Сыпайы жүргізуші - Алматы полициясы 2:1

Сыпайы жүргізуші - Алматы полициясы 2:1
жеке
блог

Өз басым құзырлы органдардың біліксіздігін көрсетіп, бүкіл құрылымын жамандайтын адам емеспін. Жағдайға байланысты бағамдау керек деп есептеймін. Бірақ кеше бір қызық (әлде шыжық) жағдай болды.

Motor.kz сайтының (автомобилистерге арналған сайт) оқырманы бір жүргізушіге жол беремін деп, жол полицейлерінен сын естіп қалғаны жайлы хабарлады. Сөйтсек, сыпайы жүргізуші Алматыда бағдаршамның жасыл түсіне үлгермейтінін біліп, қиылысқа 10-20 метр қалғанда тұрақтан шыға алмай тұрған көлікке жол берген ғой. Артында тұрған қызметтік көліктегі полицейлер оған "Сузуки, бүгін жүретін түрің бар ма, жоқ па?" дейді. Бұл өз кезегінде бағдаршамға үлгермегендіктен тұрақта тұрған жүргізушіге жол бергісі келгенін түсіндіре бастайды. Сонда әлгі полицейлер "Сен не, Қызыл кресттенсің бе?" деп мұқатады. (Қызыл крест - гуманизм, бауырмалдық және ақысыз көмек идеялары мен принциптерін орнықтыруға күш салатын ізгілік қоғамы). Осылайша көлікке жол бергені үшін солай мұқату мемлекеттік қызметшінің әрекеті болып отыр. Осы жағдайдың видеосын көргеннен кейін әлеуметтік желі қолданушылары біржақты жамандап, пікір білдіре бастады. Ал қайырымды жүргізушіге риза болысты.

Сонымен, видеосы міне:

Осыдан кейін қалалық ІІД өкілдері Tengrinews.kz сайтына бұл оқиғаның мүлдем басқаша болғанын сендіргісі келіп, пікір білдірді. Олар ІІД Әкімшілік полиция басқармасының мамандандырылған батальоны экипажы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарып жүргенін және полиция қызметкерлерінің назарына Қонаев көшесінің шығысында Suzuki маркалы көлік түскенін, оның жүргізушісі жолдың ортасында қажеттілік болмаса да, тоқтап, автотұрақтан шығып жатқан көліктерге жол бере бастағанын айтады. "Айта кетерлігі, жарияланған видео толық емес, ол үзіліп қалған, автор монтаж арқылы өзі жол беріп жатқан төртінші көлікті көрсеткен", - деді полиция өкілдері.

Бұдан кейін "Дені дұрыс адам көшенің қақ ортасында артында кептеліс жасап, төрт бірдей көлікке жол бере ме?" деп ойлайтыны анық. Осылайша, полицейлердің бұл ісі жөн екен дестік, алайда кекетіп, мұқату арқылы ескерту жасаудың қалайда дұрыс еместігі белгілі. Іс осымен бітті деп ойланғанбыз. Бітпепті...

Әлгі сыпайы жүргізуші бір көліктен басқа ешкімге де жол бермегенін, қасақана кептеліс туғызбағанын дәлелдейтін видеосын жолдап, полицейлерге "мат қойды". Видеода ол шын мәнінде тұрақтан өзі шығып келе жатып, әлгі қиылысқа келген тұста бір ғана көлікке жол берген.

Міне, сонымен, сыпайы жүргізуші мен полицияның "матчы" 2:1 есебімен аяқталды. Енді полиция реванш алып, камбэк жасай ма деп, попкорнымызды алып, тағы да елеңдеп отырған жайымыз бар.

Әзілді қойсақ, бұл жерде расында да полицейлердің жолдағы өктемдігі, әркімге бір дыбыс зорайтқышпен "Сузуки, бұрыл!", "Мерседес, тоқта!" деп бұйырып жүретінін байқаймыз. Асылы әдеп нормасы бойынша полицей сізге әрдайым "сіз" деуі керек. Екіншіден, кекету-мұқату, тіпті көңілге тимейтін әзіл айтудың да өз орны болады. Үшіншіден, мұндай жол полицейлері неге осындай маңызды мемлекеттік органның атына кір келтіреді?