"Районы". Ақан Сатаевтың жаңа фильмі

"Районы". Ақан Сатаевтың жаңа фильмі
жеке
блог

"Кешке үйге аман қайтамыз ба, білмеуші едік. Костюмнің жағасының астында ұшына қорғасын құйылған сым темір жүретін" немесе "Басқа аудандардың барлығы бізден қорқушы еді. Ешкім жақындамайтын" деген сияқты қайсысы шын, қайсысы ертегі екенін ажырату қиын әңгімелерді талай естіген боларсыздар. Мен де ағаларымнан көп еститінмін. Айтқандарын аузымнан сілекейім ағып тұрып тыңдап, сол бір кездердің ностальгиясына бірге кіріп кететін едім. Содан болар, өз басым "Районыды" асыға күттім. Фильм шыққан күні алғашқы сеансқа барғаным да содан.

***

Ақан Сатаевтың бұл туындысы 1987 жылдың күзінде Алматының "Театралка" атты ауданында болған оқиғаны баяндайды. Сол кездегі ел астанасына отбасымен бірге көшіп келген оныншы сынып оқушысы Арсен спорт-интернаттан кетіп, қаладағы мектептердің біріне ауысады. Алып шаһарды қанша жатырқаса да ол жаңа ортаға бейімделу үшін өзіне жат заңдылықтарға мойынұсынуға мәжбүр болады. Алайда, көп ұзамай Арсеннің ұстанымдары мен жаңа ортаның қағидалары арасында қарама-қайшылық пайда болады.

Фильмнің трейлерін қызығырақ етуге болар еді.

Фильмде Арсеннен бөлек бірнеше негізгі кейіпкер бар. Олар - Арсеннің сыныптастары Азамат пен Хабиб, сүйікті қызы Дина, районға қарайтын старшак Рашид. Сондай-ақ, оқиға желісіне жан-жақтан әсер ететін қосалқы кейіпкерлер де аз емес. Әрқайсысы мінезі мен көзқарасы жағынан әр түрлі. Бірін бірі толықтырады, біріне бірі қарсы келеді.

Болашақта әскери адам болуды армандайтын Арсеннің мінезі салмақты. Басынан сөз асырмайды, ойын тік айтады, қиын сәттерде абдырап қалу дегенді білмейді, тосын жайттарға қашанда дайын. Оның мінезі осындай болуына әкесінен ерте айырылуы (ауған соғысында қаза тапқан) әсер етсе керек.

Азамат – ұшқалақ. Райондық өмірді жаны сүйетін, райондық қағидаларға берік ол керек кезде қулығын сөзбен асырып, ал сөзін іспен дәлелдеуден тайынбайды. Жайдары мінезді Хабиб болса, жастығына байланысты қиын сәттерде өзін қалай ұстарын білмейді, старшактарды көргенде уайымға беріліп, абдырайтыны да содан болса керек.

Дина – мінезді. Райондық қағидаларды біліп қана қоймай, жақсы түсінетін қыз. Оған жігіттердің көбі жақындай бермейді. Себебі Дина – районға қарайтын старшак Рашидтің қарындасы.

Қарындасының айтуы бойынша, Рашид – өте жақсы адам. Ол – шыдамды, сөз түсінетін жігіт. Қалыптасқан саяси жүйеге іштей реніші, қарсылығы бар. Райондық қағидалармен өмір сүруді де сол реніштің әсерінен таңдаған. Десе де өз таңдауына сенімсіздігі бар секілді. 

Ол сенімсіздіктің де себебі жоқ емес. Рашидті иерархия, жоғарыдағылардың төмендегілерді, мықтылардың әлсіздерді қанауы толғандыратындай. Айналып келгенде оның таңдауы да сондай бір жүйе емес пе? Мүмкін ауқымы елдегі саяси жүйе сияқты үлкен емес шығар, бірақ соның кіші формасы екені нақ.

