Жауға шапқан арулар, немесе Амазонкалар!
жеке
блог

Жауға шапқан арулар, немесе Амазонкалар!

Қазақ қызы!.. Бұл сөздің өзі қаншама құдіреттілікке ие десеңші! Қыз бала ол болашақ ана. Одан батыр да, алып та туады. Бойына тәрбие мен тәлімді жиған, қайсарлық пен өр рухты мығымдай білген, бәрінен де ар мен намысты жоғары орынға қойып, ұлттық сана мен дәстүрден алшақтамаған, қазақилығы жұтамаған, халық дейтін тұлғаны құрдымға жібермейтін нағыз қазақ қыздары біз үшін идеал болуы тиіс!..

 Ертеде жаугершілік заманда, елдің басына күн туғанда, жанын салып, тарихымыздағы қанды шайқастарға қатысып, жер мен ел үшін қолына найзаны да, садақты да, қылышты да ұстап, ерлермен бірге жауға шапқан арулардың есімін бүгінде елеп-біліп жүрміз бе?! Олардың есімдерін жатқа айта аламыз ба?!

Арулар тек жауға қарсы бой көрсеткен жоқ. Олар ел басқара білді.Оған мысал ретінде Томирис пен Заринаны алсақ болады. Томирис – бізге тарих пәнінен белгілі. Тұмар ханша деп те аталады. Томирис ержүрек, батыр болып тәрбиеленеді. Бізге белгілі грек тарихшысы Геродоттың естелігінше, тіпті, батыр патша Кирдің өзі шайқаста Томиристің қолынан қаза табады. Томирис патшайым өз елінде бұдан кейін де талай жылдар билік етіп, қара қылды қақ жарған әділдігімен, данышпандығымен, көрегендігімен халқын талай таң қалдырады. Әрі Тұмар ханшаның есімі бүкіл Қазақ сахарасына әлі күнге дейін белгілі. Сақ заманының тағы бір ержүрек аруларының бірі – Зарина. Ол – сақ елінің басқарушысының қызы, әскери басшы Мөрмөрдың әйелі әрі ең беделді қаншайымдардың бірі болған. Тарихи қызықты мәліметтерден, сүйгені үшін қосағын құрбандыққа қиған, бірақ халқы үшін сүйіктісінен де бас тартқан сақ қызы екендігіне көз жеткіземіз. Зарина біз үшін арулардың тәңірісі де, тәкаппары да, үлгісі де болады, бола да бермек!

Айбике – Абылай ханның жау тылындағы барлаушылардың басшысы. Қол астында бірнеше барлаушы ұстаған және ұзақ жылдар "қолға түскен тұтқын күң" ретінде қонтайшы арасында күтуші болған. Әрі, қазақ елінің басшыларына құпия хабар жеткізіп отырған барлаушы болған деседі. Ол  Бұланбай дейтін балуанның әйелі болған. Айбике алғыр ойлы, ержүрек қыз болған. Қалмақ тілін жетік білген. Тарбағатай мен Алтай тауы өңірінде, Зайсан, Марқакөл алабында, күндіз де, түнде де, тұманды, боранды күндерде де адаспай жүре беретін "жер шолғыштығымен" аты шыққан екен.

Ақбикеш – көріпкел, ержүрек, батыр қыз. Есім хан жасақтарының Бұхара, Қашғар уәлаяттарына, Құба қалмақ жорықтарына көп көмектескен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, жауын осы қарауыл мұнарадан қарап тұрған. Мұнара атауы "Ақсүмбе" деп аталады.

Гауһар – Қаракерей Қабанбай батырдың сүйген жары, арғын —бәсентиін Малайсары батырдың қарындасы болған. Көптеген жорықтарға қатысып, ерлік істері ел есінде қалған. Гаухар батыр туралы ақын Бақи Әбдіқадыровтың «Гауһар батыр» деген дастаны да бар. Кеңінен білгіңіз келсе, оқып шығыңыз.

Назым – Қабанбай батыр мен Гауһар батырдан туған қаһарман қыз. Әкесімен бірге қазақ-жоңғар соғысына қатысып, отанын қорғаған. Назым қыз есімі және оның ерлігі жұртқа аңыз ретінде кең таралған.

АйтолқынАбылай ханның қызы, ХҮІІІ ғасырдағы соғыстарға қатысып, ерлік көрсеткен.

Жандәлі – Найман тайпасынан шыққан батыр қыз. Қазақ-жоңғар шайқасында ерлігімен бірге майданға шыққан.

Сапура –  Е.Пугачев соғысында аты аңызға айналған батыр қыз. Аңызда “Көктемір” “Көрінбес” деген атпен дәріптелген қаһарман қыз өзін Е.Пугачев ізбасарымын деп жариялап, азаттық көтерілісті одан әрі жалғастыруға үндеген.

Ботакөз – Есет батыр Көкіұлының қызы. Батырлығымен, батылдығымен аты аңызға айналған қаһарман қазақ қызы. Есет Көкіұлының Ақшал деген ұлы жоңғар шапқыншылығында жоғалып кетіп оның жалғыз қызы Ботагөз бауыры үшін жоңғарларға қатты кектенген екен дейді.

Бәтима — Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан қайраткер, мәмілегер. Төре тұқымынан шыққан.

Бопай – Кенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысқан қазақ қызы. Кенесарының қарындасы.

Иә, бұл батыр тұлғалы арулар!.. Қос бұрымдары оларға шайқасқа шығуына кедергі болмады. Олар адал жар, ардақты ана да бола білді. Олардың жүрегіндегі отанға деген шексіз махаббат, жауға деген өшпенділік, олардың қолына ерікті түрде қару ұстатты. Олар тек жоңғарға ғана қарсы күреске шыққан жоқ, олар патшаға қарсы көтеріліске де қатысты.Бұл тек жоңғар шапқыншылығы тұсында атқа мінген арулар. Одан кейінгі лектері бізге мәлім. Мәселен, Ұлы Отан соғысына қатысқан арулар есімі, Тәуелсіздік үшін көтеріліске шыққан, Ләззат сында аруларымыз біздің жүрегімізде мәңгі нағыз батыр қазақ қыздары болып қала бермек.Олар көп... Бірақ бізге ежелгі шапқыншылық заманындағы мәлімі осы арулар. Тарих пәніндегі ұстазымыз айтқан санаулы деректерден көңілге түйгеніміз осы. Дегенмен де, олардың есімін аңыз қып айта жүруіміз керек. Әрі осы арулардың жақсы қырларын үйренсек екен. Оларды ұмытпасақ екен деген ниетте. Достар, сіздер де тарихтың бір үзік сырын біле жүрсеңіздер.