жеке
блог

"Жаужүрек мың бала" фильмінің қазақтілді ресми промо-бетіне шолу

Келер аптада, мамырдың үші күні прокатқа шығатын "Жаужүрек мың бала" - Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы осы жылы қолға алған ең ауқымды жоба. Он сегізінші ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысының тек бір ғана қыры туралы әңгімелейтін туынды ә деп басталғаннан-ақ қоғамның назарына ілінді. 200 адамды таңдау үшін жарияланған кастингке 22 мыңнан астам үміткердің келуі осыны байқатады.

"Қазақфильм" киностудиясы мен Киностан ресурсы бірлесе отырып "Жаужүрек мың баланың" қазақ тіліндегі ресми промо-бетін жүргізуді бастады. Фильм, түсіруші топ, туралы жалпы ақпарат, қазақ және орыс тілдеріндегі трейлерлер, түсірілім алаңынан суреттер, фильмнен кадрлар, сондай-ақ жаңалықтар мен рецензиялар mynbala.kinostan.kz сайтында жарияланып тұрады.

Ал әзірге осы уақытқа дейін "Жаужүрек мың баланың" басынан өткен жаңалықтармен таныса отырайық.

"Жаужүрек мың бала» — биылғы жылдың басты кино оқиғасы" жарияланымы жалпы фильмге қатысты қызықты мәліметтерді қамтиды. Киностудия ұсынған ақпаратпен қатар, тарих бетінде із қалдырған, халық арасында аңыз болып айтылып жүрген мың бала жасағы туралы деректер келтіріледі, Сартай батырдың тарихта алар рөлі сөз болады.

Ал, 26 сәуір күні "Mega Alma-ata" сауда орталығында өткен "Жаужүрек мың баланың" баспасөз көрсетіліміне қатысты ауқымды ақпарат "Жаужүрек мың бала» фильмі 2012 жылы қазақстандық кино саласына сенсация әкеледі" материалында берілген. "Қазақфильм" киностудиясының президенті Ермек Аманшаев, режиссер Ақан Сатаев, кеңесші Мәмбет Қойгелді секілді фильмнің қалыптасуына тікелей қатысқан тұлғалардың сөздері қызықты мәліметтерге толы. Продюсер Әлия Увальжанова туындының халықаралық прокатқа шығуына байланысты тың ақпарат жеткізді.

«Жаужүрек мың бала» фильмінің бас актерларынан қысқа сұхбат та оқырманның оң бағасын алады деп ойлаймыз. Сартайды сомдаған Асылхан Төлепов, Қорланды ойнаған Құралай Анарбекова, Таймастың бейнесін көрерменге жеткізген Аян Өтепберген өздерінің әсерлерімен бөліседі, трюктар жайлы әңгімелейді, болашақ жобалар туралы сөз қозғайды.

Жеке өзіме туындының қоюшы операторы Хасан Қыдырғалиевтан алынған сұхбат ұнады. Ұзақ жылдар бойы қазақстандық киноның қалыптасуына үлес қосып келе жатқан маман "Жаужүрек мың баланы" түсіру барысында қандай кедергілер болғаны, компьютерлік графика, актерлардың киімі мен декорациялар және табиғат панорамалары туралы айтады.

"Жаужүрек мың бала" промо-беті алдағы уақытта да фильм туралы тың ақпараттар беріп отырмақ.

Суреттерді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұсынды.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

ДАЯШЫ ҚЫЗ
ДАЯШЫ ҚЫЗ
Ана мен бала жағдайы
Ана мен бала жағдайы
РОБИНЗОННЫҢ ПРОТОТИПІ КІМ?
РОБИНЗОННЫҢ ПРОТОТИПІ КІМ?