Жүйеге қарсы шығу қашанда қиын. Ал сол жүйенің ішінде жүрсең, оның негізін қалаушылардың қатарында болсаң, тіпті мүмкін еместей. Ол үшін үлкен қайсарлық керек, әділдікке деген ұмтылыс қажет. Рашид үшін ол қайсарлықты көрсету тым кеш. Оған шетке кетіп, тыныштықта өмір сүрген жөн. Ал кішкентайынан сол жүйенің ықпалында өскен Азамат пен Хабиб сияқты балалардың ойына қарсылық білдіру деген дүниенің келуі екіталай. Үміт бұл ортаға жаңадан бойлап келе жатқан Арсенде. Алайда Арсеннің әділдікке деген ұмтылысы қаншалықты әділ болады? Құрбандықсыз жүйе өзгермейтіні тағы бар...

Рашид - Данияр Алшынов

Актерлерге келсек. Бірінші кезекте Азаматты сомдаған Шәріп Серіктің ойыны ұнады. Бұл рөл арнайы осы жігіт үшін жазылғандай әсер қалдырды. Кино саласындағы алғашқы қадамдарын жасаған Елтерес Нұржанов (Арсен) пен Мариям Сатаева (Дина) өздеріне жүктелген рөлдерін жақсы алып шыққан. Ал өнерде бұрыннан жүрген Сануржан Сүлейменов (Хабиб) пен Данияр Алшыновтың (Рашид) шамаларына о бастан күмән болмаған еді. Олар сенімді ақтады. Бірақ әжептеуір тәжірибесі бар Жандос Айбасовтың ойынына көңіл толмады. Ол сомдаған кейіпкерді мен мүлде басқаша елестететіндіктен болар.

Ақан аға актерлермен осылай жұмыс жасаған екен.

Эпизодтарды бір кадрмен түсірген оператордың жұмысы жақсы ойластырылған. Бұл әдіс фильмге тұтастық берумен қатар, үнемі қозғалыс болуының арқасында іш пыстырмайтын қасиетке ие екен. Арасындағы камераның жерде келе жатып, аспанға ұшып кететін жері тіпті ерекше. Әлбетте, кей тұстарда орынсыз діріл мен қимылдар көзге түрпідей тиетіні бар. Десе де бұл олқылықтар жалпылай алғанда ұсақ-түйек боп қалады. Сондай-ақ, районды көрсету үшін төбеден түсірілген кадрлер ғажап шыққан. Олар сол кезеңнің атмосферасына бойлай түсуіңе әсер етеді.

Атмосфера демекші, 87-жылды жақсы жеткізе алған суретшілердің жұмысын да айта кеткен жөн болар. Ол уақытты көзбен көрмеген біз үшін нақты баға беру қиын. Алайда, суреттер мен ескі фильмдер арқылы салыстырып қарасақ, біраз күш жұмсалғаны байқалып-ақ тұр.

Фильмдегі оқиға желісі кей тұстарында "Рэкетирді" еске түсіреді, тіпті, сол "Рэкетирдің" приквелына келеді десем, қателеспеспін. Айта кетерлігі, ол туындыдағы Саян 1988 жылы оқуға тапсыратыны есте қалыпты,. Есептеп қарасақ, Арсен екеуі құрдас екен. Бұнымен қоса, Саян осы "Театралкада" тұрған. "Районыда" екі фильмнің кейіпкерлерін кездестіріп қойғанда қалай болар еді?

***

Аудан ауданға бөлініп төбелесу Алматыда әлі де бар. Бірақ ол өзінің бұл қаладағы алғаш пайда болған ортасынан, яғни қазір алып шаһардың ең тыныш аудандары болып есептелетін орталықтан, мүлде басқа жаққа ауысқан, қалпы мен түсініктерін де өзгерткен.

Фильмге қатысы жоқ. Алматы аудандарын жақсы тізіп шыққан соң салғаным ғой.

Пы/сы: Бұл менің көзқарасым. Сол себепті блогты оқысаңыз, фильм жайлы алдын-ала жақсы не жаман ой қалыптастырмаңыз. Өйткені кейін көргенде ойыңыздағыдай әсерленбей қаласыз. Мейлінше спойлер болмауға тырыстым. Сондықтан, абайсызда білгіңіз келмеген ақпаратты жеткізіп қойсам, айып етпеңіз.