Телефон: пайдасы һәм зияны.
жеке
блог

Телефон: пайдасы һәм зияны.

Адам өміріндегі смартфондардың алатын орны жайлы бәріміз білеміз. Өмірді заманауи технология жемісі: қарапайым ұялы телефондар, смартфондар, планшеттерсіз елестету мүмкін емес. Біздің смарфтондарға қарамай өткен бір күніміз де жоқ шығар. Қалт етіп, уақытымыз бола қалса, бірден телефонды шұқылай бастаймыз. Көп уақытымызды шынайы емес, виртуалды әлемде өткіземіз. Сөйтіп, адамдармен болатын коммуникациядан құр қаламыз.Бұның өзі – дерт.

Қазіргі таңда смартфондардың адам ағзасына, денсаулығына, психикасына тигізер әсері туралы ешкім жазбайды. Сіз теледидардан не болмаса радиодан «Смарфондарды ұзақ қолдану адам денсаулығына айтарлықтай зияны бар» дегенді естідіңіз бе? Мен естімеппін. Қайта ішімдік пен темекіні көп насихаттап жатқанын көріппін. Бұл да – бір кемшілік.

Әлеуметтік желілерде осы тақырыпта талай мақалалар, посттар жарияланып жатады. Олардың мазмұны: «телефонды ұзақ қолдану - денсаулыққа зиян», «телефонды ұзақ қолдансаң, көзің ауырады» және т.б. Әрине, осындайды оқыған адам ешқашан телефоннан алыстамайды. «Сол-ақ па?!» деп айтуы бек мүмкін.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі атақты ғалымдар осы тақырыпта талай баяндамалар жасаған болатын. Сол ғалымдар еңбектерінің жарыққа шықпауының бір себебі – смартфондардың сатылымдарының азаюынан қорқу. Егер адамзат телефонның осыншама тигізер жаман әсерін білетін болса, онда ол телефонды сатып алуды қояды. Ал, ол, әрине, телефон шығарушы компанияларға айтарлықтай нұқсан келтіреді. Сосын құлдырауға да ұшырауы мүмкін. «Бір жақсының артында бір жаманы болады» деген осы.

Телефонның басына және миына тарайтын толқындар

Әлбетте, бұл заманды жетілдірілген технологиясыз елестету мүмкін емес. Қоғамның қай саласында болмасын, смарфондар қажет. Жақындарыңмен, достарыңмен хабар алысып, жазысудан бөлек, қоғамдық көлікпен жүру маршрутын табуға, белгілі бір ақпараттарды фотоға түсіріп алуға және т.б. көптеген жағдайларда керек. Телефонның пайдалы жақтарын айтпасақ та бәріміз білеміз. Ал, зиянды жағын ше?!

Осылардың барлығын ескере келе, әлеуметтік желілерде осы тақырыпта жазылған мақалалар мен посттардың кемшілігін көре отырып, СМАРФОНДАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЗИЯНЫ жайлы толығырақ жазуды жөн көрдім.

Сонымен, бастайық:

-         Виртуалды әлемде көп отыратындықтан, адамдардың шынайы әлемдегі белсенділігі азая бастайды, адамдармен коммуникациясы төмендейді.

-         Ғаламторда көп отыруға деген әуестілік пайда болады.

-         Шынайы достардың азаюы көптейді.

-         Телефондарды тек көңілді көтеру үшін ғана қолдану басталады.

-         Адамның басы телефонға еңкейгендегі мүсіннің бұзылуына шалдықтырады.

-         Әлемде белең алып бара жатқан семіздіктің одан әрі ушығуы. Тамаққа тойып алып, ұзақ уақыт телефон шұқып отыру семіздікке әкеледі.

-         Көз жанарының талуы, шаршауы. Ұзақ уақыт экранға телмірген адамның көз жанары минут сайын нашарлайды. Одан соң ол катаракта, глаукома, астигматизм секілді ауруларға шалдықтырады.

-         Ұялы телефоннан тарайтын электромагниттік өрістердің адамның иммунитетіне әсері үлкен. Ол өрістер адамның миының жұмыс істеуіне, құлақтың естуіне зор нұқсан келтіреді.

