Басыма бұлт үйіріле берді...

Басыма бұлт үйіріле берді...
жеке
блог

    Күнделікті жұмыс абыр-сабырымен жалғасып жатты өткен бейсенбі күні. Аудандық Ішкі істер бөлімінен қызметтік хат келді, жасөспірімдердің түнгі мезгілде көшеде жүруіне тиым салынғаны туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге байланысты ұйымдастырылған рейдке бірге шығуымды сұраған. Кешкісін жұмыстан шығып,  сағат 21.00-де басым ауырып тұрғанына қарамастан, "ұят болар бармағаным" деп, аудандық ІІБ-не қарай бет алдым. Жұмысым мен ІІБ-нің ара қашықтығы 50-60 метрдей бар болғаны, тура орталық көшенің бойында. ІІБ-нің адамдары "мына тұрған жерге көлікпен келіпті мақтаншақ" деп айтпасын деп, көлігімді жолдың бойына қойып, жаяу баруды жөн көрдім. Көлік тұрған жер жұмыстың артқы жағы, қарама-қарсы сот ғимараты, сосын ағамның үйі орналасқан. Жеңешем, есіктің алдына кіргізіп кетсеңші көлікті дегеніне, "қойыңызшы, кім тиіседі дейсің" дедім де жүре бердім. Жиналған топ жұмысымызды жүргізіп, себепсіз жүрген 17 жастағы бір баланы ІІБ-не әкелдік. Турасы ІІБ қызметкрелері, ата-анасын шақыртып өзіне табыстаймыз баланы дейді. Мен ұсталған балаға жанып ашып, жібере салайықшы, түнде ата-анасын әуре қылатын болдық деп жүрмін. Бұдан да сорақыны көрем деп ойлаппын ба?! Жұмысымызды аяқтап, түнгі 23.00 шамасында бірге барған "салауатты өмір салтын қалыптастыру" орталығының директоры мен ІІБ-нің жасөспірімдер бөлімшесінің бастығын үйлеріне жеткізіп тастайтын болдым.Екі әпкеймен беймарал көлік жаққа беттедік. Алыстан карасам көлігімнің светі жанып тұр, жүрегім дір ете қалды, бірақ олардың "сен ұмытып кеткенсің ғой өшіруді" - дегендері қобалжуды басқандай болды. Тура жанына барғанда ғана, ішінде біреудің отырғанын байқадық. "Мамаааа, қашайықшы",-деп жылағаннан басқа миыма ештеңе кірмеді сол кезде. Полицей кісі бірден іске кірісіп, әріптестеріне звондады. "Тыныш тұр, ештеңе байқатпа, ол бізді біліп тұрған жоқ көлікке келгенімізді, тыныш!" деп маған ұрыса берді. Мен болсам, "тимеңізші оған, жүріңіздерші, қашайық" деп еңіреп тұрмын. Бар ойым, ол көліктен түсіп бізді ұратын сияқты немесе қолында пышағы болса да үшеумізді жайратып салады ғой. Әріптестері келгенше дереу полицей қыз көліктің есігін ашып, "ей, нағып отырсың, бұл кімнің көлігі" деп бассалды. Ерлік - еліктей қыздың еңбегі. 

Ішіндегі отрыған адамның түрін-ай, есіме түссе шошып кетемін. Араққа сылқия тойып алған өрімдей жас жігіт. Түрінен түр жоқ. Есін білмейтін секілді. Ешқандай қарсылық көрсеткен жоқ, шамасы да жоқ бірақ, еш саспады. Полицей қыз, "жүр Нұрзия, арызыңды жаз, мынаны қаматамыз, отыр көлікке" десе, тағы жылап жүрмін "әпке екеуміз жаяу барайықшы" деп. Көлікті талқандап тастапты жын ұрғандай. Тоқтарының бәрін жұлып-жұлып, муфтасын қиратып тастапты. РОВД-ға барып, арызымды бердім да, анау бала кім, қай жақтың баласы ештеңе сұрамай РОВД қызметкрелеріне сеніп, аңқиып кете бердім. Кәдімгідей есеңгіреп қалдым, "бүйткен көлігі құрсын, енді айдамаспын" деп түнімен көз ілмей шықты. Ертесіне үйдегілер сұраса, білмеймін кім екенін Өздері айтады деп қоямын, саспастан. Бәрі қызық екенсің, сұрамайсыңба деп ренжіп жатты.

Кеше шақыртты РОВД-ға, барсам, сүмірейіп тұр әлгі жігіт. "Тәте, кешіріңізші" деп, кешірмей қайда барамын, сол үшін оны соттатып жіберуге менің жүрегім шыдамайтынын анық білемін. 

-Не үшін істедің, білесіңба не істегеніңді?

-есімді білмеймін.

-Айдап кетем деп ойладың ғой, иә?!

-Не үшін отырып алғанымды білмеймін, көлікке..

-Қалай ашып алдың оны?

-Өзі ашық тұрды

-Анық білесің ба?

-Иә, ашық болмаса мен оған қалай кіремін, өзіңіз ойлаңызшы..деп қанымды қарайтқанын қайтерсіз еще..

-Қолыңда кілт болды ғой сенің..

-Ол үйдің кілті ғой,-деп тергеуші келгенше менің сұрақтарыма күрсініп жауап беріп тұрды.

Ал, оның үйінің кілті менің көлігімнің есігін еш қиындықсыз ашып тұр. Есіктің замогына өкпелейін ба енді?! Сұрағымды жалғастырдым:

-қаншадасың?

-22

-Қайда оқыдың?

-4 сынып қана оқығанмын

-неге оқымадың?

-жағдай болмады ғой

-Әке-шешең, бауырларың бар ма?

-папам жоқ, шешем екеуміз тұрамыз.

-жұмыс істейсіңдер ма?

-жоқ, мамам да жұмыссыз

-күнде осылай арақ ішіп жүресің ба?

-жоқ, сол күні қалай Құдай ұрғанын білмеймін.

-Құжаттарың бар ма?

-жоқ, жеке куәлігім жоқ

-достарың бар ма?

-жоқ

Міне, "жоқ" дегеннен басқа мардымды жауап алу мүмкін емес, байғұс баладан. Кім кінәлі оның осындай хәлде жүруіне, Өзі ма, ештеңеге талпынбайтын. Мен оны мүсіркеп отырып, тергеушілердің зекіп жауап алғандарына оған жаным ашыды. 

-көлікті жөндетіп бере аласың ба?

-Иә

-Онда бар, жөндет, сосын жайыңа жүр дедім. Сол кеткеннен мол кетті жарықтық, кешелі бері одан хабар жоқ. Несіне жөндетеді дейсің, көрінгенге "жем" болып қала берем ба, қайдам?!

 P.S.Түптеп  келгенде өзімнің де кінәм ғой, аңқау мінезімнен ақсап жүруді қоймаймын мен ақымақ та. Жоғарыда жирный шрифтпен қойған қасиеттерім мені құрдымға жібермесе, өрге бастырмайтын сияқты))((...