Ғалияның асқақ әлемі
жеке
блог

Ғалияның асқақ әлемі

Жауқазындай бүр ашқан, өнер гүлі Ғалияның жеке орындауындағы әнін тыңдап көрсеңіз... Дауысындағы тембрі адамға жағымды, сондай келісті. Әсем сазында ән өнеріне деген ыстық ықылас барын естіген адам бірден сезеді.

 2002 жылы Тараз қаласында дүниеге келген қызымыз қазір 15 жаста. Ол 11 жасынан бастап сахна төрінде ән айтады. Өз өнерін кеш білгендіктен бәлкім. Әйтпесе, оған дейінгі мерзімін би билеумен өткізбес еді ғой. 4 жыл ішінде бірталай баспалдақтарды басқан Ғалия, "Жырлайды жүрек" , "Ғұмырдария", "Жетісу жұлдыздары ", "Жарқын болашақ" "Тәуелсіздік-тұғырым" байқауларынан жүлделі орындар алған. Қалалық, аудандық іс-шаралардың белсенді өнерпазы ол – болашақта нағыз өнер иесі болғысы келеді. Дәл қазір, Алматы облысы, Іле ауданы, Тұрғамбек Қатаев атындағы №22 мектептің 9-сынып оқушысы. Келесі жылы, бұйыртса Ж.Елебеков колледжінің студенті атансам деген ниетте.

Өмірде де, өнерде де пысық қыз, сахна төрінде жанып кетеді. Әрдайым көңілді жүреді. Вокал мен домбыраны меңгеріп жүрген қызымыз сабағын да жақсы оқиды. Үй шаруасына да епті. Бос уақытында қолөнермен айналысады. 5 жасынан басталған биді де қатар алып жүреді.Сондықтан Ғалияның бос уақыты жоқ десе де болады. Отбасындағы 4 баланың тұңғышы Ғалия, артына ерген 3 інісін жанындай жақсы көреді. Оларға үлгі болсам екен дейді. Көп балалы отбасында тәрбиеленгесін сыйластық пен ынтымақтастықты берік ұстанады. Ақ әженің тәрбиесін көрген Ғалия, салт-дәстүрді жақсы біледі. Оның жүрегі кең. Ол мектебі мен ауданының жұлдызы. Алла берген қабілетінің арқасында жастайынан жанып тұрған талант. Оны барлығы "болатын бала" дейді. Ол нәзіктікке бай. Көп нәрсені білуге құштар. Ізденімпаз. Ұстазы Сағындықова Майраны ерекше жақсы көреді. Оны мақтан тұтады. Дос-құрбылары Ғалияны бірбеткейлігі мен шыншылдығы үшін жақсы көреді. Той-томалақтарға жиі шығып ән айтады. Сол себепті сахнада өзін еркін ұстайды. "Елдің алдында да, бірқатар танымал тұлғалардың алдында да ән айттым. Менің әр жеңісім, әр адамның маған берген тілек-батасы мені қанаттандырады" дейді досымыз. Әншілердің ішінен Мөлдір Әуелбекованы пір тұтады. Барынша ұқсап баққысы келеді. "Бұл әлі бастамасы ғана. Өнер сахнасына өрлеудегі алғашқы қадамдарым. Болашақта,ерік жігерім мен бір жаратушының қалауымен биікке өрлей бермекпін. Тірі кезімде, бойымда ынта-бейіл , қабілет-қарымта бар кезінде мен төмен құлдырамақ емеспін. Мен еңселейтін белестер әлі алда" деп өз-өзіне рух беріп отырады. Осындай қаны қызу, жігері биік өрендерімізді көріп біз де алға ұмтылсақ екен. Ал Ғалияға өскеніңде ел көрсін дейміз.