Сайқал қала сағыңды сындырмасын

Сайқал қала сағыңды сындырмасын
жеке
блог

Шынымды айтсам, Алматыға арман қуып келгем жоқ. Қызығы бар, шыжығы бар – дүрбелең дүниеге кірігіп кеткім келген де жоқ. Ауылды қимай, алаң сәттерді де бастан өткердік. Жаға жайлауға көшкенде есі барлар елін табушы еді, мен меңіреу даланың кеңдігінен жалыққандай болдым-ау деймін, тықыршып кеткен кезім. (Өліп бара жатқандай).

«Сайран» деген сылқым елді көргенде бірден қайтып кеткім келді. Бозбалалық желік те жоқ емес. Шайыр-көңіл шабытына мініп ап ҚазҰУ деген «инемен құдық қазғандардың» отанына алып келді ғой. Содан не керек, тыраштанып жүріп төрт жылды өткердік. «Ыстүдэнт» боп, «декан ағай» деп үргендерді де көрдік. Ақылы кем біреу ме дерсің. Деканның ныспы емес екенін білмей не жосықпен мұнда келе қалғанына қайранмын. Қолтық-құрбылардың бірнеше типіне де жолықтық. «Сен тұр, мен атайын» емес. «Қоя сал, өзі атсын». Содан «әдебиет деген не?» деп сұрақ қояды бір кісі. Жындының сұрағына жынданбай-ақ, «білмеймін» дей салдық. Салғанымыз сол, шашы шарқ ұрып, 220 вольт тоқ ұрғандай қалшылдасын. Сарт та сұрт, айғай мен ащы тіл. «Мен сені оқу орнынан кетірем!» деп әуреленді-ай. Іші әбден пысқан, жаһанды жауыр көріп жалыққан екен. Сол жүз ұрып кеткелі үздігіп басылған біздің демді айтсаңшы.

Сосын қаланың адамдарымен танысу басталды. Бірінен бірі ақылды, бірінен бірі асқан боп көрінген. Басында. Бабын тауып, басұрмандардың біразын көре алдық. Күндіз жолбарысша ақырып, түнде мысықша мияулайтын, «өз аулының құйрығы қайқы иттері» ғана екен. Мияулайтын иттер. Біздің ауылдың қаһарлы жігіттеріндей емес. Әркімге әрқалай шығар енді, шатағым жоқ.

Ауылға қайтқым келді бірде. Туған жерді сағынғаннан, қарапайымдылықты аңсаған соң «амалсыз» көркем әдебиетке ден қойдым. Ауыл адамдарын Оралханнан тапсам, адам психологиясын Мұхтардан (екеуі де), сүю мен күюді Сәбиттен, Мұқағалиден, Жұматайдан, даналық пен даралықты Ғабиттен, Әбіштен алдым. Солай, ауылым – жастығымның астында болды. Ендігісін ел көрер, біз көрерміз...

Алматы... Бұл қаланың бір магниті бар сияқты. Кете алмайсың ғой, рас қой. Неге екенін білмеймін. Мен үшін үлкен жұмбақ. Сайқал қала сағымызды сындырмасын тек.

 

Не айтқым келгенін ұмытып қалдым. Уақытыңызды алғаным үшін ренжімеңіз...

 

Сурет www.voxpopuli.kz сайтынан.