Жүректер үндестігінен туындаған сұлулық

Жүректер үндестігінен туындаған сұлулық
жеке
блог

   Үстіміздегі жылы 28-қазанда «Астана» Ұлттық сурет галереясында ҚР Дизайнерлер Одағының мүшелері, Орал қаласынан шыққан «Women Art Дизайн» шығармашылық ұжымының «Жүректер үндестігі» атты көрмесі салтанатты түрде ашылды. Көрменің мақсаты – Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерін ұлттық және әлемдік деңгейде насихаттау және дамыту, жастарға рухани - эстетикалық тұрғыда тәрбие беру  болып табылады.

    Қазақстанның заманауи суретшілерінің арасында өзіндік ерекше орны бар, еңбектері өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген бұл ұжымның жемісті еңбек етіп келе  жатқанына биыл 16 жыл толып отыр. Алексеева Раиса, Брике Наталья және Ермекқалиева Марина – Қазақстан Республикасы Дизайнерлер Одағының мүшелері. Бұл авторлық ұжым көптеген соны шығармашылық идеяларды жүзеге асырумен қатар, дизайнерлік жобалар мен картиналарды бірлесіп жасайды.

   Көрмеге Қазақстанның өнері мен мәдениетін жаңғырту негізінде жасалған ұлттық сәндік-қолданбалы өнер және дизайн туындылары, гобелендер мен картиналар топтамалары қойылған. Туындылардың тақырыптары да алуан түрлі. Олардың әрқайсысының өз мәні бар және әрбіреуі Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын бейнелейтін сәулет, киіз басу, зергерлік және қыш-құмыра өнерлерінің жауһарлары болып табылады. Бұл – ұлттық дәстүрлерді, қазақ халқының ғасырлық даналығы мен озық шеберлігін үйлестірген былғары, киіз өнімдері және гобелендер сипатында орындалған дүниелер.

   Шығармашылық ұжым республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып, көптеген дипломдар мен сертификаттарды иеленген. Ұжымның декорациялық панно мен суреттері Қазақстан, Ресей, Франция, Англия, Италия және басқа да 30-дан аса шет елдердің мемлекеттік және жеке коллекцияларында өз орнын тапқан. Тіпті кейбір туындылар еліміздің атынан шетелдік жоғары мәртебелі қонақтарға кәдесый ретінде де ұсынылып жүр.

 presidents

  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обаманың Сеул қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында өткен кездесуі. 2016 жылғы 26 наурыз. 

  Мәселен, Сеул қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обама кездескен болатын. Осы кездесу барысында Елбасымыз Барак Обамаға ұлттық нақышта шебер жасалған тұмарды сыйлап, аталмыш кәдесый алдағы сайлауда сәттілік алып келсін деп тілек айтқан болатын. 

   Негізінен, шығармашылық ұжымның еңбектері келесі бағыттарды қамтиды: 

   Тұмарлар:

tumar

  Шеберлер қазақ халқының дүниетанымында өзіндік мән-мазмұны бар бұйымдардан ұлттық қолөнердің керемет туындыларын жасап шығарған.  Бұл туындылар кез келген үй немесе кеңсе төрінің көркін келтіріп тұрары анық. Әр тұмарды орындау барысында студияның суретшілері мен декораторлары былғарымен жұмыс жасай отырып, оларға өздерінің жан жылуы мен ой қуатын әбден сіңіреді. Міне, сондықтан болар, тұмарлар өздерінің ерекше тартымдылығымен жүрекке жылу береді.

    VIP-суреттер ­– шығармашылық студия жасап жүрген ең үлкен әрі күрделі туындылар.

vip

    Оларды жасауда табиғи түрлі түсті былғары қолданылады. Бір қарағаннан-ақ бұл панноларға қаншама еңбек сіңірілгенін байқауға болады. Зергерге тән ыждаһаттылықпен, нәзік талғаммен жасалған композицияның барлық элементтері өмірде кездесетін кез келген заттың  түстерін, фактураларын және формаларын қайталауы мүмкін.      

    Мұндай бейнелер былғарыны өңдеу, оған пішін беру, түрлі стильдік бағыттарды бір арнаға тоғыстыру және үйлестіру әдістерін жетік меңгерген суретшілердің шеберлік деңгейінің аса жоғары болғандығының арқасында ғана қол жетеді.

