, махаббаты үшін дүниені төңкеріп жібере алатындай қасиеті – әрбір қыздың бойында жігерлік тудыртатыны сөзсіз. Америкадағы Азаматтық соғыс кезінде сүйікті әкесінен, анасынан, туған жерінен айрылып, кейін бәрін қайта қалпына келтіруге қолынан келгеннің бәрін жасайды. Көптеген істерге сүйіктісі Эшлиды қайтару үшін істегенімен оның бойында үлкен рух бар – жеріне, тіліне, қоғамына деген сүйіспеншілік. Менің ойымша дәл Скарлеттей емес, бірақ тым болмаса 20 пайыз осындай жігерлік әрбір арудың бойынан табылу керек деп ойлаймын. Екі томдық кітап. Кейін Маргарет Митчелл қайтыс болып, «Скарлетт» деген екі томдықты Александра Риплей деген жазушы жазған екен. Оны да оқыдым. Бірақ автор ауысқаннан кейін жанр да біраз өзгеріп кеткен сияқты болды.

Шыңғыс Айтматов «Қызыл орамалды шынарым» («Тополек мой, в красной косынке»)

«Қош бол, Әсел! Қош бол, менің шынарым! Бақытты бол!»

Жалпы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы керемет. Алайда осы повестін өте жақсы көремін. Көптеген адамдар өзінің жанындағы бақытты көре, түсіне бермейді. «Алтынның қадірін жоғалтқанда білерсің» дегендей, кейіпкеріміз асылын жоғалтқан соң ғана санын аһ ұрып, өкінішке батады. Өмірдің бір кезеңдері бізге сынақ келеді деп жатады. Мен ойлаймын да осы шын ба деп. Кейбір кездері берекелі отбасына қандай да бір кедергілер келіп, аяқ асты күл-талқан етуге себепкер болады. Сондықтан әрбір іске үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп ойлаймын. «Қирата салу оңай, ал оны қайта жинау – қиынның қиыны».

Сессилия Ахерн «P.S. Мен сені сүйемін» («P.S. I love you»)

Менің ойымша осы туынды Сессилияның ең үздік туындысы, әрі адамдардың көңілінен шыққан кітап. Ең сүйікті адамнан бір мезетте айрылудың қандай қасірет екенін біреу – білсе, біреу – білмейді. Сол кездегі жүректің сыздап ауырғаны, өмірдің қап-қараңғы түнекке айналып, ендігі шығатын жол жоқ сияқты утопияға айналуы. Біреулер осындай күйде біраз жылдар шыға алмай жүреді.

Сүйіктісінен айрылған адамға ең бірінші үміт керек. Болашаққа батыл қадам, жақсылыққа сену.  Махаббаттан опа жеп, қайғырған жандар үшін кітап ұнайды деп ойлаймын.

Барлық кітаптарды Интернеттен (Google-дан) іздеп, түсіріп алуға болады. Бірақ орысша…

 

Эстафета жалғасын Жанат Ахметовке беремін. Және блоггерлерге өтініш:

Эстафета берерден бұрын сол адамға эстафета беретіндігіңізді хабардар етіңіз. Егер ол келіссе ғана беріңіз.

Сосын эстафета қабылдаған адам 2 күн ішінде жазуға тырысу керек. Жаза алмай жатқан бойда басқа адамға беретінін хабардар етсе. Рахмет!