Медицинадағы жаңа бағыттың жаршысы

Медицинадағы жаңа бағыттың жаршысы
жеке
блог

Ол Ақтөбедегі медициналық университеттің травматология бөліміне оқуға түскенде нағашысы Жалмұрат сынықшы сияқты халықтың адамы болуды армандаған еді. Сол жылдарда нейрохирургия елімізде дамымаған медицина саласының бірі болды. Бірде Ақтөбеге мәскеулік нейрохирург А.Н.Коновалов келіп осы бір жаңа бағытқа қызығушылығын оятты. 
Ақшолақов Серік Қуандықұлы қазір Астанадағы «Нейрохирургия ұлттық орталығының» басшысы, Халықаралық Еуразиялық нейрохирургия Академиясының академигі, отандастарымызға белгілі топ жарған дәрігер-нейрохирург. Осы орталық ашылғанға дейін жас маман талай асулардан өтті. Жалынды жастық шағын оқуға, білім игеруге арнады. «Тек қана алға жүру, тоқтамау және қандай жеңіс пен жетістікке жетсең де мастанба, кідірме» деген өмірлік ұстанымымен ол Мәскеуге аттанды. Студент кезінде өзін шақырған А.Н.Коновалов жанында он бес жыл тәжірибе жинады, танымал ғалымның жетекшілігімен докторлық жұмысын қорғады. Ең алғашқы өзінің күрделі операциясын да Мәскеуде жасады. 
Серік Қуандықұлын табысқа жетелеген жан дүниесінің білімге деген құлшынысы. Өмірлік кәсібі осы орталықпен тығыз байланыстағы дәрігер ағаның әріптестері мен шәкірттері жаңалыққа құмар жандар. Оның соңғы жылдарда тәрбиелеген 5 ғылым докторы мен 15 ғылым кандидаты қазір әрқайсысы өз жолын тауып бұл саланың дамуына үлес қосып жүр. Сонымен қатар шетелдік танымал журналдарда 100-ге жуық ғылыми мақалалары жарияланған С.Ақшолақов 13 ғылыми монографияның авторы. 
Қазақстан медицинасының нейрохирургия саласына ол алпыстан астам операция жасаудың жаңа әдістерін енгізіп, өзі ми мен омыртқаға 5000-нан астам операция жасады. Ең бастысы, отандық операцияларға микронейрохирургияны, эндоскопиялық нейрохирургияның негіздерін енгізді және нейронавигацияны алғаш қолданысқа енгізіп, эпилепсияны жедел емдеуді хирургия тәсілімен жүзеге асырды. 
Серік Қуандықұлының ғылымдағы жетістіктеріне үнемі қолдау көрсетіп отырған жұбайы да инемен емдеудің маман дәрігері. Ерлі-зайыпты дәрігерлер үнемі білімдерін шыңдап, халыққа қызмет етуді мақсат тұтқан жандар. 
- біздің орталықта күрделі операциялар жасалады. Шынында, көп адам ауруын жасырғысы келеді. Дер кезінде алдын ала емделгеннің нәтижесі өте жақсы болатынын ескермейді. Әлі де біздің халықтың денсаулыққа көзқарасы төмендеу, - деп дәрігер көкейкесті ойымен бөлісті. 
Орталық келер жылы жаңадан келген гамманайф аппаратымен емдеуді бастауды жоспарлауда. Бұл құралғы операцияның алдын алуда өте маңызды қызмет атқарады. Дертіне дауа іздеген жанның ауруын бастапқы деңгейінде күйдіріп, жойып жіберу арқылы емдейді екен. Арнайы орталықта қазір гаммонайф аппаратымен жұмыс жасайтын мамандар дайындалуда.