        Тарихи тақырып.

tarih

    Былғары, киіз, мата – міне осы қарапайым үш материалдан біздің ата-бабаларымыз тұрмысқа қажетті заттарын жасаған. Шығармашылық ұжымның дизайнерлері мен суретшілері де өздерінің еңбектерін осы материалдардан жасайды. Былғары бетіндегі петроглифтер, бедерленген өрнектер, әшекейленген кенептер, рельефті композициялар шебер орындалған.  Мұның бәрі Қазақстан тарихының рухын, қазақтардың мәдени мұрасын береді. 

     Сақтар алтыны

sak

 

    Галереяда Қазақстан аумағында табылған Есік қорғаны жауһарларына арналған топтама да бар.  Қорғаннан табылған бұйымдарды суретшілер жоғарыда айтылғандай, дәстүрлі материал: былғары, мата, киіз қолдана отырып жасаған. Бұл бағыттағы суреттер қолданбалы-сәндік өнердің нағыз туындысына айналу үшін бірнеше шебердің ұзақ уақыт бойы ыждаһаттылықпен, асқан талғампаздықпен, нәзік сезіммен тер төгуі қажет болғанын байқау қиын емес. «Сақ алтыны» тақырыбындағы туындылар ежелгі мағыналық белгілермен қатар бүгінгі күннің көріністерін де бойында тоғыстырған.  

     Киіз 

kiiz

 

  Бұл материал Қазақстан аумағында ежелгі кезден бастап қолданылып келеді. Киізді өңдеудің ежелгі әрі заманауи әдістерін шебер үйлестіре отырып, шеберхана суретшілері өнер сүйер қауымның ерекше ықыласына ие болған көркем нақышты композициялар мен паннолар жасап жүр.

  Түкті гобелен техникасы – тоқыма бұйымдар жасаудың ежелгі әдістерінің бірі. Туынды негізін мұқият дайындау, бұйым элементтері суретін салу, алуан түсті жіптерді пайдалану арқылы олар осы бағытта керемет туындылар жасауда.

tyskiiz

   Дизайнерлердің шеберлігі қазақ халқының қолданбалы өнерінің осы түрін дәлме-дәл қайта жаңғыртуларына мүмкіндік берді. Барлық жұмыстар біздің ата-бабаларымыз қолданған технологиялары бойынша жасалады.

   Қазақстан табиғаты

nature

  Суретшілер фактуралы маталар мен түрлі түсті былғарыны шебер үйлестіру арқылы Қазақстан табиғатын өзіндік пәлсапалық зерделеуден өткізеді.    Байтақ дала, заңғар таулар, арнасынан симай аққан өзендер – бәрі мәңгілік сұлулық.  Міне осы сұлулықты шеберлер өз еңбектерінде беруге тырысқан.  

   Абстракциялық композициялар

abs

    Осы сипаттағы орындалуы және материалдардың үйлесуі жағынан күрделі туындылар жарық дүниені, қоршаған ортаны суретшінің ой - түйсігі арқылы беріледі.  Қоршаған ортаны әр адам көре біледі, бірақ кез-келген адам оны суретші тәрізді бере алмас. Олар желдің есуін, судың ағысын, табиғаттың құбылуын тек түрлі түсті былғарыны қолданып отырып қана бере білген. 

     Ендігі кезекте шығармашылық ұжымның «Астана» ұлттық сурет галереясында қойылған шығармаларының ерекше деген бірқатарына жеке тоқталсақ.

    «Әмірші» туындысы.

emir

   Композиция ортасында ақ тұлпар мінген салт атты бейнеленген. Бұл Пазырық қорғанында табылған кілемнің бір бөлігі. Біздің уақытқа дейін аман жеткен айрықша өнер туындысы б.з.д. V ғасырда жасалған көрінеді. Бейненің жалпыланған стилизациясы арқылы өктемдігі асқан жеңімпаз-әміршінің монументалды кейпі көркем айшықталған. Аттың көркем оюлы әбзелдері мен жабуы туындының салтанатты сипатын арттыра түседі.

