102 жағамды ұстатты
жеке
блог

102 жағамды ұстатты

    Мен осы уақытқа дейін 102 нөміріне қоңырау шалып көрмеппін. Өз басымнан өткен жағдай...

 23-і қыркүйек. Әдеттегі күндердің бірі еді. 9 қабатты үйдің 4-қабатында тұрамын. Кешкі сағат 20:00 шамасында ас үйде шәй ішіп отырдым. Кенеттен жаңбыр жауғандай дауыс естілді. Қарасам, дәл төбемнен су сарылдап ағуда. Бірден тоқ көзіне жалғанған құрылғыларды ажыратып, жоғарғы қабатқа көтерілдім. Жоғарғы қабатта Саша атты маскүнем азамат тұратын. Есіктегі қоңырауды бассам, Саша есікті ашар емес. Қолыммен есігін тоқылдаттым. Бір кезде есік ашылды. Ішіннен жағымсыз иіспен бірге Саша шықты. Үстінде тым болмағанда жыртық киімі де жоқ. Құрсақтан шыққан бала секілді киімсіз жүр. Араққа сылқия тойып алған. Суды өшіруін сұрасам, түсінер емес. Үйіне өзім кірдім. Кірсем, ас үйдегі суы сарылдап ағып, жердің бәрін су басқан. Сол су менің пәтеріме ағуда. Өзім суды өшіріп, өз пәтеріме түстім. 5 минут өтсе де, судың ағуы тоқтар емес. Қайтадан Сашаға жөнелдім. Суды сүртіп алуын өтініп едім, есігін жауып алды да, ашпай қойды. 

 102-ге қоңырау шалуды ұйғардым. Голливуд киноларында 911 нөміріне қоңырау шалса болғаны, қоңырау шалушының тұрған жері анықталып, лезде қажетті көмегі көрсетіледі. Біздің 102 нөмері ше? Қоңырау шалып жағамды ұстадым! Себебі 102-ге қоңырау шалсам, "автожауапбергіш" сөйлеп тұр: "Қазақ тілін таңдау үшін 1-ді басыңыз... Сізге міндетті түрде жауап беріледі, күтіңіз". Осылайша тілдесу үшін 10 минут күттім. Құдай сақтасын, егер де менің өміріме қауіп төніп, 102-ні 10 минут күтетін болсам, жағдайым мүшкіл екен. 10 минут өткен соң оператормен тілдесіп, мән-жайды түсіндірдім. Енді 30 минуттан соң операторға айтқан ұялы байланысымның нөмеріме әлде біреу хабарласты. Қоңырауды көтерсем, полиция қызметкерлері екен.

-Ермек, біз келіп тұрмыз. Сыртқа шыға аласызба?

-Иә, әрине.

Сыртқа шыққанымда жол патрульдік полициясы көлігімен 4 қызметкер келді. Екеуі амандасып, мән-жайды сұрады. Негізі қызметкерлік құжаттарын ашулы күйде көрсетіп, өздерін таныстыруы тиіс еді. Екі қызметкермен бірге Сашаның пәтеріне бардық. Полиция қызметкерлеріне есігін ашты. Бірақ оларды да тыңдайтын түрі жоқ. Екі қызметкер ары ойланып, бері ойланып маған: 

-Арыз жазыңыз, біз ертең сау кезінде келіп жұмыс жасаймыз ,- деді. Мен болсам:

-Кешіріңіз, ертең дегеніңіз қалай? Ертеңге дейін мас күйінде суды тағы да ағызып, үйімді құртады ғой,- дедім. Ары қарай да біздің диолог жалғасты.

-Енді бізге не істе дейсіз?

-Жұмыс жасауларыңызды сұраймын. Бөлімшелеріңізге алып кетіп, жауапқа тартыңыз. Керекті арызды толтырып беремін.

-Біз тектен тек жәй адамды бөлімшеге алып кете алмаймыз.

-Қалай тектен тек? Мен сіздерге көшедегі өзімен өзі жүрген адамды жауапқа тартыңыз дегенім жоқ. Сіз мына сұрақтарға жауап беріңізші? Менің пәтерім - менің жеке меншігім болып табыладыма?

-Иә

-Менің жеке меншігіме бөгде адамның зақым келтіруіне құқығы бар ма?

-Әрине, жоқ

-Ендеше, бұл құқықбұзушылық! Менің жеке меншігіме зақым келді. Құқықбұзушылық орын алған соң, мен полиция қызметкерлерін шақырдым. Ал, сіздер жұмыс жасаудан бас тартып отырсыздар, солайма?

Ендігі кезекте екінші қызметкер сөйледі:

-Бауырым, просто қазір бәрі ұйықтап жатыр. Оны алып кетіп не істейміз? Ертен келейік. Оның үстіне бұл мас. Жолда өліп қалса, не істейміз?

-Біріншіден, мен сізге "бауырым" емеспін, ҚР-ның азаматымын. Екіншіден, егер өміріне қауіптенсеңіз, жедел жәрдем қызметіне жүгініп алып кетіңіз. 

  Сәл кідіріп, арыз жазғызуды ұйғарды. Қызметтік көліктеріне бардық. Қызметкерлер арыз жазатын "бланканы" таппады. Сондықтан, түсініктеме жаздырды. Орысша нұсқаулығын айтып тұр еді, мен тек қазақша жазатынымды айттым. Бірде маған:

-Сіз юристсізба (заңгер)? - деді

-Жоқ, мен журналистпін.

Түрлері өзгергендей көрінді. Ең соңында өз дегеніме жетіп, жедел жәрдем келіп Сашаны алып кетті.

 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - полиция қызметкерлеріне күніміз қарамаса екен...