Отбасы бақыты деген осы емес пе!

Отбасы бақыты деген осы емес пе!
жеке
блог

Ол өзі он балалы отбасынан шыққаннан болар бір арманы шаңырақ құрып, дүниеге көп бала әкеліп, бәрімен бірге бауырмалдығы мен сыйластығы жарасып бір үйде тұру болды...

         Жаратқанға мың шүкір, қазіргі уақытта зайыбымен бұл арманына қол жеткізіп,  немере, шөбере сүйіп отыр. Советжан ақсақал мен жұбайы Валиада алты қыз, төрт ұлды өмірге әкелді. Бір қызығы, бүгінде бір ұядан ұшқан балалары Самат, Роза, Зумрат, Марат, Болаты Астананың Бауыржан Момышұлы даңғылының бойында тұрады. Қыздары Зухра мен Гүлден де өз отбасыларымен астаналықтар.  

Бұл отабсының қай баласымен тілдессеңіз де өздерінің туған жері Марқакөл өңірінің сұлу табиғатын бір айтпай кетпейді. Табиғатпен тілдесіп өскен олардың балалық шағы Марқакөл өзеніне жақын маңдағы тау етегінде екі жағынан таудан бастау алған Тасқайың өзені аққан жерде тұрды. Қыстың сақылдаған сары аязында да бұл өзеннің қатпайтындығы ғажап еді. Үйдің айналасы орман болғандықтан тиін, қоян, бұлғын, ақкіс (ақ тышқан) балаларға «қонаққа кеп» тұратыны да қызық. ...Бірде табиғатқа шыққан отбасы жабайы аюды да кезіктіреді. Қауіп төндірген азулы аң шулаған балалардың дауысынан үркіп, қалың ағашқа сіңіп кетіпті... Иә, Оекеновтердің балалық шағы осындай жаныңды елітердей әсем табиғат аясында өткен екен.

         Советжан Нұратсалықұлы бала тәрбиесінде бауырмал бол, ұстазды құрметте, адал еңбек ет, спортпен айналысуды басты ұстаным етіп алды.   

Бұл отбасында Рамазан айындағы ауыз ашарға шақыру дәстүрі ұзақ жылдар бойы сақталып келеді. Әулеттің бар жаны ораза ұстайтындықтан бәрі кезектесіп бір-бірін ифтарға шақырады. Және де осындай дәстүр әр баланың туылған күніне де қатысты. Бұндай бас қосуда бәріне ұнайтын тағамдар қолдан пісіріледі. Осындай кезде келіндер бар ықыласымен ас даярлап туыстарының көңілінен шығуға тырысып жатады.

         Мараттың келіншегі Ақмарал – мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Келін боп түскенде енесі Валиада апамыз «жамандықты отбасыңа әкелме, үйдегіні сыртқа шығарма» деген бір ауыз ақылын айтыпты. Одан бері өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қазақ аналарының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өшпес өнегесін көрсетіп келеді.

Иә, тәрбиесінде адал еңбек туралы көп айтылатын отбасының Зумраты «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісінің иегері. Бұл, сөзсіз, Советжан ақсақал тәрбиесінің жемісі дейміз. Ұстазға құрмет көрсетуде де Оекеновтер айналасына үлгі бола білді. Олар ешқашан ұстаздарымен қарым-қатынастарын үзген емес. Шәкірттік борышымен шынайы қадірлеп, қонаққа шақырып, аман-саулықтарын білісіп тұрады.

Ағаның төрт ұлы да - Тілеухан мен Самат, Марат та, Болат та еркін күреспен шұғылданып жақсы көрсеткіштерге ие болды. Ал немерелері Айнұрдың домбыра тарқанынан, Байсылханның волейбол ойыны, Теміржанның облыстық сайыстағы грек-рим күресінен жеңісі, бәрі-бәрінен өз балаларына берген тәрбиенің сабақтастығы байқалып тұрады.  

Осы отбасындағы жақсы дәстүрдің бірі Советжан ақсақалдың немерелеріне шахмат үйретуі. Қарашаңырақта олардың арасындағы ең мықты шахматшыны анықтайтын турнир де ұйымдастырылып тұрады. Ағамыз бұл дәстүрден жалыққан да, ауытқыған да емес.

 Биыл Советжан ақсақал мен Валиада апайдың шаңырақ құрғанына елу жыл толып отыр. Тату-тәтті, сыйластыққа толы жарты ғасыр! ...Бес уақыт намазын қаза қылмаған осы әулет иелері алдағы уақытта қажылық парыздарын өтеуді жоспарлап отыр. 

 

       Материал Қазақстан Республикасының дін істері және азаматтық қоғам Министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша дайындалған