АЕН-мен армандар орындалады!

АЕН-мен армандар орындалады!
жеке
блог

         Жаңа іс бастау үшін, жетістікке қол жеткізу үшін біреудің көмегі мен қолдауына сүйенудің қажеті жоқ. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген Абай атамыздың сөзі әрбір жастың жүрегіне жол тапса, жетістікке жететіндердің саны көп болары анық.

Кәсіпкерлік те, талант та жас талғамайды. Сөзіміздің дәлелі ретінде 20 жасында біраз белесті бағындырып үлгерген Еңлік Әбдіқадырды айта аламыз. Еңлік – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті, «Ана тілі аруы - 2014» байқауының жеңімпазы, «АЕН» продюсерлік орталығының директоры, «Томирис» қыздар клубының негізін қалаушы. Студент шағында-ақ болашақ бағытын анықтап, келелі істер атқарып жүрген Еңліктен жеңістері мен жемістерінің сырын  сұрап көрген едік.

        

Ұлан: Өзіңіз студентсіз, ал продюсерлік орталық ашу үшін қаражат керек. Идеяңызды жүзеге асыру жолында кімдер қолдау көрсетті?

Еңлік Әбдіқадыр: Рухани жағынан ата-анам қанаттандырды. Ал қаражат мәселесінде маған ешкім демеушілік көрсеткен емес. Азды-көпті өзім жинаған қаражатпен «тәуекел түбі – желқайық» деп армандаған ісімді қолға алып, бастап кеттім. «Үміт – ең соңғы болып өшетін шырақ» дейді ғой, үмітім үкіленген сайын, сенімім нығая түсті. Тәуекелге бел буғаныма, қаражат жағынан қиналсам да, арманымнан бас тартпағаныма қазір қуанамын.

Ұлан: «АЕН» орталығында қандай қызмет түрлері бар? Бағасы қолжетімді ме? Негізгі тұтынушыларыңыз кімдер?

Еңлік Әбдіқадыр: «АЕН» орталығының ашылғанына 3 ай уақыт қана болды. Осы аз уақыт ішінде, Аллаға шүкір, өз аудиториясын тауып үлгерді. Қазір АЕН орталығында бірнеше қызмет түрлері бар, алдағы уақытта қызмет көрсету сапасын жоғарылатып, қызмет түрлерін  көбейту мақсатында жұмыс істемекпіз. Мерекелік іс-шараның кез-келген түрін ұйымдастырамыз, болашақ журналистерге, қыздарға арналған курстар да бар, музыкалық аспаптар мектебі, фотостудиямыз және  сән орталығымыз бар. Жеке және топтық, отбасылық фотосессия жасаймыз, дыбыс жазамыз және басқа да көптеген қызмет түрлерін ұсына аламыз.  Тұтынушыларымыздың көпшілігі - жастар, студенттер мен оқушылар болғандықтан, бағасы қолжетімді, қызмет түрлері сапалы деп айта аламын.

Ұлан: Продюсерлік орталық ашу туралы ой қайдан туды? Қазіргі таңда мұндай орталықтар көптеп саналады, ал «АЕН»-нің ерекшелігі неде?

Еңлік Әбдіқадыр: «АЕН» орталығын ашу туралы ой 1 жыл бұрын туындаған еді. Алайда, продюсерлік орталық ашу оңай шаруа емес. Біраз, еңбектенуге, ойымды дамытуға жұмыс жасадым. Негізгі мақсатым – нағыз өнерпаз жастарды қолдап,  оларға қалаған үйірмелерінен сапалы білім мен тәжірибе жинау, жастарға қолжетімді бағада білім мен білік сыйлау болды. Мен бұл мақсатыды толығымен орындаған сияқтымын. Бүгінде Қазақстандағы ең арзан қызмет түрлері бізде деп сеніммен айта аламын.

Ұлан: Білуімізше, 2014 жылы ҚазҰУ-дың "Ана тілі аруы" атаныпсыз. "Ана тілі аруы" атану арқылы неге қол жеткіздім деп есептейсіз?

Еңлік Әбдіқадыр: «Ана тілі аруы» - менің арманымның бастауы еді. «Ана тілі аруы» атануым – алдағы жетістіктерімнің жолашары болды. Менің университеттегі атымды, өзіндік бейнемді қалыптастыруға үлкен септігін тигізді. Ару атануым өз-өзімді әрі қарай дамытуға жетеледі.

Ұлан: "Томирис" қыздар клубын құрғаныңыздан  хабардармыз. "Томиристің" тарихымен және бүгінгі тынысымен таныстырып берсеңіз.

Еңлік Әбдіқадыр: «Томирис» қыздар клубы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Сұңқар студенттер мен магистранттар кəсіподағы маңынан құрылған университеттегі тұңғыш қыздар клубы. Алла қаласа, «Томириске» күзде 1 жыл толады. Қыздар өздеріне қажетті 7 бағыт бойынша тәрбиеленіп, білім алады. Көптеген ғибратты тұлғалармен кездесулер, мерекелік жиындар мен концерттер өткізіп тұрамыз. «Томиристің» қыздары қазақ қызына қажетті қасиеттерді бойына сіңіру үшін еңбек етеді, білім алады, үйренеді. Оларға бесаспап болуға, түрлі тағам түрлерін әзірлеуге, шаш үлгісін, киім үлгісін таңдауға, аяулы жар, ақылды ана, инабатты келін болуға көмектесеміз.

Ұлан: Өмірлік ұраныңыз қандай? Жетістікке жетудің желкені болған не?

Еңлік Әбдіқадыр: Бала күнімнен  «Армандар орындалады» деген қанатты сөз жаныма жақын болды. «АЕН» продюсерлік орталығымның да ұраны ретінде осы сөзді алдым. Осы күнге дейін армандарыма қол жеткізіп келемін. Әрбір адам армандай білсе, арманға жету жолында нақты мақсаттар қоя білсе, сол армандарын ақиқатқа айналдыру жолында жігерлі әрекеттер жасаса, жетістікке жетудің құпиясы осында болады деп ойлаймын.

Ұлан: Әңгімеңізге рахмет! «АЕН»-мен бірге армандарыңыз орындала берсін!