Жазғы ғылыми тағылымдамалар: аңыз немесе ақиқат?
жеке
блог

Жазғы ғылыми тағылымдамалар: аңыз немесе ақиқат?

 

Менің ғылыми жолым екінші курстың ортасында басталды. Сол кезден ғылыми жобалардың мақсаттары мен міндеттері жайлы ойландым. Осының нәтижесінде, ғылыми жұмыспен айналысу марафонға ұқсас екенін түсіндім, яғни белгілі бір нәтижелерге қол жеткізу үшін оған күнделікті уақыт бөлу керек. Кейде бір жыл, екі жыл, не одан да көп тақырып бойынша жұмыс істеп, ешқандай нәтиже таппауың мүмкін. Осыдан, ғылыми зерттеу көп еңбек пен уақытты талап ететін іс екенін көреміз. Мен Сауд Аравиясындағы король Абдулла атындағы университетте және ETH ZURIСH университетінде VSRP мен Amgen Scholars бағдарламалары бойынша 2015 және 2016 жыдардың жазын өткіздім. Сондықтан, осы блогта өзімнің ғылыми тағылымдамалар бойынша тәжірибеммен бөліскім келеді:

-          Ғылыми зерттеуді қандай саладағы қандай профессормен жасағын келетініңді нақты білу керек!

Бұл – алғашқы және ең маңызды талап. Белгілі бір бағдарламаға онлайн сауалнаманы немесе уәждемелік хатты тапсырған кезде, жұмыс істегіңіз келетін профессордың атын міндетті түрде көрсету керек. Сол профессордың және оның ғылыми тобының жобалары жайлы ізденіп, қосымша мағлұматтар жинап, неге дәл осы профессормен жұмыс жасағыңыз келетініңізді жазып, өзіңізге де осы зерттеуден болашақта қандай пайда болатынын көрсеткен абзал. Осы жазда ETH Zurich университетінде жұмыс істегенде, ETH ректоры профессор Springman-мен  және жазғы тағылымдама бағдарламасының кураторы Anders Hagstrom-пен сұхбаттасып, ғылыми тағылымдамаға студенттерді қабылдау процессі жайлы сөйлестім. Олардың сөзі бойынша, Amgen Scholars бағдарламасына осы жылы 600 студент өздерінің қызығушылықтарын білдірді. Алайда, тек 20 пайызы ғана неліктен белгілі бір профессормен ғылыми тақырып бойынша жұмыс жасағысы келетіндерінің нақты себептерін көрсетті. Студенттерді бағалап, таңдау жасау барысында сайысқа осы себептерді атаған 20 пайыз студент түседі. Осыған қоса, тек 20 студентті таңдап алу керек болғандықтан және қорытында сөзді профессордың өзі айтатындықтан, оған өз тобына көбірек қызығушылық көрсеткен және сол ғылыми саланы жақсырақ білетін студентті таңдау тиімді.

 ETH Zurich Ректормен кездесуде

-          Жоғары GPA!!!

Көбі GPA білім көрсеткіші емес дегенмен, студентті және ол оқитын университетті білмейтін комиссия үшін бұл -  өте маңызды ақпарат. Ақысыз жазғы бағдарламаларға өту үшін GPA 3.3-3.4 кем болмау керек.

-          Референс хат немесе мінездеме хат

Мінездеме хатты профессор жазғандықтан, сіз оған әсер ете алмайсыз. Алайда,  екі нәрсеге назар аудару керек. Біріншіден, мінездеме жазатын профессор сіздің зерттеу салаңыздан болу керек және оның сіздің оқудағы жетістіктеріңізді білген жөн. Әрине, осындай мінездеме сізді көптеген үміткердердің арасында ерекшелемейді. Сондықтан, сіздің мінездемеңізде сіз туралы ерекше мағлұмат немесе оқиға болу керек. Өзімнің тәжірибемнен айтатын болсам, мен ETH Zurich бағдарламасына тек өзімнің ғылыми жетекшім Брусичтің мінездемесі үшін өттім. Мен бұл мінездемені оқыған жоқпын, бірақ профессор маған мінездемеде мені ерекшелейтін мағлұматтар бар екенін айтты. Ол онда өзінің және менің өмірім туралы жазып, 35 жыл бұрын мен секілді 3-курс студенті болғаны жайлы және ол дәл мен секілді Швейцариядағы тағылымдамаға өтіп, келешекте бұл оның өмірін 180 градусқа өзгерткенін баяндады.

Бұл жазғы тағылымдамаға өту үшін негізгі үш талаптар болып табылады. Бірақ, егер сіз осы талаптарға толығымен сай болмасаңыз да, бағыңыздан сынап көруден қорықпаңыз!

Қорытындылай келсем, аталған тағылымдамалардан өту нәтижелері Гылыми Бағдарламау журналында сандық әдістер саласында ғылыми басылым және кескіндер теориясы мен биоинформатика салаларында ғылыми постер болып табылады. Ғылымның шегі мен шектеулері жоқ екеніне мен толығымен сенімдімін. Қазіргі танда, мен Назарбаев Университетінің профессоры Dongming Wei және ҚҰТЗУ-дың ғылым жағынан проректоры, профессор Орунхановпен бірге қолданбалы математика және сандық әдістер салаларында зерттеулермен айналысып жатырмын. Оған қоса, біз, НУ Медицина Мектебінің профессор Брусичпен бірге, биологиялық математика саласындағы бір жобамен айналысып жатырмыз. Біз өзімізді тек негізгі теориямен шектемей, барлық зерттеулерімізді барынша қолданбалы, практикалық қолданысы бар етуге тырысамыз. Мен, Назарбаев Университетінің Академиялық және Ғылыми Кеңесінің мүшесі ретінде, студенттердің бастамаларын университет әкімшілігінің алдында корғап, колдау көрсетіп, университеттің ғылымының даму үрдісіне өз үлесімді қосуға барынша тырысамын. Қазіргі таңда, мен өмірімді ғылыми зерттеулермен айналысуға арнауға дайынмын ба, әлі сенімді емеспін. Бірақтан, мен ғылымды таңдайтын болсам, оны өнеркәсіппен, өндіріспен және басқа да экономиканың нақты секторларымен байланыстыратың саланы тағдайтыныма сенімдімін.

 

 

 

 

 

-