Бүгініме бақыттымын

Бүгініме бақыттымын
жеке
блог

- «Мен табысты болам деп тыраштанып көрмедім. Оған ұмтылмадым да. Өз ісіңді жақсы, беріліп сапалы жасасаң, табыс өзі келеді. Сонда сені байқайды, шақырады», - деп ойымен бөлісті ҚР халық әртісі, актриса Гүлнар Досматова. Осы ұстанымынан болар, режиссерға да, көрерменге де, әріптестеріне де сүйкімді актриса 90-жылдардағы тоқырау кезеңінде де сұранысқа ие болды, талай киноға түсті. 
Бір киноға түскеннен соң жұлдыз ауруымен «ауырып қалатын» талай жастарды көріп жүрміз. Аяныштысы, олардың өзін нағыз жұлдыз санайтындығында. Гүлнар Абдоллақызының пікірінше, сапалы әрі кәсіби киноға түсу өте қиын. Ол кездесулерде жастарға қандай болса да жұмысқа үстірт қарамау мен іске адалдық туралы және жұлдыз ауруымен ауырған адам сырт көзге күлкінішті көрінетінін айтып келеді. 
Гүлнарды киноның өзі тапты. Небәрі 12 жасында пионер лагерінде жүрген жерінен режиссер А.Қарсақбаев іздеп тауып, сынап, «Бандыны қуған Хамит» фильміне Әйгерімнің ролін ойнауға алды. Көп ұзамай, 1982 жылы оны телевидение дикторлыққа шақырды. Осы кезден бастап ол көптеген түрлі жобаларға қатысты. Тумысынан қабілетті қыз арнайы оқу орнын бітірмей-ақ Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы актриса ретінде қызметке қабылдады. Мектепті альтын медальмен бітірген жас түлек 1989 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің филология факультетін бітірді. Дегенмен туабітті дарынды қыз өзін кино әлемінен тапты да, бұл салаға біржола бетбұрды. 
Г.Досматова отызға жуық фильмдерге түсіп бір-біріне ұқсамайтын рольдерді шебер ойнады. 1984 жылы «Человический фактор» фильміндегі ролі үшін XVIII-бүкілодақтық кинофестивальде ең үздік әйел ролін сомдаушы ретінде таңдалды (Минск). Бұдан кейінгі кезеңде оны «Бегущая мишень» (1991), «Сон во сне» (1992), «Кардиограмма» (1995) және де жолдасы Хуат Ахметовтің режиссерлігімен түсірілген «Человек ветер» (2007) фильмдері табысқа жеткізді. Ол 2000 жылы үздік актриса номинациясына ие болды.
«Бұл күрделі мамандықта орнықты, табанды мінез қажет. Бұл өнер сәтсіздіктерге қарсы төтеп бере алатын рухты талап етеді. Өйткені, бүгін атақты, әйгілі боп, ал ертең бәрі сені ұмытып, шақырылмай, ескерілмей жатуың да мүмкін. Осынысымен ешкімді аямайтын өнер. Бұл жолмен жүре алмаған адамдар бар. Сондықтан да бүгініме бақыттымын» - деген ойын білдірді актриса. 
Тәжірибелі шебердің осы мамандыққа барғысы келетін жастарға айтпағы бар. Ол – «киносыз өмір сүре алмаймын» деген сезім болса ғана актер, актриса болуға беліңді бу, өйтпесең жастық шағыңды босқа өткізіп, өміріңді қор қыласың деген ақылы. Одан да басқа бір саланы таңдап, әп-әсем өмір сүруге болады. Кино, актерлық бұл ортанқолдардың айналысатын кәсібі емес деп қарайтын Гүлнар бдолллақызы киноға түскенде атақ, ақша, табысқа жетуді мақсат тұтқан емес. Ол бойыңда жарып тұрған талантың болса ғана киноға кел деген ұстанымда өмір сүріп келеді. Иә, актрисаның осы ұстанымы мына оқиғадан да айқын көрінді. Қызы Айша Оразбаева Италияда, сонан соң Лондонда жоғары білім алған скрипкашы. Ол халықаралық стипендиялар иегері әрі Еуропадағы көптеген оркестрлердің концертмейстері. Отанымызда сұлу қызды 15 жасынан бастап киноға түсіруге біраз ұсыныстар болды. Режиссер Д.Өмірбаев та «Шұғаға» түсірмек болды. Айша да бұған қызықты. Бірақ анасы үзілді-кесілді қарсы болды. Кім біледі, жасөспірімнің көзқарасы өзгеріп кетсе... Дарынды музыканттың алда оқуы бар, мақсаты бар, өз таңдаған жолы бар ғой деген оймен шыр-пыр болып, рұқсат бермеді. Гүлнар ортанқол актриса шыққанынан гөрі дарынды скрипкашы, композитордың жолын жөн көрді. 
«Бізді өлтірмегеннің бәрі бізді мықты қылады» деген сөз бар ғой, мен өнер жолында аса қиындықтарды кездестіргем жоқ. Бірақ барлық бұлтарыс пен сәтсіздіктерге ылғи іштей дайын болғандықтан олардан сабақ алып, қатая түсем», - дейді ол. 
Оны көп ойландыратыны – көп режиссердың өмірлік түйгені бар, айтары бар, жан дүниесі кемелденген орта жастағы әйел образын емес, жалынды жастардың өмірі мен сезімін түсіруге әуестігі. Бұны ойлай отырып кейде өзі режиссер боп кеткісі келеді. Гүлнардың арманы әлемдік классикадан әйел ролін сомдау. Күрделі де психологизмге құрылған жақсы драматургияны іздейді, әлі де күтеді. Қашан мені ойлағанымдай рольге шақырады деп күтіп отыра беруге тағы болмайды, сондықтан да ылғи ізденіс пен қозғалыс үстінде. Ән салу, би билеу, актрисалық, тележүргізушілік – мұның бәрі бір-біріне туыс өнер деп түсінетін актриса бойындағы жан-жақты қырын осы салаларда аша білді. 
Г.Досматова қырық жылға жуық уақыттан бері қазақ киносының дамуына бойындағы талантымен атсалысып келе жатқан актриса. Бүгінде мол тәжірибе жинаған шынайы шебердің әлі де өнер жолында көрсетері көп, берері мол.