  Сурет фонының композициялық шешімі жеңістің салтанаты сарынын күшейте түседі. Салт атты аяғының астында өрге қарай жетелеген, оюмен көмкерілген қоңыр қызыл жол жатыр. Бұл дара жол әміршіні жаңа белестер мен жеңістерге бастағандай сипат береді.

  «Жеңімпаз» туындысында ежелгі жауынгер – декоративті панноның орталық бейнесі. Оның жаужүректілігі мен қайсарлығы сесті кескіндермен шебер берілген. Шайқасқа келгендегі бірбеткейлігі мен табандылығы оның қас-қабағы мен түр-болмысынан сезіліп тұр, оның көзқарасы сұсты әрі жігер-қайратқа толы. Бұл нағыз қол бастайтын, бой қуаты мен ой қуаты туған ел тағдырына бейжай қарамайтын, атамекені үшін барын аямайтын нағыз жеңімпаз жауынгердің көзқарасы.

winner

  Картинадағы күміс фалар – б.з.д. IV ғасырда Батыс Қазақстан аумағында табылған ат әбзелінің әшекейіне жататын, қайыстан жасалған өмілдірік-құйысқанға бекітілетін металл жапсырма фрагменті бірден көзге түседі. Диск тәрізді фалар пырақ үстіндегі жауынгердің аңыздағы айдаһар – химерамен шайқасы бейнеленген. Бұл көрініс жақсылық пен жамандықтың, әлемнің бейбітсүйгіш, жарқын күштерінің зұлымдықпен күресінің нышанын білдіреді.

   Бұл екі туындыда студияның тарихи тақырыпқа арналған бағытын қамтиды.

  «Әже» атты декоративті композициясы барлық халықтар мен уақыттарда қасиетті саналатын аналық махаббат, мейірім тақырыбына арналған.  

azhe

  Туындыда сәбиді бауырына басқан әже бейнеленген. Өзіндік кескіндермен, ою-өрнектермен берілген кимешектегі әже мүсінінен мейірім, жылылық,  бақыт сезіліп тұр. Композициядағы ұлттық нақыштар туындының әсемдігін толықтыра түскендей. Композицияның жоғары жағында күмбезделген жолақ – шаңырақтың нышаны. Осылайша суретшілер шаңырақты шайқалтпай ұстап, жанұядағы бақ пен берекеге, жылылық пен шаттыққа толтыруда ананың ерен еңбегін көрсеткісі келсе керек.

  «Бүркіт» – Тәуелсіз Қазақстанның символы.

eagle

  Қазақтың байтақ даласын көмкерген бейбіт аспанда қанатын кең құлаштап ұшқан қыран құс өзіне қарасты аумақты жіті бақылап, оны дұшпанның қол сұғуынан қорғай ұшқан іспетті. 

 Қыран қанатының астынғы жағында шексіз дала кеңістігінде жүйіткіген желмен жарысқан тұлпарлар бейнеленген. Олардың қарқынын ешқандай кедергілер тоқтата алмайтын тәрізді, олардың қозғалысы алға, биікке бағытталған. Бұл көрініс жас мемлекетіміздің прогреске, дамуға деген шынайы ұмтылысын меңзегендей.

  Қазақ халқының дүниетанымында жер қастерлі де қасиетті мәнге ие.  «Жер-Ана» түскілемі осы тақырыпты өздігінше ашуға тырысады.

zher ana

  Туындыдағы Жер-Ана бейнесі жасампаздықтың, өміршеңдіктің, жылылықтың, өркендеудің және берекенің нышаны. Туындыны сомдауға таңдап алынған бояулардың бәрі осы нышанды ашуға қызмет етіп тұр. Бидай сабағы іспетті өрнектен бастау алған Жер-Ана бейнесі айналасындағы жайқалған дүниенің өзегі болып табылады.  

  Бұл туындылар ұжымның сан қырлы шығармашылығының аз ғана бөлігі. Өздеріне тән жарасымды өнерімен студия алда да ғажайып туындыларымен қуантары сөзсіз. Себебі оларға бұл істе үш ісмер арудың тілектері мен жүректерінің үндестігі шабыт береді деп сенеміз. 

 

Авторы: Досан Қаумен