-         Ұйқының қанбауы. Түнімен ұялы телефонды шұқылап шыққан адам таңертең ұйқысынан тұра алмайды. Ал, ол болса, көздің ісінуіне, иммунитеттің әлсіреуіне, күні бойы сергек жүруге кедергі келтіреді.

-         Ұялы телефондарды қуаттау кезінде ұзақ уақытқа қалдыру – түрлі кең диапазонды ауруларға шалдықтырады әрі өртке алып келуі мүмкін.

-         Телефондар тіпті аллергиялық ауруларға да шалдықтырады екен.

-         Ұялы телефонды құлағыңызға қатты жақындату әрі телефон гуілдерін тыңдау – үлкен қателік.

-         Телефондағы адам танымына, белсенділігіне әсер ететін теріс пиғылды ойындар да адамның көп зейінін алып, психикасына үлкен кері әсерін тигізеді.

-         Адам терісінің тез қартаюына да телефонды көп қолдану әсерін тигізеді. Себебі адам телефонды шұқу кезінде оны алдына қойып қараудың орнына көкірегінің тұсына қойып, телефонды ақтарады.

-         Телефонды көп қолданып, ол арқылы ұзақ сөйлесетін адамдардың бетіне көптеген безеулер шығады. Себебі телефонда унитаздағы ағызу тетігіне қарағанда 18% -ға көп бактерия болады екен.

-         Психологиялық және адами негіздерге сүйенсек, «телефонда көп отыру», смартфондарды пайдалану арқылы виртуалды әлемде өмір сүру – адамдардың арасындағы ең құнды дүние – қарым-қатынасты, коммуникацияны, сезімді, сүйіспеншілікті бұзады. Сөйтіп, бірте-бірте телефонды ақтара отырып, виртуалды достарға жақын боламын деп жүргенде, өмірдегі достардан айырылып қалады.

Міне, қарап отырсаңыздар, телефонның адамға тигізер пайдасы қалай көп болса, сол секілді зияны да айтарлықтай мол. Сондықтан да телефонды шамасына қарай және өзіңнің шамаңа қарай қолдану – бүгінгі күндегі ең күрделі мәселе. Соған қарамастан, бұл кемшілікті жою керек.

Ендігі кезекте телефонды дұрыс қолдану жайлы бір-екі кеңесті айта кетейін.

1)    Телефон арқылы көбінесе далада сөйлесуге тырысыңыз. Себебі радиотолқындар қабырғалы бөлмеде тежеліп, еркін әрі кедергісіз сөйлесуге мүмкіндік бермейді.

2)    Телефон трубкасын тікелей құлаққа тіреп сөйлеспеңіз. Себебі ол сіздің есту мүшеңізге нұқсан келтіруі бек мүмкін.

3)    Телефонды қолданған кезде трубканың астыңғы бөлігінен ұстаңыз. Себебі телефон аппаратындағы антенна оның үстіңгі бөлігінде орналасқан.

4)    Телефонды тік  тұрған күйінде қолданыңыз. Солай сіз телефонға келетін толқындарды 3 есеге дейін кемітесіз.

5)    Телефон гуілдерін (гудоктар) тыңдамаңыз. Себебі дәл сол гуілдер кезінде ұялы телефон өзінің максималды күшін пайдаланып, жұмыс істейді.

6)    SAR-ы төмен ұялы телефонды қолдануға тырысыңыз. SAR дегеніміз – электромагниттік энергия жұтылуының меншікті сыйымдылық коэффициенті. Қарапайым тілде айтсақ, салмағына қарай тоқтың жұмсалуы.

7)    Телефонды қолданғанда оны көздің бойымен және жақын қылмай ұстау керек. Сонда ғана сіздің көзіңіз де ауырмайтын болады, мойныңыз да қисаймайды.

Ал, қадірменді достар, ұялы телефон, смартфон жайлы біраз ақпарат алдңыздар деп ойлаймын. Бұл айтқан ескертпелерге құлақ асу – өз еркіңізде. Алайда, ойланыңыз! Өз өміріңіз – өз қолыңызда!

Осы жазған жазбам ұнап жатса, пікір қалдырып, ойларыңызбен бөлісесіздер деген ойдамын.

Дайындаған: Хан Абылай Өмірбай, журналистика факультетінің студенті