Көзілдіріктілердің айласы
жеке
блог

Көзілдіріктілердің айласы

«Көз – көңілдің айнасы», «Көз – нұрдың ұясы» дейді қазақ. Ақын-жазушылар, суретшілер және т.б. шығармашыл адамдар өз туындыларында «көз» ұғымын жиі пайдаланады. Неге? Себебі көз тілдің жасырып қалған ақпаратын, сөзбен жеткізуге болмайтын сезімдерді көрсете алады. 
Қызық... Адам дүние есігін ашқан соң, өседі; бойы, мұрны, құлағы жыл өткен сайын өзгереді. Бірақ адамның бір ғана мүшесі өмірінің соңына дейін ешқандай өзгеріссіз қалады екен... Ол – көзі. Көзге өзгеріс құбылысы мүлде жат көрінетін секілді. Ғылыми тұрғыда ғана емес, жалпы... Уақыт өте келе адамның сыртқы формалары, киіну стилі, шаш үлгісі, қылықтары, айтатын сөздері басқа кейіпке енуі мүмкін, алайда бұл процесс көзді айналып өтеді. Біз – жалған дүниенің тұрғындарымыз. Сәйкесінше бізді қоршағанның барлығы дерлік жасанды: сенім, махаббат, күлкі, бақыт, имандылық, тек көзқарас емес. 
Адамның жанарына қарап, оның мейірімді/қатыгез, шынайы/жасанды, бақытты/бақытсыз екенін, тіпті өзіңіз жайлы ойын да білуге болады. Әлемдегі жаратылыстардың ішінде ит пен адам ғана көзден ақпарат іздейді екен. Көздің «әлсіздігін» психологтар, гипнозерлер, далада ақшаңды «сыпырып» әкететін «көріпкелдер», маркетологтер жән т.б. өз пайдасына асырып жүр. 
Кей біреулер (өз сыры, жасырған мұңы бар болса да) сөйлесіп отырған адамның көзіне тік әрі ұзақ қараудан қорықпайды. Бұлар – өзіне сенімділер. Сұхбат барысындағы ақпараттық акцептор саналатын адамның бұл типін алдауға ниеттену – үлкен ақымақтық. 
Адамдардың екінші типі – өздеріне сенімсіздер, біздің жағдайда ақпараттық донорлар. Өтірік сөйлеп, сенімсіз жауап беріп тұрғанын, бірдеңе жасырып тұрғанын көздері бірден жайып салады. «Ақпараттық донорлардың» көбінесе көзілдірік тағып жүретіндері содан. 
Қанша адам болса, сонша тағдыр бар дейміз. Ал ғылым қанша адам бар болса, сонша көз мөлдірінің үлгісі (радужка) бар дейді. Осы екі ұғымды ұштастырып-ақ, бұған дейін жазған көп сөздің мәнін түсінуге болады. 
Не де болса, бұл жазба - менің өз көзқарасым, менің өз ойым. Сіз не ойлайсыз?